Өткен жылы 30 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары таңғы сағат 9:00 шамасында заңсыз аң аулаған азаматты қолға түсірген. Шемонаиха ауданы Большая Речка ауылынан солтүстікке қарай шамамен 7 шақырым жерде күнбағыс алқабының шетінде, ауыл тұрғыны қоңыр аюды байқап қалып, атып алған. Атып ала сала аюдың етін бұзып, өзімен бірге алып кеткен. Ал басын, терісін, табандары мен ішек-қарнын құлаған ағаш бұтақтарының астына жасырған. Бұл – Қылмыстық кодекстің 337-бабының 1-бөлігінде көзделген елеулі залал келтіре отырып, заңсыз аң аулау бойынша қылмыс. Жауапкершілігі де оңай емес. Тергеу амалдары жан-жақты жүргізілгеннен кейін 2021 жылы 18 ақпанда Шемонаиха аудандық сотымен Большая Речка ауылының тұрғыны аю атқаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Әуесқойлық, спорттық, кәсіпшілік аң аулауға байланысты қызметпен 3 жылға дейін айналысу құқығынан да айырылды. Ал келтірілген материалдық залал 555 600 теңгені құрады.
Инспекция мамандарының айтуынша, заңды түрде әуесқой аң аулаушыларға аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары, аңшылық атыс қаруын қолданып аң аулаған кезде – жеке тұлғалардың азаматтық қаруды және оның патрондарын сақтауға және алып жүруге рұқсаты қажет. Ал қоңыр аю аулау үшін Шығыс Қазақстан аумағында заңды лимиттің мөлшері – 159 дана. Бұл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жыл сайын бекітетін 2020 жылдың 1 шілдесі мен 2021 жылдың 1 шілдесі аралығындағы лимит.
Заңсыз аң ату фактісі биылдың көктемінде де тіркелді. 27 наурызда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары Глубокое ауданының аумағында заңсыз марал аулау фактісін анықтады. Олар табиғатты қорғау мақсатында жүргізген рейдтік іс-шаралар кезінде табиғатты қорғау полицейлерімен және «Черная Уба» аңшылық шаруашылығы директорымен бірлесіп, резервтік қордағы «Коровиха» аңшылық шаруашылығы аумағынан екі маралдың терісі мен бас-сирақтарын тапты.
Рейдтік шара кезінде Риддер қаласының екі тұрғынынан 35 кило мөлшерінде ет, тіркелмеген 16 калибрлі «ТОЗ» маркалы қосауыз, тегіс ұңғылы, шүріппелі мылтық және 16 калибрлі 2 оқталған патрон тәркіленді. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 337-бабының 1-бөлімі бойынша тіркелді. Дәл қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жазаға тартылып жатқанымен, заңсыз аң аулау тыйылмай-ақ тұр. Жуықта ғана инспекция қызметкерлері Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағының инспекторларымен бірлесіп, Жарма, Ұлан аудандарының аумақтарында және Семей қаласының әкімшілік жерлерінде рейдтік іс-шаралар өткізген. Шара кезінде Жарма ауданында және Семей қаласының әкімшілік жерлерінде аң аулау, балық аулау ережелерін бұзу фактілері анықталды. Нәтижесінде, Семей қаласының үш тұрғынына қатысты ӘҚБтК 382-бабының 1-бөлігі бойынша және Қалбатау ауылының екі тұрғынына ӘҚБтК 383-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік істер қозғалды. Анықталғандай, балықшылар Ортабұлақ көлінде балықты тыйым салынған аулау құралдарымен аулаған.
Облыстың өзен-көлдерінде балық қорын көбейту мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Көбейту өз алдына, балықты заңсыз аулаудың алдын алу үшін де табиғат жанашырлары бір кісідей жұмылып, әртүрлі профилактикалық жұмыстар істейді. Айта кетсек, өңірде 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында «Нерест» профилактикалық шарасы басталған. Соған қарамастан, заңды белден басып жүргендер көп. Төрт күн ішінде ғана облыста балық ресурстарын заңсыз аулаудың 70-ке жуық фактісі анықталды.
– Тікұшақпен әуеден шолу кезінде жағалау сызығынан айыратын нөмірі жоқ 18 дюралды қайықтар табылды. «Рахметолла» учаскесінде қызметкерлер 2 резеңке қайық, ескек, қайық моторы мен қапшықтағы ауларды анықтады. Барлық заттай дәлелдемелер балық инспекциясына жолданды. 64 адамға қатысты жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар салынды, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Өткен аптада табиғатты қорғау және аумақтық балық инспекциясының қызметкерлері МИ-8 тікұшағымен Өскемен қаласынан Бұқтырма су қоймасының жағалау сызығы бойымен Бөкен өзенінің сағасы – «Торанғы» шығанағын, Жолнұсқау, Аманат, Шеңгелді ауылдарын, Қара Ертіс өзенінің сағасын, Тұғыл ауылын, Зайсан көлінің солтүстік-батыстағы тыйым салынған бөлігін әуеден бақылады. Сондай-ақ қызметкерлер Ұлан, Күршім, Тарбағатай және Көкпекті аудандарының аңшылық алқаптарын тексерді.
Барлық иесіз қайықтар мен балықшыларға бейнетүсірілім жүргізіліп, орналасу орындарының картасында белгі қойылды. Ақпарат Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандық полиция бөлімдеріне жолданды. Ал балықшы азаматтар балық аулаудың нормалары мен қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік ( ӘҚБтК-нің 381-бабы) қана емес, қылмыстық жауапкершілік (ҚК-нің 335-бабы) қарастырылғанын да есте ұстағандары жөн.
Шығыс Қазақстан облысы