Өнер • 04 Мамыр, 2021

Көңіл толқытқан көрме

509 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жер бетіне бояу төгерде, алдымен Тәңір сурет­шінің жаңарына ұзақ үңілгендей. Оның талғам-таразысы, ой-қиялы, таным-түсінігі ерек боларын о баста ойласа керек. Әрине, бұл біздің өзіндік балаң пікіріміз. Десе де көрмедегі көркем картиналар адамды әртүрлі ойға жетелейтіні белгілі. Содан да болар, шебердің ішінде бір шындықтың бұғынып жатқанын айтпақ болғанымыз. Қалайша қылқалам құдіретіне қайран қалмайсыз!

Көңіл толқытқан көрме

Көңілді еліткен Қазақстан және Ресей Суретшілер одағының мүшесі, UNESCO, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Бейнелеу және дизайн» факультетінің доценті Камила Жапалованың «Өмір өрнек» атты көрмесі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған іс-шара оқырманды елең еткізді. Ұлттық музейде топтасқан қалың қарашаның қыл­қалам шеберіне деген қошеметі бөлек болды. Жаһан­дық індеттің салдарынан көптен бері мұндай ғажап туындыларды көрмеген халықтың өнерге деген сағы­нышын сол кеште сездік.

Аталған көрменің алғашқы сөзін Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин алды.

«Ұлттық нақышта бейнеленген батик өнерінде ерекше қолтаңбасы бар Камила Жапалованың сұлулық әлемі, құдіретті қылқалам арқылы дүние жүзін таң­ғалдырған еңбектері музей қонақтарының жүрегінен де ерекше орын алатынына нық сенімдімін», деді А.Сатыбалдин.

Ізгі тілектен кейін өнер иесіне арнайы Алғыс хат пен төсбелгі табысталды. Сонымен бірге елордадағы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов та әсерімен бөлісті.

Осынау ерекше қолөнері арқылы қазақтың ұлт­тық мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап келе жат­қан Камила Әбенқызының қайталанбас туындылары соның айғағы», деді Ө.Исмаилов. Одан әрі руха­ни кешке арнайы келген мемлекет және қоғам қайрат­керлері ақ тілекті жалғап, суретшінің шығарма­шылығын жоғары бағалады.

Камила Жапалова картиналарының өзіндік сипаты мен ерекше стилі бар. Картиналардың сюжет­тері әртүрлі, көбіне фольклорлық нақышта және лирика­лық абстракцияда құрылған. Бірақ барлығын бірік­тіретін элементтер – ұлттық реңк пен композицияның ішкі ырғағы.

Автор батик техникасын қолдана отырып ерекше өнер туындыларын дүниеге әкелген. Кенеп бетінде де батик дәстүрін қолданады. Шынында ол батик техникасында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді екен. Қанша уақыт өтсе де бұдан шығармашылық ләззат алатынын жасырмайды.

Суретшінің туындыларынан ыстық батиктің «крак­ле» сияқты дәстүрлі тәсілдерін қолданатыны, түс­терді мінсіз әрі дәл таңдай білетіні байқалады. Табан­дылық пен қажырлы еңбегінің, ізденісінің арқасында бүгінде көптеген марапат пен атаққа ие болған.

Айта кетейік, суретшінің қоржынында ұлттық киім үлгілері де бар. Көрмеге суретшінің кескіндеме және батик үлгісіндегі 100-ден астам туындысы ұсынылды әрі авторлық ұлттық киімдердің сән үлгісі де көрсетілді.

Жасампаз өнер иесінің шығармашылығын өркен­дету арқылы жалпы суретшілердің мәртебесін көтеруді көздеген ұйымдастырушылардың сөзіне сүйен­сек, алдағы уақытта атаулы көрмедегі батик өне­рінің ерекше туындыларын елорда тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.