Ақша алу үшін өзбекстандықтар «Салауатты өмір салты» қосымшасын телефонға орнатып, электронды үкіметтің қолданушыларды бірыңғай идентификациялау жүйесіне тіркеліп, антропометриялық деректер мен электронды шот нөмірін көрсету керек. Ақшалай төлем алға қойылған мақсат табысты орындалған кезде автоматты түрде түсіп отырады.
Платформа 10 мамырдан бастап тест режимінде, 1 маусымнан бастап толық форматта жұмыс істемек. Осылайша, 10 мың қадам нормасын орындаған азаматтар күнделікті 3 мың сом (шамамен 125 теңге) ала алады. Сонымен қатар егер өз қаласында, облысында және республика бойынша үздік деп танылса, айына 300 мың, 500 мың және 1 млн сом табыс табу мүмкіндігі бар. Бұл төлемдер алкоголь және темекі бұйымдарын өндірушілерден алынған жинақ есебінен төленеді. Өзбекстандықтарды жаяу серуендеу үшін ынталандыру өткен жылы «Салауатты өмір салтын кеңінен енгізу және әрі қарай бұқаралық спортты дамыту бойынша шаралар туралы» Өзбекстан Президентінің қаулысында жазылған еді.