Білім • 05 Мамыр, 2021

Досмұхамедов университеті – Атырау өңіріндегі білім және ғылым орталығы

6380 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылында Атырау өңіріндегі алғашқы және іргелі оқу орны саналатын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті өзінің 70 жылдығын атап өтті. Осы атаулы кезеңге орай университетте «70 жылдыққа – 70 нақты жетістік» кешенді бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылды. Білім, ғылым, мәдениет, спорт, әлеуметтік қолдау саласын қамтыған жоспардың нәтижесінде алға қойған меже орындалды.

Досмұхамедов университеті – Атырау өңіріндегі білім және ғылым орталығы

Еліміздің экономикалық қуатты өңірін­дегі іргелі университет өзінің дамуының әр кезеңінде де өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына үлес қосып, қоғам­дық өміріне етене араласып келді. Универ­ситеттің қазіргі жетістіктері педагоги­калық ұжымның қалыптастырған дәстүр­лері мен жаңа инновациялық жобалары­ның тиімді үйлесімі арқылы мүмкін болуда. Еліміздің білім және ғылым саласында болып жатқан оң өзгерістер жергілікті университеттердің өңірдің бәсекеге қабілетін арттыру факторына айналуына үлкен мүмкіндіктер тудырады.

Тәуелсіздіктің нығаюымен бірге жаңа даму сатысына көтерілген оқу оның алғаш 1950 жылы барлық өңірдегідей педагогикалық оқу орны ретінде құрыл­ды. Университеттің тарихына байланыс­ты зерттеу жүргізіліп, орны тарихы 1940 жылдан бастау алатындығын архив құ­жат­тарымен дәлелдеді. 1955 жылы педа­гогикалық инс­титут, 1994 жылы Аты­рау университетіне айналды. Қазақ­станның батыс аймағында алғаш болып университет мәртебесін иеленді. «Баршаға арналған қазіргі заманғы мем­лекет» институттық реформасы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» жос­парының 78-ші тармағында «Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңмен кеңейту. Коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік ЖОО-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялау» деп атап өтілгендей, 2020 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесіне көшті. Бұл өзгеріс жоғары оқу орнына жақсы мүмкіндіктер беріп, қаржылық саясатына ықпал етіп, академиялық дербестігін қамтамасыз етеді. Оның нәтижесі көріне бастады, бұл бәсекеге қабілетті оқу орны болу жолындағы жұмыстарымызды күшейте түсті. 

Президент Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ат­ты Қазақстан халқына Жолдауында ай­­тылғандай, Білім және ғылым минис­тр­лігінің бастамасымен ғылымға қолдау жә­не зияткерлік әлеуетті дамыту үшін бәсе­кеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық ар­тық­­шылық орталықтары құрылады. Бұл өңірлік университеттердің дамуына үл­кен көмек. 2021-2024 жылдарда бұл жобаны іске асыру үшін жоғары оқу орындарына 4 млрд теңге бөлу жоспарланған. Жобаға қатысушы ретінде Досмұхамедов университеті Атырау өңірінің дамуына ықпал ететін Цифрландыру саласындағы технологиялық құзыреттілік орталығын ашуды ұсынды. Сонымен қатар өңірдің қазіргі таңдағы өзекті мәселелерін шешу мақсатында химиялық технологиялардың оқу-ғылыми зертханасы, экология және қоршаған ортаны қорғау оқу-ғылыми зертханасы, биотехнология оқу-ғылыми зертханасы, наноматериалдарды кешенді зерттеу оқу-ғылыми зертханасы, оқу-ғылыми IT-зертханасын ашу жоспарлануда. Университет өңірдегі ірі кәсіпорындармен әріптестік аясында шетелдік ЖОО мен трансұлттық компанияларды қатыстырып, IT мамандықтар бойынша жаңа білім бағдарламалары жасалады.

Қазіргі заманғы ЖОО-ның страте­гия­лық жаңаруында цифрлық трансфор­мация да ерекше рөл атқарады. Біз IT-ре­сурс­­тарды қайта жаңғыртуда адами әлеуетті дамыту, кәсіби капитал мен кор­по­ративтік мәдениетті жаңарту, оқу орны­ның әлеуметтенуі, коммуникация­сы, барлық ішкі процестерді оңтайландыру жұмыстарын қолға алдық. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті IT бағыт бойынша кадрларды QWANT жоғары тех­нологиялар мектебімен бірлесе да­йындауды бастап кетті. QWANT – бірегей онлайн АКТ саласындағы кадрларды даяр­лауға арналған жоғары технология­лар мектебі, Еуропа мен АҚШ-тың үз­дік бағдарламалау мектептерінің озық тәжіри­бесін біріктірген QWASAR платформасы. Қазіргі уақытта QWANT жоға­ры технологиялар мектебі біздің білім бағ­дар­ламаларымызға талдау жасауда. QWANT жоғары технологиялар мектебімен бірлесе белсенді оқыту (мұғалімдерсіз, дәрістерсіз және бағаларсыз), тең андрогогика (peer-to-peer), жобаны басқару, геймификация, рөлдік модельдеу, онлайн бағдарлама және менторларды қолдау, кәсіби қауымдастық және мансаптық өсу, нақты кейстер, техни­калық сұхбат, бұлтты шешім, студент­тің үлгерімін автоматты түрде бағалау және бақылау, кіріктірілген репозито­рий сияқты кадрлар дайындаудың мүмкіндіктерін пайдаланамыз.

Өткен жылы басталған пандемия жағ­дайы бізде цифрлы ресурстарды дамыту қажеттілігін арттырды. Университеттегі электронды оқулықтар даярлау зертханасы ашық онлайн курстар дайындауға кірісті. IT цифрлы университетті дамыту тұжырымдамасымен жұмыстар атқарылды. Ақпараттық технологиялар орталығы, баспахана, оқу-телерадио орта­лығы, компьютерлік сыныптар онлайн форматтағы оқу үдерісін сапалы ұйым­дастыруға жұмылдырылды. Компью­терлік парк жаңадан 200 дана компьютерге жаңартылды.

Университеттің «2020-2022 жылдарға арналған даму стратегиясы» бойынша отандық танымал IT мамандары әзірлеген HeRo (Hero Study Space) білім үдерісін бас­қару жүйесі жұмысын бастады. Жүйе дәс­түрлі білім беру жүйесімен бірге қашықтан оқу технологиясын тиімді пайдалануға, сту­дент пен оқытушының жұмыс әрекетін жеңілдетуге, оқу үдерісінде универ­ситеттің қарапайым қызметкерінен бас­тап басшылығына дейінгі барлық тұлғасының жұмыс тиімділігін жақсартуға ықпал етеді. Бұл жүйе арқылы 2020 жыл­ғы оқуға қабылдау науқаны онлайн авто­мат­тан­дырылған жүйемен жүрді. Сондай-ақ цифрлы университетті дамыту бізге оқыту­шыларымыз бен студенттеріміздің әлемдегі үздік білім беру ресурстарын, электронды кітапханаларды, жаңа оқу технологияларын қолдануға мүмкіндік береді. Қазір өңірдің алдағы жылдағы мамандарға сұранысын саралау, универ­ситет түлегінің моделі, мамандықтар атла­­сын жасау бо­йынша жұмыстарды «ASU­in­no­vation» жобалық кеңсесі арқылы жүргізуде.

Университетте өңіріміздегі иннова­ция­лық идеялар мен стартаптарды қол­дау аясында I-Space Бизнес-инкуба­торы базасында студенттер мен жас қыз­мет­керлердің стартап жобаларын қаржы­ландыруға университетішілік «Startup-2020» бизнес жобалар конкурсы өтті. Жастардың стартап жобалары 200 мың теңгеге дейінгі сомаға шағын грант­тар, 500 мың теңгеге дейінгі орташа грант­тар, 1 млн теңгеге дейінгі ірі гранттар са­наттарына жіктелді. Жеңімпаздарды Аты­рау облысының «Атамекен» кәсіпкер­лер палатасының, Кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму басқар­ма­сының өкілдері, табысты кәсіпкерлерден құрылған тәуелсіз сарапшылар анықтады.

Жергілікті жоғары оқу орны өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, экологиялық мәселелерді шешудің ғылыми жолдарын зерделейтін ғылым орталығына айналды. Университетте физика, математика, фило­логия, тарих, педагогика және т.б. ғылымд­ар саласында ғылыми бағыттар мен мек­тептер қалыптасты. Ғалым­дары­мыздың ғылыми-зерттеу қызметі кең ауқымды қамтиды және ғылымды дамыту­дың басымдықтары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер аясында орындалады. Деректерге сүйенсек, соңғы жылдары ғы­лыми-зерттеу жобаларымыз көлемінің өсімі байқалады. Университеттегі ғылыми зерт­теуді қаржыландыру көлемі 2019 жыл­мен салыстырғанда 2020 жылы 2 есе өсті.

Қазіргі кезеңде халықаралық деңгей­дегі бәсекеге қабілетті жоғары оқу орнына айналу үшін ғылыми-инновациялық даму бағыты алға қойылды. Ғылыми-зерттеу қызметін дамытуда Ресей, Түркия, Иран, Әзербайжан, Канада, Ұлыбритания университеттері және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық жасалды. Халықаралық Erasmus+ бағдарламасы бойынша «Орталық Азия/ TRIGGER түлектерді жұмысқа орналас­тыру мүмкіндігін жақсартуға жағдай жасау негізінде инновациялық тәсілдерді, кәсіпкерлік дағдылар мен нұсқауларды бастамашылық ету және енгізу» халық­аралық жобасы бастау алды. Жоба аясында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және ЕО (Словения) университеттерімен бірлесіп, жұмысқа орналастыру көрсеткіштерін жақсарту бойынша білім беру платформасын енгізу жоспарланды. Сонымен қатар Simon Fraser University канадалық университетімен бірге «Инклюзивті білім беру» халықаралық ғылыми жобасы ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру мәселелерін шешуге бағытталған жоба жұмысы басталды. Жобаға Қазақстан, Канада, Иорданияның үкіметтік емес ұйымдары тартылған.

Университет саясатының маңызды бөлігі – педагогтер мен студенттердің әлеу­­меттік қорғалуы. 2020 жылы екі рет еңбек­­ақы өсіру жүргізілді. 2021 жыл­ғы қыр­­күйекте тағы көтеру жоспар­ланды. Ғылыми әлеуетті көтеру және жас ға­­лым­дарды жұмысқа алуға кешенді жұ­мыстар жүргізілді. Бүгінде 11 PhD жұмыс жұ­мыс­қа қабылданды, әлі де 40-тың үстінде докто­рантураны бітірген жергі­лікті жас ғалым­дардың келуі күтілуде. Дис­сер­тацияларын қорғаған докторанттарға сыйақы төлеу, оқытушыларға KPI көрсеткішімен төле­мақы төлеу ынталандырудың жақсы әдісі екенін дәлелдеді.

Өңірдегі проблемалық мәселелердің бірі – мұғалім кадрларының тапшылығы мен сапасы. Осыған орай университет «USTAZ» мүмкіндіктер мектебін ашуды бастады. Білім және ғылым министрлігінің педагог мәртебесін көтеру мен білім сапасын арттыру бағы­тындағы жұмыстарының аясында жүретін жоба мектеп мұғалімдеріне қосымша білім алуға, кәсіби дамуына жағдай жасайды. Сонымен қатар келешекте ұстаздық мамандықтарға баулу үшін ер балалар мектебі осы жоба арқылы жүргізілмек.

Өңірдің дарынды жастарын қолдау үшін «Алтын белгі» иегерлеріне, оның ішінде педагогикалық мамандықтарға келгендерге, гранттар және шәкіртақылар төлеу дәстүрі қалыптасты. Жастар бас­тамаларын қолдау, студенттік өзін-өзі басқару, дебат қозғалысы негізінде Досмұ­хамедов университетінің оң нәтижелі табыстары мол.

Оқу орнындағы барлық іс-шаралар білім беру мен ғылымды дамытудағы ел сая­сатына, Білім және ғылым министр­лігінің, сон­дай-ақ өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық даму бағдарламасына сай жүргізіледі.

Қазіргі әлемде білім мен ғылым қоғам дамуын жаңа белеске көтерер қуатты күшке айналып отыр. Қазақстан білім мен ғы­лым жүйесінде инновациялық даму бола­шағын таңдады. Университеттік білім бе­руде ғылыми зерттеу жүйесі бас­ты тірек болып саналады. Осы арқылы аймақ­­тық университет өңірдің әлеуметтік-эконо­­микалық дамуына өз үлесін қосады. Х.Дос­мұхамедов атындағы Атырау уни­вер­­ситетінің бұл бағыттағы таңдауы айқын.

 

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры