Медицина • 03 Мамыр, 2021

Туберкулез жағдайын депутат жақсарта ала ма?

358 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Зарина Камасоваға Ұлттық туберкулез кокусын басқару жүктелді. Бұл қандай ұйым және оның қатардағы қазақстандыққа пайдасы бар ма? Отандастарымыздың ойындағы өзге де сауалдарды депутатқа қойған едік.

Туберкулез жағдайын депутат жақсарта ала ма?

– Ғаламдық TБ Cocus (GTBK ) – туберкулез эпидемиясын тоқтатуға деген ортақ ниетпен біріктірілген парламен­таршілердің бірегей ғаламдық желісі. Ту­беркулез әлемде баяғыдан келе жатқан, соңы қайғылы оқиғаларға душар ететін дерт­тің бірі. Әлі де кез келген басқа жұқ­палы ауруларға қарағанда қауіпті, дегенмен емдеуге болады.

Жаһандық ТБ Кокусына мүше пар­ламентаршілер өз елдеріндегі тубер­ку­лезді жою үшін өздерінің саяси әре­кет­терін үйле­с­тіреді, бұл бүкіл әлем статис­тикасына әсер етеді, өйткені өкпе құрты кесе­лінде шекара жоқ. Ғаламдық ТБ Кокус мүшелері – әлемнің 150-ден астам елінен келген парламентаршілер. Әр елде ұлттық ТБ Кокусы жасалады. Мен – Қазақстан Республикасындағы Ұлттық ТБ кокусымын.

Ұлттық деңгейде ҒТБК азаматтық қоғам ұйымдарымен жұмыс істейді. Олар үйлестіруші ретінде әрекет етеді және Парламент мүшелерінің құрт ауруы саласындағы негізгі тараптармен елдің саяси процестеріне қатысуын реттеуге көмектеседі. Осылайша, туберкулезге қарсы ұлттық шаралар саяси күн тәртібінде басымдыққа ие болады. Үйлестірушілер Парламент мүшелеріне көксау бойынша Ұлттық статистика, Парламенттегі адвокаттық қызметінде пар­ламентаршілерге қажет болуы мүм­кін басқа да материал түрінде тех­­­ни­калық көмек көрсету арқылы көмек­теседі. Өз кезегінде, бұл азаматтық ұйымдар ТБ пациенттерімен, ТБ қауым­дастықтарымен өзара әрекеттесіп, депу­таттарға ауруханалардағы емдеу сапасы, ТБ емдеудің алдын алу сынды басқа да нақты мәлімет бере алады.

– Елдегі туберкулез жағдайы ерекше депутаттық назар аударуды талап ете ме?

– Қазақстан – мультирезистентті туберкулез жағдайларының ауыртпалығы жоғары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) тізіміне кіретін ел. Дегенмен соңғы 10 жылда елде туберкулезге шалдығу ДДҰ деректері бойынша 2,5 есе (2009 жылы 121,3-тен 2019 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 49,0-ге дейін), 14 жасқа дейінгі балалардың туберкулезбен сырқаттануы 5,8 есе (2009 жылы 25,4-тен 2019 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 4,4-ке дейін) төмендеді. Алайда БҰҰ-ның ТБ бойынша жоғары деңгейдегі кездесу декларациясының талаптарына сәйкес 2019 жылға арналған профилактикалық терапияның мақсатты көрсеткіші 48%-ға жетті. Жақсартылған диагностикалық құралдарға, қысқа және жақсы төзімді режімдерге (әсіресе ауызша) және арзан әрі тиімді дәрі-дәрмектерге қажеттілік бар. Яғни осынау пациенттерді бақылау және қолдау үшін азаматтық қоғамдастықтың саяси қолдауы қажет (сонымен қатар КДТ-ТБ емдеу). Сондықтан Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің, сондай-ақ 2018 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясының жоғары деңгейдегі отырысында мақұлданған саяси декларацияны және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Туберкулезді тоқтату» стратегиясын енгізудің маңыздылығын мойын­дайды және көптеген жыл бойы сая­си бейілділігін табысты көрсетіп келеді. Сонымен қатар егер біз еліміздегі ТБ-ны толығымен жоятын болсақ, біздің келесі ұрпақтарымыз көксау кеселінің не екенін тек кітаптардан біле алады. Бұл мақсатқа жету үшін әрине, мұқият саяси назар аудару қажет.

– Туберкулез жөніндегі көп секторлы есеп беру тетіктері бар. Оның нақты жүзеге асырылуы қандай?

– Мұны елдегі барлық негізгі мүдделі тараптар (немесе басқа жолмен – ұлттық мүдделі тараптар) арасындағы өзара әрекеттесу және есеп беру механизмі деп түсінген жөн. 2018 жылы БҰҰ-ның ТБ мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуін өткізген кезде елдер ДДҰ-ға 2018 жылы Нью-Йоркте аталған кездесудің тұрақты даму мақсаттары мен декларация мақсаттарына қол жеткізуге көмектесетін есеп беру тетігін әзірлеуді сұраған. Бұл тетік БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесу декларациясы бойынша ел өзінің елдік индикаторларына сәтті қол жеткізе алатын белгілі бір әрекеттерді қамтиды. Әр елде денсаулық сақтау министрлігі жауапты адамды тағайындайды, ол мультисекторлық механизмді енгізу процесінің үйлес­тірушісі болады. Біздің елде бұл ұлттық ТБ бағдарламасының менеджері Мәлік Әденов болса, ол ұлттық ТБ Ко­кусын қайта іске қосуға қатысып, өзара әрекеттесуге ниет білдірді. Сон­дай-ақ жаһандық кокус ДДҰ-мен бір­лесе отырып, парламентшілер үшін бақылау мәселелерінің жеке тізімін жасады. Бұл бізге ТБ-мен күресу сая­сатын құрылымдауға көмектеседі.
19 сәуірдегі кездесу қорытындысы бо­йынша қарарда біз мультисекторлық тетікті имплементациялауға көмектесуге және ҒБТК әзірлеген бақылау тізіміне сәйкес жұмыс істеуге ниет білдірдік.

– Азаматтық қоғамның туберкулезбен күрестегі рөлі қандай? Депутаттың құзырымен оны күшейту үшін қандай жұмыстар жүргізуге болады?

– Қазақстан Республикасының сая­саты тұтастай алғанда үкіметтік емес сек­торға кең құқықтық қызмет саласын береді. Азаматтық қоғамды дамыту мем­лекеттік саясаттың басымдықтарына кіреді. ҮЕҰ қызметін қаржылық қол­дау­дың бірнеше тетігі жұмыс істейді. Сон­дай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы ҮЕҰ-ны орындауға жекелеген әлеуметтік функцияларды беру саласы белсенді дамып келеді. Жергілікті атқарушы органдарға өкілеттіктер беру арқылы мемлекеттік әлеуметтік тап­сы­рыс­ты орналастыру, оның ішінде ха­лықтың негізгі топтары үшін жергілікті бюд­жеттен қаржыландыруды көздеу ұсынылды.

– Қазақстан ВЕЦА аймағындағы жетекші ел ретінде заңнамалық дең­гей­де әлеуметтік байланыс меха­низ­мін қабылдапты...

– Депутат ретінде азаматтық қоғаммен бірге жұмыс істеуге әзірмін. Ұлттық ТБ Кокусының жаңадан сайланған басшысы ретінде азаматтық сектор өкілдерін ашық іс-шараларымыз бен жұмыс топтарымызға шақырамын. Онда қатысушылар ТБ емдеу заңнамасына өзгерістер енгізуге үлес қоса алады. Өйт­кені азаматтық қоғам ғана құрт ауруы­мен күресте табысқа жетудің негізгі факторы бола алады. Бүгінгі таңда барлық деңгейдегі мәслихаттар туберкулезбен ауыратын науқасқа әлеуметтік көмек ретінде берілетін соманы өздері бекітеді. Барлық өңірде бұл әртүрлі. Амбулаториялық емдеу кезеңіндегі туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, еселігін (мүмкіндігінше, оның материалдық жағдайына қара­мас­тан, амбулаториялық емдеу кезе­ңіндегі ТБ-мен ауыратын барлық нау­қасқа) көрсететін заңнамалық акт жоқ. Медициналық қызметкердің тікелей бақылауымен туберкулезден күн­делікті ем алу үшін нау­қастың өзі тір­келген медициналық ұйымға күнделікті жол жүруін төлеуге әлеуметтік көмек қарастырылған. Туберкулезді емдеу ұзақ, мысалы, туберкулезбен ауыратын науқасты емдеудің жеке режімінің орташа курсы 20 айға созылады. Шипалы тамақтандыруды ұйымдастыру жалпы емдеу процесінің бөлігі ретінде науқастарға медициналық қызмет көрсету жөніндегі негізгі іс-шаралардың қатарында. Ме­дициналық тамақтану кешенді тера­пияның міндетті құрамдас бөлігі және стационарлық немесе амбулаториялық емдеудің әр кезеңінде қолданылады. Бұл, әсіресе балаларға қатысты. 6 ай бойы про­филактикалық ем қабылдаған балалар үшін ата-аналар өз ақшаларына дәрумендер сатып алады.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ