«Қазақстан Қарулы күштерін дамытудың басты бағыттарының бірі – тылдық қамтамасыз ету. Сарбаздың әрқашан қарны тоқ, киімі мұнтаздай таза, медициналық қызметпен әрдайым қамтылған болуы керек. Сондай-ақ тұрғылықты жері санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы қажет. Ал техникалар жанармай түрлерімен үнемі толтырылып тұруы тиіс», деді брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қарулы күштерге бүгінгі күнге дейін тамақ өнімдерінің рационын жақсарту мақсатында тамақтану құрамының нормалары үш рет өзгерген.
«Қазіргі таңда әскери қызметшінің тамақтану құрамына 48-ден 61-ге дейін тамақ өнімдері кіреді. Оның ішінде сиыр, құс және балық еті, ірімшік, шұжық, сүзбе, қаймақ сондай-ақ жемістер мен табиғи шырындар бар. Денсаулықты жақсарту мақсатында дәруменді қоспалар мен гематоген және басқа да өнімдер кіреді. Ал 2018 жылдан бастап тұрақты жауынгерлік дайындықтағы әскери бөлімдерде взвод командирінен рота командиріне дейінгі офицерлерге және келісімшарт бойынша барлық әскери қызметшілерге мемлекет есебінен тегін түскі ас беріледі», дейді Мұхамеджан Таласов.