Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мәліметтері бойынша елімізде ағзаның иммун тапшылығы вирусына шалдыққан 500-ден астам бала мен жасөспірім тіркелген. АИТВ-мен өмір сүретіндерге қатысты кемсітушіліктің көптеп кездесуіне байланысты былтырғы жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ мамандары алты өңірлік мектепте психоәлеуметтік қолдаудың ұлттық стандарттарын енгізудің қанатқақты жобасын жүзеге асырған болатын. Осы орайда сарапшылар мектептерде, интернаттарда, мектепке дейінгі және медициналық мекемелерде кемсітушілік жағдайлардың көп кездесетіндігін анықтаған.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық-Азиялық қауымдастығы» бірлесіп ұйымдастырған АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған ақпараттық науқан ендігі кезекте Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалаларындағы 30 мектепте сәуір, мамыр айларында жалғасын табатын болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов атап өткендей, аталған шара АИТВ-мен және өзге де созылмалы аурулармен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге жағымсыз күйзелістерге бой алдырмай, денсаулығын сақтауға бағытталған.
«АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық Азия қауымдастығы» ЗТБ президенті Нұрәлі Аманжоловтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің мүддесі үшін мектеп қызметкерлерінің АИТВ, оның берілу жолдары мен алдын алу туралы толық білімі болуы маңызды. АИТВ баланың басқаларға ешқандай қауіп төндірмейтінін, ал мектеп – кемсітушіліктен қорықпай, әркім қолдау таба алатын орын екенін түсінуі тиіс. Аталған қор тарапынан «Стигма индексі» бойынша зерттеу жүргізілген. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі кемсітушілікке медициналық ұйымдарда тап болады екен. Аталған қор оны болдырмаудың жолдарын қарастыра отырып, дәрі-дәрмек бағасын арзандатуға, емдеу хаттамасын жақсартуды жетілдіріп келеді. Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен атап өткендей, әр баланың кемсітусіз және құқықтары мен мүдделері бұзылмай өмір сүруге құқығы бар. Сондықтан да осал топқа жататын балаларға ерекше назар аудару керек. Мектептерде қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарау керек. Осындай орталарда ғана өздерін жайлы сезіне алатын АИТВ-мен өмір сүретін балалар үшін мектеп оқушылары мен қызметкерлерінің достық пейілі және қолдау көрсетуі аса маңызды.