Осы уақытқа дейін облыс әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келген Қанатбек Мәдібек Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімі негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Талас ауданының әкімі болып тағайындалды. Қанатбек Мәдібек кезінде Сарысу ауданында екі рет әкім болған тәжірибелі маман.
Ал Талас ауданының әкімі болып келген Бақыт Қазанбасов бұдан былай Байзақ ауданының әкімі қызметін атқаратын болды. Бақыт Қазанбасов та кезінде Жамбыл ауданын басқарған білікті кадр.
Осы уақытқа дейін облыстық ауылшаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының басшысы болып жұмыс істеген, соңғы кезеңде Байзақ ауданының әкімі қызметінде болған Нұржан Нұржігітов бүгіннен бастап Жамбыл облысы әкімінің орынбасары орынтағына жайғасты.
Күні бүгінге дейін аталған лауазымда қызмет атқарып келген Берік Нығмашев өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш берген болатын.
Сонымен қатар 2020 жылғы қаңтардан бастап осы күнге дейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің директоры лауазымында болған Расул Медетов облыс әкімі аппаратының басшысы болып бекітілді. Ол Президенттік жастар кадрлық резервінің құрамына енген.