Жақында АҚШ президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керримен кездесуде Еуропалық Одақ пен АҚШ өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға келісті. Соған сәйкес қарашада Глазгода өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының климат саммитінде (COP26) айтылатын міндеттемені айтарлықтай арттыру мақсатына халықаралық коалиция топтастырылмақ.
Шегінуге жол жоқ. Құрғақшылық, аштық, су тасқыны және жаппай қоныс аудару секілді климаттың бақыланбайтын өзгеруі миграцияның жаңа толқынына әкеп соғуы мүмкін. Су көздеріне, егістік жерлер мен табиғи ресурстарға байланысты қақтығыстардың жиілігі мен қарқындылығын едәуір арттырады. Климаттың өзгеруі мен биоалуандықтың жойылуымен күресуге мол инвестиция қажет екенін алға тартатындарға жауабымыз әзір. Әрекетсіздіктің шығыны әлдеқайда көп.
Климат пен биоалуандықтың дағдарыстарымен күрессек, бәрі сәтті болады. Жұмыс орындары ашылады, ауа мен су тазарып, пандемия сирейді, денсаулық пен әл-ауқат жақсарады. Бірақ кез келген транзит кезеңі секілді, алдағы өзгерістер кейбіреулерге жақпайды, алайда басқаларға тиімді болмақ. Мемлекеттер арасында, ел ішінде шиеленіс тудырады. Көмірсутегіге иек артқан экономикадан жаңартылатын энергияға негізделген тұрақты экономикаға өтуді жеделдету үшін мұндай геосаяси әсерлерге көз жұма қарай алмаймыз.
Атап айтқанда, транзит нәтижесінде негізгі билік қазба отынды бақылайтын және оның экспортымен айналысатындардан болашақтың жасыл технологияларын игеретіндерге ауысады. Мәселен, қазба отындарын біртіндеп тоқтату Еуропалық Одақтың стратегиялық жағдайын айтарлықтай жақсартады. Әсіресе энергия импортына тәуелділігін төмендету арқылы. 2019 жылы мұнайдың 87 пайызы мен газдың 74 пайызы шетелден келді. Осылайша, сол жылы құны 320 миллиард еуродан (386 миллиард доллар) асатын қазба отын импорттадық.
Сонымен қатар жасыл энергетикаға көшу арқылы ежелден келе жатқан стратегиялық маңызды аймақтардың, мәселен Ормуз бұғазының өзектілігі төмендеп, нәтижесінде қаупі де сейіледі. Теңіздегі осындай маңызды бағыттар талай жылдан бері әскерилердің басын қатырып келген. Бірақ мұнай дәуірі өтіп бара жатқандықтан, оны иемденуге талпынған аймақтық және жаһандық державалардың таласуы да азаяды.
Энергетика импортын тоқтату сондай-ақ қазіргі кезде ЕО нарығына тәуелді Ресей секілді елдердің кірісі мен геосаяси қуатын төмендетуге көмектеседі. Әрине, аталған елдің табысының өзегі саналатын ресурстан айырылу көп ұзамай-ақ тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Әсіресе Кремль бұдан авантюризм көрсе. Дегенмен ұзақ мерзімде таза энергетикаға иек артқан әлемде таза үкімет те орнайды. Өйткені дәстүрлі қазба отын экспорттаушылар өз экономикаларын әртараптандырып, өздерін «мұнай қарғысынан», сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтан құтқарады.
Әйтсе де, жасыл энергетикаға көшу үшін сирек кездесетін шикізат қажет. Олардың кейбірі табиғи ресурстарды сыртқы саясат құралы ретінде пайдалануға дайын елдерде шоғырланған. Мұндай төніп келе жатқан қауіпті екі жолмен шешу қажет. Аталған негізгі ресурстарды қайта өңдеуді көбейту және экспорттаушы елдермен кең көлемді одақтар құру.
Оның үстіне, басқа елдер климатқа қатысты міндеттемелерін Еуропалық Одақпен сай келтірмесе, «көміртектің ағу» қаупі бар. Сондықтан ЕО көміртегі шекарасын реттеу механизмі (CBAM) бойынша жұмыс істейді. Кейбір елдер, тіпті одақтастарымыздың арасында бұған алаңдайтындар бар екенін білеміз. Бірақ біздің бағытымыз айқын. Өндіріс кезінде көміртегі газын көп шығаратын тауарларды импорттағанда арнайы баға белгілеу жазалау немесе протекционистік сипатқа ие емес.
Жоспарларымыздың Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерімен сәйкес келетініне кепілдік береміз. Көзқарасымызды түсіндіру мақсатында халықаралық қоғамдастықпен жұмыс істейміз. Мақсатымыз – ынтымақтастықты жеңілдету, басқа елдердің климаттың жылынуына жол бермеуге қатысты міндеттерін орындауға көмектесу. CBAM көш басына шығуға бәсекені арттырады деп үміттенеміз.
Жасыл энергетикаға ауысу экономиканы орнықтыландырып, тұрақтандырғанымен, әлемдегі жанжал мен геосаяси бәсекелестікті бірден тоқтатпайды. Еуропалық Одақ ешқандай иллюзияға бой алдырмай, түрлі аймақтардағы саясатының әсерін талдауы қажет. Оның ықтимал салдарын ескеріп, ықтимал тәуекелдерді нақтылауы тиіс.
Мәселен, температурасы дүниежүзілік орташа деңгейден екі есе тез көтеріліп жатқан Арктикада Ресей, Қытай және басқа мемлекеттер қазірдің өзінде мұз астындағы территория мен ресурстарға таласып, геосаяси әсер етуге талпынып жатыр. Аталған державалардың бәрі шиеленісті азайтуға және «Арктиканы Арктикада ұстап тұруға» қатты мүдделі болса да, қазіргі ұстаным үшін талас бүкіл аймаққа қауіп төндіреді.
Еуропаның оңтүстігінде күн мен жасыл сутегіден энергия өндіруге, жаңартылатын энергияға негізделген тұрақты өсудің жаңа модельдерін құруға орасан зор әлеует бар. Осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін Еуропаға Сахараның оңтүстігіндегі және басқа өңірдегі елдермен тығыз ынтымақтастық қажет.
Еуропалық Одақ жасыл энергетикаға көшуге бет бұрды. Өйткені ғылым не істеуіміз қажеттігін айтады, экономика нені істегеніміз жөн екенін үйретеді, ал технология қолымыздан келетінін көрсетеді. Таза технологиямен жұмыс істейтін әлем адамдардың әл-ауқатын жақсартып, саяси тұрақтылыққа әкелетініне сенімдіміз. Бірақ оған жету үшін әлі де тәуекелдер мен кедергілер жетерлік.
Сондықтан климаттың өзгеруі жөніндегі геосаясат бәрімізге әсер етуі тиіс. Геосаяси тәуекел бағытымызды өзгертуге немесе кері бағытта жүруге жеткіліксіз. Керісінше, өтпелі кезеңдегі атқаратын іс-шараларды жеделдетуге түрткі болуы керек. Жаһандық қоғамдық тауарлар бәріне неғұрлым ертерек қолжетімді болса, соғұрлым жақсы.
Франс ТИММЕРМАНС,
Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті,
Джозеп БОРРЕЛЛ,
Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі, Еуропалық комиссияның Әлемдегі күшті Еуропа жөніндегі вице-президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org