Бұрынғы мен бүгінгі
ҰБТ елімізде 2004 жылы енгізілді. Содан бері тестілеудің «жыры» бітпей келеді. Өйткені ҰБТ – әлгі бір әзілкеш айтпақшы, «Ұлы бір күндік төңкеріс» іспетті. Иә, әзілдің де батпандай зілі бар. ҰБТ-дан төмен балл алып қалған талапкерлердің суицидке барғаны туралы фактілер, қатарластарының нашар көрсеткіштері үшін табалауынан күйзеліске түсуі, ата-аналардың уайымы, мұғалімдердің тестілеу өтіп жатқан ғимараттың айналасында жүріп, оқушыларымен бірдей емтихан тапсыруы, бәрінің жабылып қара қағаз келетіндей, нәтиже шығатын хабарламаны сарыла күтуі, тағысын тағы. Осының бәрі тестілеудің қорқынышты «бет-бейнесін» қалыптастырды. Ондағы жемқорлықтың жайы тестілеудің ашықтығы мен әділдігіне деген сенімсіздікке әкелді.
ҰБТ енді бұрынғыдай болмайтын секілді. Жоғарыдағы кейіпкеріміз Альбина Андреева Петропавл қаласындағы №13 орта мектептің соңғы сыныбында оқиды. Ол елімізде бірінші рет енгізілген 10 наурыздағы компьютерлік тестілеудің алғашқы тапсырушысы болды. Бітіруші сыныптың оқушысы бізге берген шағын сұхбатында:
– Компьютермен тест тапсырған тіпті керемет екен. Жүйе өте қолайлы, жақсы ойластырылған. Мен бір сағаттың ішінде ҰБТ-ны тапсырып, ойдағыдай балл алып шықтым. Өйткені қағаз толтырып, одан оның ішіндегі жауапты бояп отыруға уақыт жоғалтпайсың. Және ең кереметі, бір сұрақтан қателесіп кетсең, қайтадан кері оралып, жауабыңды түзетуге болады. Содан соң бұрынғыдай тест нәтижесін кешке дейін сарыла күтудің қажеті жоқ. Тапсырып болған сәтте қорытындысы шығады. Айтпақшы, жүйеде тестілеуге қажетті нәрсені де тез табуға болады. Мәселен, химияны ашсаңыз, Менделеев кестесі шығады, – деді Альбина.
Болашақта психолог болудан талапты А.Андрееваның айтуынша, оның сыныптастары ҰБТ-ны электронды форматта сәтті тапсырған және жазда болатын негізі тестілеуді қағазбен емес, дәл осындай компьютермен тапсыруды қалайды.
Мүмкіндіктің молдығы маңызды
Адам баласы әрдайым өзгерісті қалайды. Бұл – дамуды көздейтін жанның қалауы. Десек те өзгерістің бәрі дамуға бастай ма? Осы сұрақты жалпы бір салаға қатысты қойып қарастырса, бірден біржақты жауап беру қиынға соғатыны анық. Кейде тіпті кері тартатын, жақсылыққа сенбейтін жағдай көп кездеседі. Айталық, білім саласында бір өзгеріс болса, орын алса, қоғам болып «Реформадан көз ашпайтын болдық. Білім жүйесі эксперимент алаңына айналды» деп дабыл қағамыз. Онда да жанымыз ашығаннан безектейміз ғой. Ал кейінгі кезде енгізіліп жатқан ҰБТ-ның айналасындағы кезекті өзгеріс безектеуге мүмкіндік бермей тұр. Қалайша?
Тестілеу бұрынғыдай 1-2 рет қана емес, жылына 4 рет өткізіледі. Шынында, мұндай мүмкіндік талапкерлерге үлкен үміт сыйлап, үрейден арылуға септігін тигізеді. Бұрын ҰБТ-дағы нәтижесі жоғары оқу орнына түсуге жарамаса, бір жылға қалып, келесі жылы қайта тапсыруға тура келетін. Кейін маусым айындағы негізгі тестілеуден грант ала алмай қалғандарға тамыз айында шекті балл жинап оқу орындарының ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік берілді. 2019 жылдан бастап тестілеу саны екі есеге көбейіп, талапкерлер жыл ішінде 4 рет ҰБТ тапсыра алатын болды. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тестілеуге қатысу үшін белгіленген соманы төлеп, сынаққа қатысып, сол арқылы еліміздегі ЖОО-ның кез келгеніне ақылы оқуға түсуге болады. Соның нәтижесі бойынша арнайы сертификат беріледі, бірақ бұл грант алуға жарамайды. Ал грантқа түсуді тек маусым айындағы сынақ қорытындысы ғана шешеді. Иә, грантқа түсуге жылына тек бір ғана мүмкіндік беріледі. Алайда оған дейін өткізілетін 2 реттік тестілеу талапкерлер үшін өте жақсы дайындық болатыны, тамыздағы тестінің үміт сыйлайтыны сөзсіз. Қалай дегенмен де грантқа түсуге мүмкіндік беретін негізгі тестілеуден бөлек университеттердің ақылы бөліміне оқуға түсуге 3 рет талпынуға болатыны – талапкерлерді бір іспен бәрінің бітпейтінін, мүмкіндіктердің молдығын түсіндіруге, өзін өзі дайындап, әлсіз тұсын жетілдіруге жәрдемдесетін жол.
Бір талапкер – бір компьютер – бір камера
ҰБТ үшін «биылғы көктем бұрынғыдан өзгерек». Өйткені көктемгі тестілеу электронды форматта өтті. Тапсырған талапкерлер де көңілінен шыққанын айтады. «Телефонмен туған» бүгінгінің балаларына тестіні компьютермен тапсырған өте ыңғайлы шығар, бірақ бұл жыл сайын бұзыла беретін ҰБТ талаптарының сақталуына қаншалықты көмектеседі?
Бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев: «Көктемдегі ҰБТ электронды форматта «бір талапкер – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтеді. Сондай-ақ прокторинг жүйесі қолданылады, бейнебақылау орнатылады. Face ID – тұлғаны цифрлы сәйкестендіру жүйесі ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы академиялық адалдық қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтуге жағдай жасайды», деп жауап берді.
Негізі Face ID ҰБТ-ға аса қажет. Себебі қайбір жылы дос қызының орнына тест тапсыруға жасанды шаш пен әдемі көйлек киіп кірген жігіттің оқиғасы әлі ұмытыла қойған жоқ. Енді прокторинг жүйесіне тоқталайық. Өйткені оның рөлі де зор. Егер бұл жүйе шынымен де қазіргі тестілеуде қолданылып жатса, демек ашықтық пен әділдік туралы әңгіме айтуға болады. Прокторинг – онлайн-емтихан немесе тестілеу кезіндегі әкімші-проктордың қадағалауымен өтетін бақылау процедурасы. Бұл емтихан тапсырушының әрекетін веб-камера арқылы бақылайды және талапкердің мониторында не болып жатқанын, қандай бет ашылып, қандай беттің жабылғанын – барлығын көріп отырады. Мұндай технология үміткердің жеке өзінің тапсырып отырғанына көз жеткізіп қана қоймай, оның білімін объективті бақылауға жағдай жасайды және «шпаргалкалар» мен басқа да айла-тәсілдерді қолдануына жол бермейді.
Камерадан «құтылу» қиын
Бәрінен бұрын ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын кез келген адам сырттай бақылай алады. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, өзіміз де education.kz сайтына кіріп, әр аудиториядағы бақылау камералары арқылы тестілеуді тікелей байланыста бақылап көрдік. Онда әр қаладағы аудиториялар жеке-жеке көрсетілген. Және мұндағы видеолар толығымен сақталып, сараптамадан өткізіліп, тексеріледі. Егер қандай да бір талаптардың бұзылғаны анықталса, тестіленушінің нәтижесі жойылады. Сондай айлакерлікпен грант ұтып алған болса, тіпті гранттан да айырылады.
Былтыр, мысалы, осы талапқа қатысты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов: «ҰБТ бейнежазбаларының қорытындысы бойынша 158 тестіленушінің нәтижелері жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған болатын (соның ішінде 138 балл алған түлек те бар). Осыған орай, әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркеледі», деп мәлімдеген еді.
Неде болса, компьютерлік нұсқада өтіп жатқан ҰБТ-ның «әділдікпен, ашықтықпен астасып, бағы жанып» тұрғандай. Бірақ «бабы да келісті» деп кесімді пікір айтуға әлі ерте. Себебі наурыз айының 10-ында басталған көктемгі тестілеу бір айға, яғни биылғы сәуір айының 10-на дейін жалғасты. Осы электронды ҰБТ-ның қорытындысы ғана компьютерлік жүйенің қаншалықты жетілдірілген, дайын, тиімді екенін көрсете алады.