Кеңес Одағының Батыры атағы – кеңестік марапаттау иерархиясындағы ең жоғары және құрметті атақ болды. Ол – КСРО Орталық Атқару комитетінің 1934 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен бекітілген. Онда: «1.Мемлекет алдында көрсеткен жанқиярлығы мен жеке немесе ұжымдық ерлігі үшін ең жоғарғы ерекшелік белгісі – Кеңес Одағының Батыры атағын беру белгіленсін. 2. Кеңес Одағының Батыры атағы тек КСРО-ның Орталық атқару комитетінің қаулысымен беріледі. 3.Кеңес Одағының Батырларына ерекше грамота беріледі...» делінген.
Кеңес Одағының Батыры атағы ең алғаш 1934 жылы 20 сәуірде полярлық «Челюскин» мұзжарғыш кемесін құтқарушылар тобындағы 7 адамға берілді. 1936 жылы 29 шілдеде КСРО Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы туралы ереже бекітілді. Сол бойынша бұл жоғары атаққа ие болғандарға грамотаға қоса, Ленин ордені де тапсырылатын болды.
1938 жылы 2 қарашада Мәскеуден Қиыр Шығысқа қос моторлы АНТ-37 «Родина» ұшағымен қонбай ұшу кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін ұшқыштар В.Гризодубоваға, капитан П.Осипенкоға және аға лейтенант М.Расковаға Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордені қоса тапсырылды. В.Гризодубова әйелдер арасындағы тұңғыш батыр атанды. 1939 жылы күзде КСРО бойынша 122 адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың екеуі – ұшқыштар В.Чкалов пен С.Леваневский бұл кезде қаза болған еді. 19 адамға бұл атақ олар қайтыс болғаннан кейін берілді.
1939 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Кеңес Одағының Батыры ерекше атағы туралы қосымша белгілер» жөнінде Жарлығы жарық көріп, 1936 жылы қабылданған, «Батыр атағы бір-ақ мәрте беріліп, екінші рет батырлық көрсеткендерге Ленин ордені ғана беріліп, туған жерінде қола мүсінін орнату» жөніндегі ережеге өзгерістер енгізді. Осы ережеге сәйкес, 1939 жылы 29 тамызда Моңғолияның Халкин-Гол аумағында жапон интервенттерімен болған ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ұшқыштар майор С.Грицевец және полковник Г.Кравченко алғашқылар қатарында екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 1939 жылы күзде Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғандарға алғашқы «Алтын медальдар» беріле бастады. Ең алғашқы №1 «Алтын медаль» ұшқыш А.Ляпидевскийге бұйырды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында КСРО бойынша 626 Кеңес Одағының Батыры болды. Олардың бесеуіне бұл атақ екінші мәрте берілді. Соғыс кезінде – 11 739 адамға батыр атағы берілсе, олардың 3051-іне бұл атақ өлгеннен кейін берілді. Соңғы рет Кеңес Одағының Батыры атағы 1991 жылы 24 желтоқсанда 500 метр су астындағы тереңдікте тәжірибе жасаған 3-ші рангалы капитан Л.Солодковқа берілді. Ал қазақтардан бұл атақты гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы алды.
Жалпы, КСРО кезінде Кеңес Одағының Батыры атағын 12 862 адам алса, оның ішінде, бұл атақ – 3266 адамға өлгеннен кейін берілген. 154 адам бұл атақпен екінші мәрте марапатталса, 9 адамға қаза тапқаннан кейін берілген. Сондай-ақ бұл жоғарғы атақ үш адамға үш мәрте берілген (Буденный, Кожедуб, Покрышкин). Екі адамға батыр атағы төрт мәрте берілген (Жуков, Брежнев).
Батырлар арасында 95 әйел бар, олардың арасында ғарышкер-ұшқыш Савицкая бұл атаққа екі рет ие болған.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандық 500 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Соның ішінде 96-сы қазақ ұлтының өкілі деп танылып жүр. Кеңестік идеологияның кесіп-пішуінен өткен осы дерек тарих бетінде шегеленіп қалған. Бірақ уақыт тарихқа өз түзетулерін енгізуде. Біз бүгінгі таңда Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ жауынгерлерінің тізімін 105-ке жеткізіп отырмыз. Бұл тізім осыдан үш жыл бұрын 103 болатын. Өткен жылдары Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ жауынгерлерінің қатары бірден екі адамға толықты. 104-ші батырымыз – кезінде ұлты өзбек болып жазылып кеткен Іният Наурызбаев. 1999 жылы Қарақалпақстанда дүниеден өткен батыр – тек марапаттау қағазында ғана ұлты өзбек болып қате жазылып кеткені болмаса, дүниеге қазақ болып келіп, қазақ болып бақиға аттанған тұлға. 105-ші батыр – Ростов облысының Ақсай қаласында дүниеге келіп, Қырым түбегінде ерлікпен қаза тапқан қандасымыз Филипп Рубахо. Ол туралы алдағы уақытта арнайы зерттеу амалдарын жүргізбекшіміз. Ныспысына қарап, орыс демесең, оның туу жөніндегі куәлігінде ұлты қазақ екені көрсетілген. Жалғыз өзі 400-ге жуық неміс солдатын жайратқан мергенге 1944 жылы 22 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Бірақ ол туралы мәлімет аз. Негізі, балалар үйінде тәрбиеленген болуы керек.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлері ар мен намысты биік ұстап, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-бабаларының өсиеттеріне адал, қайтпас ер халық екенін әлемге әйгілі етті. Сұрапыл соғыс кезінде Украина үшін болған шайқаста – 200, Ресей үшін болған шайқаста – 70, Беларусь үшін болған шайқаста 50-ден астам, Латвия үшін шайқаста – 8, Молдованы азат етуде – 7, Литвада – 6, Эстонияда – 1 жерлесіміз батыр атанды. Қазақстандықтардың ішінде 3 адам екі мәрте батыр атағына ие болды.
Қазақстандықтар Еуропаны азат етуде де жан аямай шайқасты. Мәселен, Польшаны азат етуде – 47, Венгрияда – 22, Чехословакияда – 7, Румынияда – 5, Аустрияда – 3, Югославияда – 2, Германияда – 63 және Жапонияға қарсы соғыста – 3 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Осы кеңестік марапаттар иерархиясындағы ең жоғарғы атақтан түрлі жағдайда айырылып қалғандардың арасында қазақстандық батырлар жоқ.
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, түрлі идеологиялық көзқарастарға байланысты қазақстандық жүзге жуық жауынгер тиісті атақтармен марапатталмай қалған. Мәселен, кезінде Ташкент және Алматы қаласының бас архитекторы болған, профессор Малбағар Меңдіқұлов соғыс жылдары саперлер батальонының командирі болған. Жаудың миналап кеткен жолдарын тазарту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда Жоғарғы қолбасшылық оны «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттаған. Невель қаласын азат етуде фашистердің 280 жауынгерінің көзін құртқан мерген, жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов те Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ даңқты жерлесімізге Ленин ордені ғана бұйырған. Полковник Әбілқайыр Баймолдин 100-ші дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары болып жүргенінде қарамағындағы жауынгерлерді ұрысқа бастап шығып, ерлікпен қаза тапқан. Әскери басшылық оны да батыр атағына ұсынған. 1942 жылы мергендер полкін басқарған шымкенттік Тілеуғали Әбдібеков бір өзі 395 фашисті жер жастандырған. Соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін батыр атағына ұсынылғанымен, оған да бұл жоғары атақ берілмеген. Сондай-ақ Чехославакия жерінде ерлікпен қаза тапқан мерген қыз, орынборлық Сұлушаш Нұрғожина Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, қолдау таппаған. Ерлігі сол кезде еленбей қалған жауынгердің бірі – ақтөбелік Әлеукеш Көбеков. Беларусь жерін азат етуде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін батыр атағына ұсынылғанымен, марапат өз иесін таппаған. Қызылордалық Мұса Рыскелдиев Германияның Франкфурт қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Қызыл ізшілердің тапқан құжаттары бойынша оған Кеңес Одағының Батыры берілген болып шығады. Бірақ іздестіру жұмыстарында оның «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғаны анықталған. Даңқты армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің қандыкөйлек майдандас досы, жаудың он бес танкісінің көзін жойған Аманша Меңдіғалиев те Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады, бірақ ол атақ оған да бұйырмаған.
Әскери басшылық батыр атағына лайықты деп тауып, ұсыныс жасаса да, «Даңқ» орденімен төрт рет марапатталған Темірғали Исабаевқа, Берлинді алғаш бомбалаған Біләл Қалиевке, қазақтың 100-ші ұлттық бригадасының зеңбірекшілері Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Рымбек Бәйсейітовке, артиллерия командирі Балтабек Жетпісбаевқа, саяси жетекші Рашид Жанғожинге, ұрыс кезінде жаудың екі жүз жиырма жеті жауынгерін жер жастандырған Ысқақ Әлиевке, бір ұрыста жаудың отыз сегіз жауынгерінің көзін құртып, қырық тоғызын тұтқынға алған Алқар Оңғаровқа, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, полк комиссары болған Хаби Халиуллинге, гвардиялық танк полкінің командирі Ғали Әділбековке, Берлинді алуға қатысқан, зеңбірекші Әбен Ахметовке, жаудың он екі танкісінің көзін жойған зеңбірекші Сембай Қалиевке, Беларусьте партизандар штабын басқарған Нұрғаным Байсейітоваға, пулеметшілер взводының командирі Ернияз Сәтовке, Сталинград қаласын қорғауда ерлігімен көзге түскен Қожамсейіт Шаяхметұлына, Ленинград, Курск, Тула қалаларын азат ету кезінде жанқиярлық ерлік көрсеткен Қабыкен Жарылқасынов пен Қотырбай Құдакелдіновке бұл атақ берілмеген.
1965 жылдан бастап Батыр атағы қалаларға да беріле бастады. Сол жылғы 8 мамырда Жеңіс күні қарсаңында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Батыр қалалар» туралы ережені бекітіп, алғашқы Жарлықпен – Волгоград (Сталинград), Киев, Ленинград, Мәскеу, Одесса, Севастополь қалаларына «Батыр қала» атағын берумен қатар, қала туларына «Алтын медаль» мен Ленин ордені қадалды. Брест қамалына «Батыр бекініс» атағы берілді. Кейінірек батыр қалалардың саны 12-ге жетті. Олардың қатары – Керчь, Новороссийск, Минск, Тула, Мурманск, Смоленск қалаларымен толықты. Бұл да идеология. Соғыстан кейінгі жылдары күйреген орыс қалаларын қалпына келтіру қажеттілігі туды. Ол үшін ортақ қазынадан мол қаржы бөлу керек еді. Осылайша орыс қалалары гүлденіп, көркейді.
Кеңес Одағының Батыры атағы шет мемлекеттердің 44 азаматына берілген. Олардың ішіндегі жалғыз әйел – А.Кживон қатардағы автоматшы болған. Т.Костюшко – осы атаққа ие болған жалғыз поляк жауынгері. Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенімен, айырма белгісі ретінде «Алтын медаль» мен Ленин ордені тапсырылмаған батырлар да бар. Мәселен, Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловаға «Алтын Жұлдыз» бен Ленин ордендері берілмеген. Олардың туыстарына КСРО Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы ғана берілген. Осы жолдар авторының кезінде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісіне Мәншүк пен Әлия апаларымызға тиесілі «Алтын медальға» байланысты жазған хаты нәтиже бермеді.
Кеңес Одағының Батыры атағы берілген адамдар бүкілхалықтық даңқ пен құрметке бөленді. Олардың портреттері газеттерге, мектеп оқулықтарына басылып, есімдері бүкіл елге танылды. Бірақ бәрі бірдей бұл даңқтың салмағын көтере алмады. Әр уақытта және әртүрлі себептермен 100-ден астам адам құрметті атақтарынан айырылды. Олардың арасында кейіннен батыр атағына қайта ие болғандары да бар. Марапаттауға негізсіз ұсынылуына байланысты 13 адамға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жарлықтың күші жойылды. Кеңес Одағының Батыры атағынан қандай да бір себептермен немесе қылмыстары үшін 73 адам айырылған.
Кеңес Одағының Батыры атағынан айырылғандарға негізгі айып НКВД қызметкерлерінің ойдан құрастырған «Батырлар қастандығы» жаласы себеп болған. Олардың басым көпшілігі 1941-1942 жылдары сотсыз, тергеусіз атылған. Батырлардың жетеуі генерал дәрежесінде болған. Олардың арасында Батыр атағымен екі рет марапатталған генерал-лейтенант Смушкевич те бар. Соғыстың алғашқы айларындағы сәтсіздіктері үшін Кеңес Одағының Батырлары армия генералы Д.Павлов пен авиация генерал-майоры С.Черных тұтқындалып, атылып кетті. Командалық құрам арасындағы қуғын-сүргін соғыс біткеннен кейін де Сталин қайтыс болғанға дейін жүргізілген. Жеңістен соң үш Кеңес Одағының Батыры – маршал Кулик, генерал-полковник Гордов, майор Косса ең жоғары айып – ату жазасын алған. Осындай жаза кесілген 12 Кеңес Одағының Батыры кейін олардың іс-қимылында қылмыстық әрекет болмағандықтан ақталған. Олардың ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-лейтенанты Я.Смушкевич, Кеңес Одағының Батырлары авиация генерал-лейтенанты И.Проскуров, авиация генерал-лейтенанты Е.Птухин, авиация генерал-лейтенанты П.Пумпур, авиация генерал-лейтенанты П.Рычагов, авиация генерал-майоры Э.Шахт, генерал-полковник Г.Штерн бар.
Атылған батырлардың арасында жау жағына өтіп кеткен ұшқыштар да болды. Мәселен, аға лейтенант Б.Антилевский және капитан С.Бычковтардың іс-қимылын ақтай алмайсың. Соғыстан кейінгі кезеңде олардың істері бірнеше рет қайта қаралса да, оларды ақтау мүмкін болмады.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ