Елімізде 1 ақпаннан бастап вакциналау басталғаны белгілі. 23 сәуірдегі жағдай бойынша 823 498 адам бірінші компонентпен, 132 603 адам екінші компонентпен егілді. Иммундау курсы 21 күндік интервалмен екі кезеңнен тұрады.
Вакцина алған адамдардың 0,4 пайызында болуы мүмкін реакциялар тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл мәлім етті.
«Вакцинаның бірінші компонентін салдырған созылмалы ауруы бар адамдар саны 32 314-ке жетті. Вакциналаудың толық курсын (екінші компонентін) алған осы санаттағы созылмалы ауруы бар адамдардың саны 8 397-ні құрады», деді М. Смағұл. Оның айтуынша, 60 жастан асқан адамдардың арасында иммундау курсын 121 мыңнан астам адам бастады және оның толық компонентін 8 мыңы аяқтады.
«Қазіргі кезде иммундаудан кейін күрделі қолайсыз белгілер тіркелмеді. Сонымен бірге вакцина алған адамдардың 0,4 пайызында болуы мүмкін реакциялар тіркелді, яғни температура, екпе жасаған жердің қызаруы мен ауырсынуы секілді жалпы белгілер байқалды», деді М.Смағұл.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева медицина қызметкерлері QazVac вакцинасын егу тәртібімен және нұсқаулықтармен таныстырылғанын тілге тиек етті.
«Медициналық ұйымдарға жеткізу жағдайына қарай 26 сәуірден бастау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде медицина қызметкерлерін нұсқаулықпен таныстыру жүріп жатыр. Яғни екпені салқындату режімі, оны егу тәртібі түсіндіріліп отыр», деді А.Қуатбаева.
Өз кезегінде М.Смағұл қазіргі уақытта министрлік өңірлер бойынша тиісті жұмыстарды пысықтағанын атап өтті.
«Халықтың орналасу тығыздығына байланысты 1 мыңнан 3 мыңға дейінгі доза вакцина таратылады. Яғни бұл вакцина барлық өңірде болуы керек. Ертеңнен бастап кейбір өңірлердің медициналық ұйымдары осы вакцинаны алуы мүмкін. Жалпы, дүйсенбіден бастап вакцина тиісті медициналық ұйымдарға таратылады», деді М.Смағұл.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында қазақстандық QazVac вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді. QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңіріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады.
Жиын барысында мамандар жүктілікті вакциналаудан кейін 2 ай өткен соң жоспарлауға болатынын жеткізді.
«Бұл тақырып көпті ойландырып жүргені белгілі. Қазіргі кезде вакцинаны алуды немесе жүктілікті жоспарлап отырған әйелдердің сауалына тоқталсақ, жүктілікті вакцинадан кейін 2 ай өткен соң жоспарлауға болады. Себебі ағзада толық иммунитет қалыптасады. Еріктілердің арасында жүкті әйелдердің болмауына байланысты бұл вакцинаның жүкті әйелдердің ағзасында қалай жүретіні туралы ғылыми мәліметіміз жоқ. Соған байланысты осындай шешім қабылданып отыр», деді А.Қуатбаева.
Оның айтуынша, уақыт өте келе ғылыми жұмыстардың нәтижесіне байланысты бұл бағыттағы тәсілдер өзгеруі мүмкін.