Тұрғындардың шағымы бойынша, осы мәселемен талай рет аудан, қала әкіміне шыққан кездеріміз де болды. Алайда ПИК-тердің қулықпен құрылған өз заңдарына сәйкес, әкімшіліктерге бағынбайтын. Сондықтан олардан есеп, тәртіп, тұрғын үйлердің тазалығы мен жөндеу жұмыстарын талап ету өте қиын еді. Өйткені ПИК бір мезетте көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстаудағы қызметтердің тапсырыс берушісі әрі орындаушысы болып келді.
Жыры жылдарға жалғасқан бұл жағдай да біртіндеп шешімін таба бастаған сыңайлы. Алматыда Меншік иелері бірлестігін (МИБ) басқарудың жаңа жүйесі мен қарапайым серіктестікті (ҚС) 720-дан астам үйдің тұрғындары таңдаған. Қазір өңірлердің ішінде Алматы көп пәтерлі тұрғын үйлерді ПИК-тен МИБ-ке ауыстыруда көш бастап тұр.
Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан Сейтеновтің айтуынша, ПИК-тен МИБ-тің басты ерекшелігі – тұрғындар өз үйлерін дербес басқаруға, сондай-ақ оны күрделі жөндеуге ақша жинауға мүмкіндік алады. Бұрын ПИК-тер барлық үйлерден ортақ шотқа ақша жинағанымен, шындығында оның қалай жұмсалатынын бақылау қиын еді. Мұнан былай тұрғындар қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалай алады. «Енді МИБ тапсырыс беруші болады. Бұл тұрғындардың өздері басқарушылармен және сервистік ұйымдармен, коммуналдық қызметтермен шарттарды таңдап, жасасатынын, олардың жұмысын тексеріп, орындалған жұмыстарға өз нысаны бойынша ақы төлейтінін білдіреді», дейді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
Бүгінгі таңда Алматыда 359 МИБ тіркелген және басқарудың жаңа нысаны ретінде 367 ҚС таңдалған, қала бойынша барлығы басқарудың 726 жаңа формасы бар. Спикер мегаполис тұрғындарын бұл мәселеге бастамашылық танытуға шақырды, себебі басқарудың жаңа жүйесінде артықшылықтар жетерлік.
«Басқарудың жаңа нысандары «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді және әрбір үйді басқаруда жеке тәсіл қарастырылады, үйді күтіп ұстауды қаржыландырады, ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындарға ақшаның түсуі мен оның жұмсалуын бақылау мүмкіндігімен өз үйін ғана күтіп-ұстауға қаражат жинақтауға мүмкіндік береді», деді Е.Сейтенов.
Егер ПИК бір мезгілде тапсырыс беруші және қызметтерді орындаушы ретінде болса, енді тұрғындардың өздері өздерінің МИБ/ҚС өкілі арқылы басқарушылармен және сервистік ұйымдармен, коммуналдық қызметтермен шарттарды таңдап, келісімге келеді, олардың үйінде орындалған жұмыс үшін төлейді. «ПИК алдында МИБ және ҚС-тің басты артықшылығы тұрғындар жиналған ақшаны мақсатты пайдалану бойынша Үй кеңесінен ай сайынғы есеп алу арқылы қаржы-шаруашылық қызметін бақылай алады», деп толықтырды спикер. Сонымен қатар, басқарудың жаңа формаларын (МИБ/ҚС) бастамашыл топ шақырған жиналыс кезінде таңдайды, оған пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кемінде 10%-ы кіреді. Оның өткізілуі туралы 10 күн бұрын хабарланып, шешілуі тиіс мәселелер көрсетілуі керек. Егер қандай да бір себептермен жиналыс өткізу мүмкін болмаса, жазбаша сауалдама ұйымдастырылады.
Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Е.Сейтенов МИБ немесе ҚС-ке көшу алгоритмін егжей-тегжейлі сипаттап, оларға кім кіретінін төмендегідей сипаттады. «МИБ құру үшін жалпы жиналысқа немесе сауалдамаға қатысушылардың жартысынан көбінің келісімі қажет екенін есте ұстаған жөн. Ал қарапайым серіктестік құру үшін үй тұрғындарының 100% келісімі қажет. Олардың әрқайсысы сенімхат беріп, бірлескен қызмет туралы шартқа қол қоюы тиіс», деді басқарма басшысы.
Е.Сейтенов МИБ төрағасы немесе ҚС-тің сенімді өкілі бір жылға сайланатынын хабарлады. Сонымен қатар, Үй кеңесі сайланады. Жиналыста кемінде 51% болуы керек тұрғындар кем дегенде үш пәтер иесі кіретін үй кеңесінің мүшелерін сайлауы керек. Олар үш жылға сайланады. Әрі қарай, басқарудың екі формасының бірін таңдайды: МИБ немесе ҚС. Немесе Үй кеңесіне басқару формасын таңдауға өкілеттік береді. Тіркеу нәтижелері бойынша заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама беріледі. МИБ пен ҚС екінші деңгейдегі банкте ағымдағы және жинақ шоттарын ашуы тиіс. Жалпы алғанда, МИБ, ҚС, басқарушы немесе басқарушы компанияның қызметін үйлестіруді және үйді басқару және ортақ мүлікті ұстауда ай сайынғы, жылдық есептерді қарауды Үй кеңесі жүзеге асырады. МИБ/ҚС қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды тексеру комиссиясы немесе тексеруші жүзеге асырады. Тұрғындарға жаңа жүйені түсіну қиынға соғатын сияқты. Ал бірақ іс жүзінде олай емес, деді Е.Сейтенов.
Оның айтуынша, егер тұрғындар МИБ төрағасын сайласа, онда ол сервистік ұйымдармен тікелей жұмыс істеуге, меншік иелері бірлестігінің атынан шарттар жасасуға, қызметтерге ақы төлеуге құқылы. Жиналған қаражатты Үй кеңесі бақылайды, ал барлық бақылау мен мониторинг тұрғындарға қалады. Е.Сейтеновтың айтуынша, бүгінде тұрғын үй саясаты басқармасының қызметкерлері халықпен кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Өткен жылдың өзінде 6 700 көппәтерлі тұрғын үйді қамтумен 2 400-ге жуық жиналыс өтті. Алайда, әзірге көп пәтерлі тұрғын үйлердің тек 8%-ы басқарудың жаңа нысанына көшті.
МИБ-ін тіркеудің баяу қарқынмен жүруі себептерінің бірі коронавирусқа байланысты шектеулердің әсері болуы мүмкін. Жаппай жиналыстарға тыйым салынды, бұл жағдайда ондай кеңестер тұрғындар өздерінің ортақ үйін басқару формасын таңдау туралы бірыңғай шешім қабылдауы үшін керек.
Алматыдағы эпидемиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін басқарудың жаңа формаларына көшу әкімдік әзірлеген кесте бойынша жалғасады. Е.Сейтенов Алматыда 870 ПИК жұмыс істейтінін, оның көбі бірден бірнеше жүздеген үйді басқаратынын мәлімдеді. Сондықтан ақша барлығына бөлінеді, ал МИБ-тің артықшылығы бір үйге тиесілі бір шот болады.
Айта кетейік, Қазақстанда барлық ПИК 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қайта ұйымдастырылады. Осы уақыттан кейін барлық ПИК-тер басқарушылар мен сервистік компаниялар қатарына кетуі тиіс.
АЛМАТЫ