Көп ұзамай осы саланы реттейтін алғашқы арнайы нормативтік құқықтық акт – Елбасы 1995 жылғы 26 желтоқсанда қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлық қабылданды. Ол мемлекеттік қызметтің қағидаттарын, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік кепілдіктерін анықтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызметтің басты құжаты заман ағымына сай үнемі жетілдіруде.
Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мақсатында Елбасы Жарлығымен 1998 жылы еліміздің Президентіне тікелей бағынатын дербес уәкілетті мемлекеттік орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Оған мемлекеттік қызмет заңнамасы мен жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілер еңбегін ұйымдастыру, мемлекеттік аппарат кадрларының жай-күйін мониторингілеу мен оқыту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, қызмет этикасы ережелерінің сақталуын бақылау сияқты функциялар мен өкілеттіктер берілді. Осылайша посткеңестік кеңістікте алғаш рет Қазақстанда мемлекеттік қызметтің барлық жүйесін үйлестіретін орган құрылды.
1999 жылғы 23 маусымда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен Агенттіктің нормативтік актілері негізінде мемлекеттік қызметшілер корпусы саяси және әкімшілік болып бөлінді. Кейін осы институт одан әрі жетілдіріліп, әкімшілік қызметшілердің «А» басқарушылық және «Б» орындаушылық корпустары құрылды.
2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітіліп, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің енгізілуі – халыққа мінсіз қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді анықтап, оларды ынталандыруға мүмкіндік туғызды. Бүгінде Ақтөбе облысында аталған төсбелгімен 27 қызметші марапатталған.
Қазір мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдардан басталады. Ал мансаптық сатымен ілгерілеу тиісті дағды, білімі мен төменгі лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана мүмкін болып отыр. Өткен жылы Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарында ішкі конкурсқа қатысушы мемлекеттік қызметшілердің 74,1%-ы осындай меритократия қағидатымен жоғарылатылды.
Мемлекеттік қызметке кіру кезінде заңнаманы білуге тестілеу, құзыреттілікті бағалау және әңгімелесуді қамтитын үш сатылы іріктеу жүйесінен өту қажет. Сынақ мерзімі енгізіліп, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандардың кәсіби бейімделуі үшін тәлімгерлік институты бекітілді. Мемлекеттік қызметке кадрлар іріктеу рәсімдерінің ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар мен сарапшылар институты енгізіліп, қашықтан әңгімелесу жолға қойылды.
Меритократия қағидаттарын сақтауда және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде Этикалық кодекс ерекше маңызға ие. Әдеп жөніндегі Уәкіл институтын енгізу мен бұрынғы Тәртіптік кеңестерді Әдеп жөніндегі кеңестерге қайта құру жолымен этикалық нормалардың сақталуын бақылау жүйесі қалыптасты. Сыбайлас жемқорлық және этикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу оның негізгі бағыты ретінде айқындалды. Осы мақсатпен 2019 жылы қарамағындағы қызметкерлердің жасаған әрекеттері үшін мемлекеттік органдар басшыларының тәртіптік жауапкершілік институты енгізілді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадрлық резервін құрды. Бұл жоба болашағы зор 300 қазақстандық жасты таңдап, оларды еліміздің түрлі салаларында жауапты қызметтерге тағайындауға мүмкіндік берді. Осы жоба аясында 12 ақтөбелік жас азамат Президенттік жастар кадрлық резервіне енгізіліп, қазіргі таңда олар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда еңбек етіп жүр.
Өткен жылғы заңнамалық өзгерістердің маңыздысы – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын ауылдық әкімдіктер аппаратына қолдану арқылы мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау күшейтілді. Өйткені ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде есепші мамандарға сұраныс жоғары. Аталған әлеуметтік қолдау кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Бүгінде Ақтөбе облысындағы Әйтеке би, Ойыл және Ырғыз аудандары ауылдық округтерінің мемлекеттік қызметшілері аталған әлеуметтік қолдауға ие болды.
Сондай-ақ арнайы тексеру кезеңі мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне енгізілді. Құқық қолдану практикасын ескере отырып, конкурстық процедуралар үш сатыдан екі сатыға дейін оңтайландырылды. Мәселен, бұрын үш сатылы конкурстық іріктеу шамамен 38 күн мерзімінде жүргізілсе, енгізілген өзгерістер нәтижесінде конкурстық іріктеулерге кететін уақыт 25 күн мерзіміне дейін қысқартылды.
Сонымен қатар «А» корпусының кадрлық резерві жойылып, Президенттің шешімімен жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға біліктілік талаптары бекітілді. Бұдан былай облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері лауазымдарына орналасу үшін үміткерлердің білімі және жұмыс тәжірибесі бойынша бекітілген талаптарға сәйкес келуі ескеріледі. Оған қоса, мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшінің тең дәрежелі лауазымға немесе осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, жоғары тұрған лауазымға ауысу тәртібімен орналасуына мүмкіндік берілді. Өйткені осыған дейін бос лауазымдарға орналасу тек конкурс арқылы жүзеге асырылған болатын. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне барынша оңтайлы мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің шарттары мен тәртібі қайта қаралып, ерікті ротациялауға жататын санаттар қатары айқындалды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы осындай жүйелілікпен іске асырылған оң өзгерістер мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртып қана қоймай, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру тұжырымдамасына сай кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.
Әділбек МҰҚАШЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы