Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Бұл оқиға жайлы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №235 санында Том губерниясы, Бийск уезі, Шарғы ауылында тұратын Иван Семенович Кусков деген қазақтың (қазақша аты-жөні – Сағындық Тұяқұлы) мақаласы жарияланған екен. Онда: «Біз 100 үйден астам қазақ бармыз. Ата-бабамыз орысқа кіріптар болып шоқынып кетті», деп жазады (Мәмбет Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. Алматы, «Санат», 1995 ж. 76-б).
Жоғарыдағы Алтай миссиясы негізінде 1882 жылы Қазақ миссиясы құрылып, бұл миссия өз жұмысын Семей облысынан бастап, Ямышев (Тұзқала) өңірінде тұрақты жүргізді. Себебі бұл бекіністе осы іспен айналысатын арнайы жарақтанған орталық болды.
Азғана жылдың ішінде бұл өңірде шоқынған қазақтар қоныстанған елді мекен пайда болды. Қазіргі ШҚО қарасты Белқарағай ауданы жеріндегі Ново-Николаевка ауылының бұрынғы атауы шоқынған қазақтар бөлек қоныстанғандықтан «Шоқыншы ауыл» деп аталды.
Патша шенеуніктері тарапынан христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету және олардың құқын қорғау туралы ерекше нұсқаулар болды. Құнарлы жерді меншіктеуге, кәсіпшілікпен айналысуға, тегін несие алуға келгенде оларға орыстармен бірдей жеңілдіктер берілді. Сыйлық ретінде ақшалай қаражат та бөлінді.
Архиерей басқармасының заң жүзінде бекітілген нұсқауында: «Христиан дінін қабылдаған қазақтар өзінің ауылында тұра береді немесе қырдағы орыс тұрғындарының арасына көшіп келуіне де болады, олар тиісті құқықтың бәрін пайдалана алады», – дейтін жаңа бап енгізілді. Тіпті қазақтар христиан дінін қабылдаған жағдайда олардың жергілікті әкімдікке, үкіметке, патша ағзамға жазған арыз-шағымы басқалардан бұрын ескерілетіні жайлы шешім болды.
Священник Иоанн Никольский 1893 жылы Семей облысының губернаторына жазған хатында, шоқынған қазақтарға арнайы жер бөліп, оларды туыстарына қоспай, мұсылман ықпалынан жырақ ұстауды ұсынса, «Қазақ миссионерлік қоғамы» шоқынған қазақтарды орыстармен қосып жаңа ауыл жасап аралас отырғызса, жаңа шоқынғандар орыстың әдет-ғұрпын, салт-сана, тілін, христиан дінінің міндеттерін, жер өңдеу ісін, ауыл шаруашылығын жүргізуді тез үйренеді деп үкіметке баяндайды.
Сол сияқты, Тобыл епархиясының архиепископтары 1893 жылы жазған «Краткий очерк миссионерства Тобольской» атты баяндау очеркінің 4-ші тарауы «Миссия противомусульманская-киргизская» деп аталады. Бұл тарауда қазақтарды христиан дініне кіргізудің негізі айла-шарғылары айтылады. Осында баяндалуы бойынша:
Біріншіден, қазақтар өздерінің билерін, үлкендерін керемет сыйлайды. Сондықтан бірінші кезекте қазақтардың билерін, үлкендерін христиан дініне кіргізу үшін миссионерлер бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істеу керек. Егер қазақтың билері христиан дініне кірді деген сөз, сол ауылдың тұрғындары түгелімен христиан дінін қабылдады деген сөз.
Екіншіден, қазақтарды христиан дініне көптеп кіргізу үшін, алдымен оларға арақ ішкізуді үйрету керек. Арақты қазақтар өздігінен ішпейді. Сондықтан қазақ жігіттерін орыс қыздарына үйлендіру қажет. Сонда орыс қыздары қазақ жігіттеріне арақты қолдан қалай жасайтынын үйретіп, әрі ішуді де үйретеді. Бұлардан туған балалар христиан дінін еш қиындықсыз қабылдайды. Бұл үшін миссионерлер бар ынтасымен жұмыс істеп, екі жақты да ақшалай сыйлықтармен қамтамасыз етіп отыру керек, – делінген.
Сол сияқты, қазақтан шыққан оқымысты Шоқан Уәлиханов өзінің «Даладағы мұсылмандық туралы» мақаласында: «Еуропа өркениетіне қол жеткізбесе қырғыз (қазақ) халқының жойылып кету қаупі тұр. Соңғы кездері Сібір басшылығы ислам дініне қатысты қателіктерге ұрына бастады. Шоқынған қазақтардың даладан кетуінің қазақ халқы үшін еш әсері жоқ. Біздің қолымызда қанша қазақ христиандықты қабылдағаны жайлы дерек жоқ. Ал олардың саны біз ойлағандай аз емес. Кейбір орыс-казак стансаларында тең жартысы шоқынған қазақтар тұрады, мысалы, «Ямышевкада»...», дейді.
Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан 1910 жылы императорлық Ресейдің көптомдық тарихнамасында жариялаған «Қазақтар» атты еңбегiнде мынандай мәлiмет келтiредi: Ақмола облысының бiр мұсылман азаматы дiнiмiздi түгенше деген священник қорлады деп Омбы епархиясының архиепископтарына арыз жазады. Бұл арызды қараған дiни орын: «Батыл арызқой қазақ Түркияда емес, православ-христиан дiнiндегi Ресейде тұратынын ұмытқан екен. Өзгерiссiз қалсын!» деген қарар қабылдайды.
Сол сияқты1886 жылғы бір құжатта: «Миссионерлер қазақтарға қасиетті шоқынуды қабылдату үшін барлық тәсілді, қулық-сұмдықты, тіпті арсыздықпен күш қолдануды, аяусыз кек алуды да пайдаланды», деп жазылған.
Негізінен алғанда христиан дінін қабылдағандар кедей қазақтар екен. Бұлай жасауына тұрмыстық жағдай әсер кеткен. Айталық, Сібір қазақтарын басқару жайлы 1868 жылы қабылданған ереженің бір тармағында: «...бұған дейін правословие дінін қабылдаған қазақтардың бәрі шекара маңында көшіп жүрген кедейлер. Олардың дінін ауыстыру себебі, өз діндерінен бас тарту емес, жеке бас тұрмыстық есепте жатыр...», деген қорытынды айтылған.
Бұдан басқа, патша шенеуніктері керек кезінде қылмыс жасаған қазақтарды қорқыту, зорлау арқылы да христиан дініне кіргізіп отырған. Егер қылмыс жасаған қазақ христиан дініне кірсе, 1848 жылғы реформаның 78-тармағы бойынша жеңілдетілген жаза ретінде әскерге және Сібірге жер аударылды. Осындай жеңілдетілген жазаға ілігу үшін түрмедегі көптеген қазақтар 1848 жылғы 1 қарашада Орынбор шекара комиссиясының азаматтық сотына өздерін христиан дініне кіруіне рұқсат етіңіз», деп арыз берген. 1897 жылғы жалпы ресейлік халық санағында 660 қазақтың шоқынғаны көрсетілсе, 1911 жылы бұлардың саны 2659-ға жеткені айтылады.
Бірақ дала қазақтары миссионерлер ісіне қарсыласып бақты, тіпті орыс-казак стансаларын жағалап шоқынды атанып жүрген ағайын-туыстарын өз орталарына күштеп көшіріп алып, байырғы ата-баба діні исламмен қайта қауыштырып, алдына мал салып беріп отырды.
Тарихшы И.Беляев өзінің 1901 жылы жарық көрген зерттеу еңбегінде: «Қазақтар өздерінің туыстарының христиан дініне өтуіне өлердей қарсы. Шоқынған қазақтар поселкеге кіріп келген қаһарлы салт атты қазақтарды көргенде миссионерлердің құшағына қашып тығылады. Өйткені олар жемтік іздеп келген аш қасқырдай алақ-жұлақ етіп, шоқынған туыстарын ұстап алып далаға қарай ала қашады», деп жазады (Беляев И. (прот.) Русские миссии на окраинах. Историко-этнографический очерк.типография П.П. Сойкина. – СПБ, П.П. 1912, стр-264).
Ол заманда христиан дінін қабылдаған қазақтар ел ішінде тұра алмайтын. Оларды басқа қазақтар «діннен безген шоқынды» деп сүргінге түсірген, тіпті өлтіріп те жіберген. Оған бір дәлел, 1869 жылы Семей өңірінде өткен Қарамола сиезінде халық: христиан дінін таратушылардың ісіне жол бермеу; шоқынған қазақты ешкім жолатпау; шоқынған қазақты тонап немесе өлтірсе ешкім жауап бермейді, – деген шешім қабылдайды.
Осындай қарсылықтардың нәтижесінде миссионерлер күллі қазақ даласын игере алған жоқ. Ресеймен шекара шебіндегі кедейлер, одан қалды орыс-казак стансалары мен бекет-бекіністерді жағалаған жатақтар ғана жүрдім-бардым шоқынды. Тіпті үкімет тарапынан шоқынған қазақтарға көрсетілуі тиіс жеңілдіктерді пайдалану үшін жүргендер де болды.
Мысалы, қазақ даласына христиандықты таратуға келген миссионер Филарет Синьковский: «...жаңадан шоқындырылғандардың өмірін бақылаудан көрініп отырғандай, олар өздері қабылдаған дінге барынша немқұрайды қарайды және тереңірек игеруге мүлде құлықсыз», деп жазады.
Сол сияқты, жергілікті халықтың христиан дінін қабылдаушы жекелеген қазақтармен қатынасын мынадай оқиғадан көруге болады. Зайсан уезіндегі Федоров кен орнының қазақ жұмысшылары бақылаушы, шоқынған қазақ Мойсей Петровты өздерінің нағыз жауы ретінде қабылдайды. Жергілікті үкімет пен кен әкімшілікке сүйенген М.Петров өз қандастарына болымсыз күнәсі үшін қатаң шара қолданады. Бұған жауап ретінде қазақ жұмысшылары оны дереу бақылаушылықтан босатуды, егер бұл талап орындалмайтын болса, оны өлтіретіндіктерін мәлімдейді. Кен әкімшілігі жұмысшылар талабын орындамаған соң, олар ереуілге шығып, М.Петровты сабайды. Ереуілді басуға келген полиция уряднигі Калеевтің талабына жұмысшылар «Шошқа Мойсейді кен өндірісінен әкетпейінше, олар жұмысқа шықпайтындықтарын» мәлімдейді.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, қазақтар ар-ождан және иман тазалығы үшін жоғарыдағыдай әртүрлі сипатта үнемі күресіп отырғаны байқалады.