Руханият • 28 Сәуір, 2021

Тәуелсіздік және ұлттық мәдениет

331 рет көрсетілді

Биыл 30 жылға толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің тағы­лымы мол тарихына үңіліп қара­сақ, алтын әріппен жазылатын жетіс­тіктеріміз, мақтанатын тұс­тары­мыз өте көп. Әсіресе спорт пен туризм салаларын қоса алған­да ұлт руханиятының негізі – әде­биет, мәдениет және өнер саласында қол жеткізген табысымыз толайым.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­тап мемлекетіміздің тарихты түген­деу мақ­сатында «Мәдени мұра» бағ­дар­ла­масын жүзеге асырғаны мәлім. Одан кейін ұлттың жаңа тари­хи дү­ние­та­нымдық көзқарасын қалып­тас­тыруды мақсат еткен «Халық тарих толқынында» бағдарламасын қабылдап, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтаудың және тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін жасақтағаны да бел­гілі. Соңғы кезде қоғамдық сананың, көз­қарастың жаңаруына ықпал еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласы ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, дамудың бағыт-бағдарын айқындап берді.

Жаһан жұртшылығын әбігерге салып, дағдарысқа әкеліп соқтырған ко­ро­навирус індеті мәдениет пен өнер, спорт пен туризм салаларына өз әсе­рін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен қиын жағдайдың өзінде мемлекетіміз хал­қы­мыздың жанынан табылып, игі іс­тер­ге мұрындық болды. 

Дәлірек айтқанда, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық мәдениет және архив ұйымдары қыз­мет­керлерінің жалақысы 50%-ға, ал өңір­лік ұйымдар қызметкерлерінің лауа­зым­дық айлық ақыларынан 35% көле­мінде көтерілді. Мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы өсті. Дене шынықтыру мұ­ға­лімдеріне мек­теп­терде сабақтан тыс спорттық сабақ­тар­ды жүргізгені үшін базалық жалақы­дан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізілді.

Әдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемлекеттік қолдау­ды күшейту мақсатында Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасының мә­дениет саласындағы жыл сайын­ғы сти­пендиясының көлемі үш есеге арт­ты. Былтыр 75 мәдениет және өнер қай­рат­кері мемлекеттік стипендия лау­реаты атанды. Осылайша, мемлекет пан­­демия жағдайында да мәдениет пен өнерге қолдау көрсетті.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Тәуел­­сіз­дік бәрінен қымбат» атты мақа­­л­асында айтқандай, қазіргі пандемия сал­дарынан туындаған дағдарыс жаңа сынақ­тарға әкеліп соқтырды. Әлемдік жағым­сыз идеологиялық вирустар да жайы­лып келеді. Осындай кезде ел жат жұрттың ықпалына ілесіп кетуі мүмкін. Осы себептен тамырымызды берік сақ­тауымыз қажет.

Осы орайда жаңа кезеңдегі қиындық­тарды жеңіп, уақытпен ілесіп келген күрмеуі күрделі мәселелерді түбегейлі шешу үшін министрліктің дайындаған 4 заңына өткен жылы Президент қол қойды. Қабылданған заңдардың ішінде лотерея және лотерея қызметі, ойын биз­несі, мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қабылданды. Қазіргі кезде 3 заңның жобасы дайындалуда.

Ұлттық мәдениетімізді дамыту мақ­сатында пандемия жағдайында да тың­ғылықты жұмыс жүргізілуде. Атап айт­қанда, «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы аясында өңірлердің тарихи-мәдени ны­сандарының инфрақұрылымы кү­шейтілді. Дәл қазір «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін құру жұмыстары жүргізіліп отыр. Тарихи орындарды толық жүйелеу бойынша жалпы ұлттық маңызы бар 256 нысан және жергілікті маңызы бар 575 нысан қалыптастырылды. Киелі нысандардың көрінісі виртуалды карта платформасы – qazmaps.kz сайтында 500-ден астам нысан цифрландырылды.

Түркі әлемінің рухани астанасы – Түр­кі­станның тарихи орталығын қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыс­тарының басым көпшілігі аяқталса, кейбір нысандардың құрылысы әлі жал­ғасуда. Былтыр Елбасымыз Түркістан қаласына іссапары барысын­да жаңа Hazret Sultan Airport (HSA) ха­лық­аралық әуежайының ашылуына қаты­сып, «Керуен-сарай» кешені, «Ұлы дала елі» орталығы сынды ны­сан­дардың құ­ры­лыс жұмыстарымен танысты. Биыл жергілікті және шетелдік туристер киелі шаһардың бірқатар нысанын көріп, тамашалады. Пандемия туризмге кері әсерін тигізген болса да, қызығушы­лық күн өткен сайын артуда. Сондай-ақ киелі өңірдегі ортағасырлық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық» және «Баласағұн» қала­шықтары да қалпына келтірілуде.

Барлық республикалық жетекші му­зей-қорықтардың жанынан визит-ор­талықтар салынып жатыр.

Осы тұста айта кететін жайт, мәдени ны­сандардың салынуының арқасында жұмыс орындары да құрылады. Мәсе­лен, былтыр мәдениет саласында «Жұмыспен қамтудың жол карта­сы» шеңберінде өңірлерде 23,32 млрд теңге сомасына 288-ге жуық инфра­құ­рылымдық жоба жүзеге асырылды. Яғни 6035 жұмыс орны ашылды.

Кино саласы бойынша, 2021-2023 жылдарға арналған «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жөніндегі Жол кар­тасының жобасы дайындалды. Жоба­ның киностудияны өз-өзін толық ақтау­ға мүм­­кіндік беретініне, кино өндіріс­тің жұ­­мысын реттейтіндігіне күмән жоқ.

Былтыр Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған 25 фильм 55 Халықаралық кинофестивальге қатысып, 28 сыйлыққа ие болды. 

Сол сияқты театр саласында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық опера және балет театры мен «Астана Опера» опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде үздік бестіктің қатарына енді. Бұл шын мәнісінде театрдың дамуына серпіліс берген жетістік болды. Өз кезегінде «Астана Балет» театры елімізде алғаш рет спектакльдерді 360 градуста көрудің инновациялық мүмкіндігі бар ab-media театр стримингтік қызметін іске қосты.

Үкіметтің қаулысымен республика­мыз­дағы екі облыстық драма театры «Ака­демиялық» мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ Президенттің Жарлығымен мә­дениет саласындағы қызметінің айрық­ша мем­лекеттік және қоғамдық мәні бар 5 мәдениет мекемесіне ресми түрде «Ұлт­тық» мəртебесі берілді. Елор­­да төрінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимараты бой көтерді.

Музей ісі саласын дамыту мақ­сатын­да «Музейлер мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне келушілерді тарту жө­нін­дегі үйлестіру-әдістемелік ор­талы­ғы» өз жұ­мысын бастады. Сол сияқ­ты кі­тап­­хана ісі бойынша «Ту­ған жерге тағ­­зым» Мемлекеттік кітап­хана­лардың үй­­лес­­тіру-әдістемелік орталығы» құ­рыл­­ды. Кітапханаларда құжаттарды сан­­дық фор­матқа көшіру жұмыстары жалғасу­да. Бү­гінгі таңда елімізде ұлттық элект­рон­ды кі­тапханасы жұмыс істейді, онда 60 мың­нан астам электронды құжат көшір­ме­­лері бар. Олар интернет арқылы бүкіл әлем оқыр­мандарына қосылуға мүмкіндік береді.

2020 жылы еліміз ұлы ақын Абай Құнан­байұлының 175 жылдық мерейто­йын атап өтті. 10 тамыз – «Абай күні» бо­­­лып жарияланды. Әрине, ғұламаға ар­нал­­ған іс-шаралар бір жылмен ғана шек­телмейді. Дәстүрлі түрде жалғаса бере­ді. Кемең­гердің еңбектері әлемнің 8 тілі­не ауда­­рылып, шетелде Қазақстанның елші­­ліктері жанынан 8 «Абай орталығы» ашылды.

Былтыр 15 қазан күні Мемлекет бас­шысының қатысуымен Абайдың «Жи­дебай-Бөрлі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің және Абай музейінің жаңа экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Ұлы ойшылдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде Абайдың 9 монументалды ескерткіші мен бюстері орнатылды. 31 елді мекен-ауыл, ауылдық округтер, 1300 көше, 100 білім беру мекемелері Абай есімімен аталды. Барлық өңірде ұлы ақынымызға арналған 19 мыңға жуық іс-шара өтті.

Ұлыларымызды ұлықтау, олардан қал­ған мәңгі мұраны болашақ ұр­пақ­қа жеткізу – ұлттық руханиятты дамытудағы жұмыстарымыздың бас­ты бағыттарының бірі. Биыл жыр алы­бы Жамбылдың 175 жылдығы аясын­да «Жамбыл жылының» шымылдығы ашылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханның 155 жылдығы республика көле­мінде аталуда.

Әрине, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына арнап ірі-ірі шаралар­ды ұйымдастырып отырмыз. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық мәдениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды ша­һар­лары­мыз жанданып, тарихи ескерт­кіш­тері­міз түгенделді. Тарихи мұрамыз сақ­та­лып, қорымыз байы­ды. Ұлттық өнері­міз әлемдік дең­гей­де паш етіле бас­тады. Талантты тұлға­лары­мыздың саны көбей­ді. Сондықтан тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз толайым.

Өткен жылы Алтын Орданың 750 жыл­дығы аясында бір­қатар іс-шара жос­пары жүзеге асты. Жошы және Алаша хан кесенелерінде ғылыми-қалпы­на келтіру жұмыстары аяқталды, онда тарихи-мәдени кешен құрылды. Сон­дай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фара­бидің 1150 жыл­ды­ғын мерекелеу аясында Отырар қала­шығында құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті.

Тарихи мұраны түгендеу бойынша ең маңызды салалардың бірі – архив ісі. «Архив-2025» жобасын іске асыру бойынша кешенді іс-шаралармен қатар, «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзір­ленді. Былтыр бұл жүйеге 88 мемлекеттік архив, 295 орталық және 360 жергілікті атқарушы орган қосылды. Архив ісі сала­сының қызметкерлерін қолдау мақ­сатында 22 желтоқсан – «Архивистер күні» болып жарияланды.

Жалпы, карантин кезеңінде министр­лік 60 млн астам қаралым жинаған көптеген онлайн-жобаны іске қосты. Концерттік және театр ұйымдарының, музейлердің, кітапханалардың және басқа да мәдени-демалыс ұжымының қорларын цифрландыру бойынша жос­парлы түрде жүргізілген жұмыстары онлайн режімінде көрсетілді. 160-қа жуық республикалық ұйымның кон­церттері мен қойылымдары көрер­менге қолжетімді болды. Сондай-ақ «Қазақ­фильм» киностудиясы 223 ұлттық киноны интернетке жүктеді. Жетекші му­зей­лердің, театрлардың, кітапханалар мен концерттердің қойылымдары мен экс­позициялары интернет арқылы тікелей эфир­де көрсетілді. Есту қабілеті нашар адам­дарға арналған бейне-экскурсиялар, танымал мұражайлар мен туристік ба­ғыттар бойынша арнайы 3D-турлары те­гін ұйымдастырылды. «Карантиндегі жұл­дыз» жобасы аясында еліміздің эстра­да жұлдыздары да белсенділік таныт­ты. YouTube арнасында 20 миллион қара­лым­ды құраған 42 онлайн концерт өтті.

Шамамен 70 мемлекет қатысатын Еуропалық хабар агенттігі әнші Майра Мұхамедқызының әлем дәрігер­­лері­не арналған «Бүкіләлемдік дұға» туындысын орындаған бейне клипке жоғары баға берді. Сондай-ақ әнші Димаш Құдайберген әлемдегі коронавируспен күресетін дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында We Are One жаңа композициясын орындап, ұлттық музыкамызды насихаттады.

Мәдениет пен өнер саласымен қоса, спорт және туризм салаларын дамыту министрліктің негізгі бағыттарының бірі. Жыл сайын спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінгі таңда бұл көр­сет­кіш 5,9 млн адамға немесе 31,6% жетті.

Дені сау ұрпақ қалыптастыру мақ­сатында балалар мен жасөспірімдерге спорт­пен айналысу үшін жағдай барынша жасалған. 2020 жылы 4 жаңа балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 15 спорт клубы жұмыс істейді. Елор­дада Паралимпиадалық жаттығу ор­та­лығы қызмет көрсетеді, онда 500-ге жуық адамға спортпен айналысуға жағдай жасалған.

Спорт түрлері бойынша ұлттық құра­ма командалардың спортшылары 217 медальға ие болды. Ұлттық құрама­ның сапында спорттың 30 түрінен спортшылар еліміздің намысын қорғайтын болады.

Бүгінгі таңда Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасына спорттың 17 түрінен 48 лицензия жеңіп алды.

Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қа­былданды. Қазақстанның туристік картасы қалыптастырылып, онда негізгі тур­дестинацияның алғашқы ТОП-10 анық­талды. Бурабай, Баянауыл, Алакөл, Бал­қаш, Каспий теңізінің жаға­лауы абаттандырылады. Олардың инфра­құрылымын дамытуға баса назар аударылды.

Халықаралық туристерді жаппай тарту жұмыстары жалғасып келеді. Шетел­дік туристерді тарту үшін Tax free қо­сылған құн салығын қайтару жү­йе­сі енгізілді, e-Qonaq жүйесі әзір­лен­ді, визасыз режім бойынша елдер­дің тізімі 73-ке дейін артты. Қонақүйлер­ді, туристік жолдарды жіктеу, гид-экс­кур­сия жетекшілерін сертификаттау бо­­йын­ша біздің еліміз үшін стандарт­тардың бейімделген моделі дайындалды.

Саланың кадрлық әлеуетін дамыту үшін Түркістан қаласында Халықаралық туризм және спорт университеті ашылды.

Отандық мәдениетіміз әлемдік бәсе­кеге қабілетті. Бұны таланттарымыз дәлел­­деп келе жатыр. Елімізде туып-өс­кен әрбір талантты тұлғаға қол­дау көр­сету – парыз. Талантты тұлға­лары­мыз көбейсе еліміздің еңсесі көтері­леді, рухы биіктейді. Тәуелсіз Қазақ­стан өзінің 30 жылдық тарихында өз өзін тұрақ­ты дамып отыратын ел ретінде ғана та­ныт­қан жоқ. Әрине, саяси-эконо­ми­калық саладағы жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Мемлекетіміз теңдесі жоқ ұлттық мәдениетіміз арқылы да бүкіл әлемге танылды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің, мәдениеті мен өнері дамыған мемлекеттің келешегі кемел, болашағы әрдайым жарқын болмақ.

 

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

Мәдениет және спорт министрі

 

Соңғы жаңалықтар

Меркель қызметінен кетті

Саясат • Бүгін, 17:30

Сарапшы Головкинді қатты сынап тастады

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 16:15

Ұқсас жаңалықтар