Қоғам • 06 Мамыр, 2021

Баспа нарығындағы бәсекелестік

1173 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Республикада кітап шығару ісінің ғасырға жуық тарихы бар. Соңғы отыз жылда қазақ кітабы өндірісін нарыққа бейімдеу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бір қарағанда күретамыры бүлкілдеп жатқанымен, саланың қарқынды дамуына кедергі келтіретін фактор көп. Бірқатар сарапшы кітаптың өзіндік құнына өндірістің қымбаттығы мен салық салмағы әсер етіп отыр десе, кейбір зерттеушілер қоғам сұранысына ие кітаптардың аздығын алға тартады.

Баспа нарығындағы бәсекелестік

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Күрмеуі шешілмеген мәсе­лесі көп салаға пандемияның сал­дары да оңай тиген жоқ. Өт­кен жылдан бері кітап нары­ғы­ның ойыншылары үлкен шы­ғынға батты. Баспалар мен кі­тап саудасымен айналысатын ме­кемелердің жұмысы тоқтап, тоқсан пайызға дейін табысынан айырылған. Сарап­шылар таяу уақытта кітап на­рығындағы қолайсыз жағ­дайлар бірте-бірте қал­пына келеді деп отыр. Алайда кітап­тың бағасы өсуі мүмкін. Зерт­теулер көрсеткендей, көп­теген от­басыда кітап тұтынушы себе­­тіндегі та­уар­лар тізіміне кірмеген. Десек те қоғамда қандай өзгерістер болсын, кі­тап­тың рухани өнім, тәрбие құ­ралы, ой-өрістің бас­тауы ре­тін­дегі миссиясы өзгермек емес.

Бүгінде қазақстандық бас­палар мен баспаханалардың көп­шілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында шоғырланған. Кітап палатасында тіркелген мыңнан астам баспаның барлығы дерлік кітап шығару ісімен айналыс­пайды. Отандық нарықта санау­лы баспалардың ғана өнім­дері сұранысқа ие. Ал кітап на­рығының 90 пайызға жуы­ғын көрші Ресейде шыққан өнім­дер құрайтын болса, қазақ оқыр­маны әлі күнге қазақша оқитын кітапқа зәру болып жүр.

Еліміздің облыстарында жүргізілген сауалдама нәтижесін сараласақ, 14 пен 30 жас аралығындағы оқырмандардың 80 пайызға жуығы кітапты сирек оқиды екен. Picodi.com-ның Еуропа, Азия, Сол­түстік және Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия және Қазақ­станда жүр­гізген зерттеулері қазақс­тан­дық­тар­дың 20 пайызы кітапқа деген қызы­ғу­шылығы жоқтығын анықтаған.

«Кітап өндірісі дамымай, менедж­ме­нт жолға қойылмайды», дейді біз­бен әңгімесінде жазушы-ғалым, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес. «Қоғамдағы кез келген проблема, мей­лі ол экономикалық болсын, саяси бол­сын, нақты шешімін таппай, ондаған жылдарға созылуы мүмкін емес. Өкі­ніш­­ке қарай, Қазақстандағы кітап өнді­рі­сінің түйінді мәселелері отыз жылдан бері шешімін таппай келеді. Біз осы уақыт ішінде қазақ кітабының жай-күйі, оның таралымы, кітап саудасы, т.б. туралы айтудай-ақ айтып келеміз. Түрлі іс-шара өтеді, бірақ оның бәрі кітап өндірісі атты үлкен кешенді мәселенің бір-бір үзік бөлігі ғана. Проблема ке­шен­ді болған соң, бірі шешілсе, бірі ше­шіл­мей­ді. Мәселен, авторлар бар­шы­лық, бірақ гонорар мәселесі мүлде жолға қо­йыл­маған. Гонорар мардымсыз болса да оны мемлекеттік тап­сы­рыс­­­­­пен шешкіміз келеді, бірақ бұл тұста бәсекелестік жоғалады. Бі­реу­­лер оны шелектеп пайдаланса, екін­­ші­леріне қа­сық­тап та тимейді», дейді Ғ.Әнес. Бас­паг­ерлер кітап сауда­сын да­мытқысы келгенімен дүкен ғи­ма­­­ратын жалға алу мен сатушының еңбек­­а­қысы өзін өзі ақтамайды дейді. Жыл сайын кітап тара­лы­мы құл­ды­рап келе жатқандықтан, өнім­нің ба­ғасы бірнеше есе өседі, ал оны тұ­ты­ну­­шының қалтасы көтермейді. Бір тонна қағаз сонау ит жылы 1 мың дол­лар болатын, әлі де сол 1 мың­ның ша­­масында, бірақ ол теңгеге шақ­қан­­да 75 мың теңге болды, одан соң 120 мың, 150 мың, ал қазір 430 мың теңге, осылай шарықтап кете береді. 20-30 жылдық тарихы бар баспалар кітап нарығындағы белгілі бір салаға (тақы­рып­қа) бейімделгісі келеді (мысалы, ноталы кітап, тарихи, медицина, спорт, балалар әдебиеті, әскери, техника, т.б.), бірақ оған түрлі ведомстволар тарапынан тұрақтылық, сабақтастық жоқ. Оның соңы редакторлардың әмбе­бап­тығына, терминологияның жүйе­ленбеуіне әкеліп соғады. Сонда «бұл түйіннің шешімі қандай?» деп қын­жылады баспагер. – Ол үшін артық ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Кітап өндірісін заманауи тұр­ғы­да да­мы­­ту қажет. Заманымыз – на­рық, ка­­питализм. Ендеше, ескі кеңес­тік, со­циалистік кезеңді аңсамай, капи­та­лис­тік жолмен алға жылжуымыз керек». Нарықшылардың айтатыны, Қазақстанда халық саны аз, баспа да, баспахана да жекеменшіктің қолында дейді. Кітап өндірісі жетім бала күйін кешуде, онымен айналысатын комитет те, департамент те, тіптен бөлім де жоқ. Осы орайда туризм саласы, болмаса медицинадағы сто­матология еске түседі. Олар да тұ­тас­­тай жекенің қолында, бірақ оларды дамыту стратегиясы, күнделікті так­т­икасымен айналысатын мекемелер бар. Сол сияқты кітап өндірісін де дамыту керек. Оған үлгі ретінде Германиядағы Кітап-сауда биржасын алуға болады. «Бұл – кітап өндірісін дамытудың на­ғыз заманауи нұсқасы. Осы сала мемлекетке миллиардтаған табыс пен салық түсіріп отыр. Егер үкі­мет кітап өндірісіне қаржы салып, капитализация жүргізсе, аздаған жылда барлық проб­лема шешілуі мүм­кін. Оған, әри­не, мемлекеттік тілдің мәрте­бе­сі­нің жоғарылауы, латын графикасына көшуіміз де ерекше серпін берері сөз­сіз» дейді Ғ.Әнес.

Тағы бір жанама мәселе, «Қазақ­стан», «Жалын», «Білім», «Ана тілі», «Қайнар» сияқты дәстүрлі баспа­ла­рымыздың өнімдері азайып, басшы­ла­ры­ның жасы ұлғаюына байланысты руханиятымыз бұрынғы позицияларынан айырылып барады. Аға буынның орнын басып келе жатқан жас баспагерлердің арасында кітап өндірісінің дамымай жатқанына өкінішпен қарайтындар аз. Олар электронды кітап, әлеуметтік желі­де кітап сату, кітап тарату деген мәселеге ден қойып, оны бүгінгі шоу-өмір­дің бір бөлшегі ретінде қарауға бейім. «Әлі бесіктегі күйінде жатқан кітап өндірісі көшін тоқтатып, оны «бұ­қаралық мәдениет» деңгейіне түсір­ер болсақ, руханиятымыздың ертеңгі күні қан­дай күйге ұшырарын көзге елес­те­ту­дің өзі қиын», дейді баспагер.

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек отан­дық кітап саудасы нарығының, жал­пы кітап шығару ісінің заңмен рет­тел­мегенін алға тартады. Бұл мәсе­ле соңғы жылдарда тіптен өзекті бола түсті. «Оқырманға қазақ тілін­дегі кітап­тар қолжетімсіз. Кез келген кі­тап дү­кеніне бара қалсаңыз, қазақ­ша кітап­тар жетімнің күйіндей. Ал орыс тілін­­дегі кітаптар еліміздегі кітап сау­­­да жүйесінің 80-90 пайызын құрай­ды. Кітап саудасы – үлкен бизнес һәм ұлттық идеологияның, рухания­ты­мыздың ажырамас бір бөлшегі. Демек, кітап шығару ісі мемлекеттің игілігіне жұмыс істеуі керек» деген А.Елге­зек кітап саудасынан түсіп жат­қан қомақты қаражаттың шетелге кетіп жат­қан­дығына алаңдаушылығын білдірді. Осы орайда алдағы уақытта қазақ тіліндегі кітаптардың санын арт­тыру үшін кезінде тілге қатысты талап­ты орындауда бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған 50\50 немесе 70\30 талабын кітап саудасы жүйесіне де енгізу маңызды дейді. А.Елгезектің айтуынша, бүгінде адамзатпен біте қай­насып келе жатқан кітап шығару өнді­рісінде қазақ авторларының құқы­ғы да қорғалмаған.

Жыл сайын тендерлерге қатысып, қомақты қаржы ұтып алып, есесіне көр­кемдік сараптамадан өтпеген, оқыр­манға қажетсіз кітаптарды шыға­рып отыр­ған баспаларға басқаша көзқарас қажет. Ол үшін баспа нарығында бәсе­келестік орта қалыптастыру керек. Сонда ғана қазақ оқырмандарының сұра­нысы қамтамасыз етіліп, ауыл кітап­ханаларына жөнелтіліп жатқан «ма­кулатураға» да, «жастар кітап оқы­майды» деген жаңсақ пікірге де тосқауыл қойылған болар еді. Мұның өзі үлкен бір науқанға айналса игі. «Ол үшін облыс, аудан әкімдеріне кітап сататын дүкендер желісін дамыту үшін арнайы тапсырма беріліп, электронды, аудио кітаптар нарығына да көңіл бөлінуі қажет. Осы орайда Алматы облысының Талдықорған қала­сында кітап дүңгіршектерінің пай­да болуын қуанарлық жағдай деп қа­былдаған Ақберен Елгезек «Соңғы бір-екі жылда кітап нарығында тың аудармалар, балалар кітаптары, іскерлік әдебиеттер көптеп шыға бастады. Бұл елімізде кітап нарығының аз болса да дамып келе жатқандығы мен кітап оқу культінің орала бастағанын көрсетеді», деп атап өтті. Бұған дәлел ретінде А.Елгезектің авторлығымен шыққан «Болмаған балалық шақ» кітабының бес мың таралыммен үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтуге болады. Бұл қазақ кітабына деген сұраныстың бар екенінің бір дәлеліндей. Алайда «Ме­ломан», «Книжный город» сияқты кітап саудасы дүкендеріне өз кітабымды өткізе алмадым» деп қынжылысын білдірген автор осы тұрғыда электронды кітап сауда жүйесінің де бір ізге түспегендігін, авторлық құқықтың заңмен қорғалмайтындығын алға тартты.

Аккаунт ашып алып, оқылымды автор­лардың кітабын әлеуметтік желі­лер арқылы саудалап жатқандарды сот арқылы жүгендеудің өзі қисынсыз. Осы орайда электронды кітаптар базасы да заңмен қорғалып, оның насихаты жасалуы қажет деп атап өткен автор бүгінде жұртшылықтың интер­неттен, әлеуметтік желілерден жа­лық­қанын айтады. Сондықтан да білімді көтеретін құнды дүниелерге жұрт­шылық мұқтаж болып отыр. Отан­дық кітап шығару ісін дамытуда шетел тәжірибесіне де көңіл бөлу қажеттігін алға тартқан А.Елгезектің айтуынша, Мәскеу метроларындағы оқырмандардың кітапсүйгіш тәжірибесі бізге де үлгі болса игі. Ал интернеттегі түрлі-түсті безендірілген орыс тіліндегі кітаптар­дан­­ көз сүрінеді. «Тағы бір ескере кететін жайт, жаңадан өсіп келе жатқан ақын-жазушылар үшін ше­телдің үздік қаламгерлерін тану маңызды. Оларға мектеп партасынан шетел классиктерінің шығармалары оқы­тылмайды. Орыс әдебиетін Еуро­па, Азия, тағы басқа елмен бөліп-жарып оқудың қажеті шамалы. Осы орайда орыс әдебиеті мектеп бағ­дар­ламасында шетел әдебиеті деген пәннің құрамында жеке бір тараумен беріліп оқытылса, мұның идео­ло­гия­лық маңызымен қатар, сала мамандары үшін де пайдасы зор болатыны анық, деп атап өтті А.Елгезек.

Бүгінде қоғамда көрнекті оқырман қалыптастырып жүрген баспагер, AmalBooks баспасының жетекшісі, бірнеше кітаптың авторы, Forbes Kazakhstan журналының қазақ нұсқа­сы­ның бас редакторы Бақытжан Бұқар­бай елімізде енді ғана дамып келе жатқан тәуелсіз баспагерліктің әзір­ге бизнестен гөрі ағартушылық бағытының басым екендігін айтады. «Кітаптарын мемлекеттік бағдарлама аясында шығаратын баспалардың қаржылық тәуекелдері аз деуге негіз бар. Ал тәуелсіз баспагерлер әрдайым тәуекелге барады, өйткені әдеби жобаларды дүниеге әкелу үшін өз қаражатын салады. Кітап өтпей қалса, шығының қайтпайды», деп атап өтті Бақытжан Бұқарбай. Оның пікірінше, тәуелсіз баспагерлік бағыттың табысына қазір бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, нарықтың аясы тар.

Елдегі оқырмандар нарығы шағын болғандықтан және баспа көбінесе қазақ тілінде кітап шығаруға ден қойып отырғандықтан баспагерлік саласы – маржасы төмен бизнес саласына жатады. Екіншіден, азаматтарымыздың көпшілігінде табысының бір бөлігін білімін шыңдайтын құралдарға жұмсау әдеті әлі қалыптаспаған. «Жеке басым жылына бірнеше жүз мың теңгеге кітап сатып аламын. Өзіме оқуға ғана емес, жақындарыма сыйлау үшін де қажет, – дейді Б.Бұқарбай. – Де­­мек, кітап оқитын адамдардың өзінде тұрақты кітап сатып алу әдеті жоқ. Үшін­ші­ден, бұл масштабталуға келетін кәсіп түрі емес». Бақытжан Бұқарбай атап өткендей, қазіргі кез­­де қазақ оқыр­маны қалыптасу үс­тінде. Өзінің қалауын, талғамын, мақсатын білетін оқырмандар аз. Жа­нын­дағылар оқы десе оқитын елік­те­гіш оқырмандар кітапты мақса­ты­на сай таңдау керектігіне назар аудара бермейді. Бұл тамақты тал­ға­май жегенмен бірдей, мұндай оқыр­ман­дарда «ақпараттық гигиена» қалып­тас­па­­­ған. Оқырман ізденіп өзіне қа­жетті кітаптан гөрі «хайп» болып жатқан, әлеуметтік желілелердегі танымал автор­лардың кітаптарын оқиды. Десек те, кітап жазғанның бәрін мықты қа­лам­гер деп айта алмаймыз. Ал қазір­гі оқырман жарнаманың құрбаны болып отырғаны таңғаларлық жағдай емес. Дегенмен нарық өсіп келеді, авторлар да көбеюде. Оқырмандар қалыптасып болмады дегенімізбен, алға жылжу бар.

Сарапшылар айтса айтқандай-ақ, отандық кітап шығару ісінің бүгінгі беталысына кедергі болатын себептер көп. Қазақ тіліндегі кітаптар қол­­жетімсіз. Тың шығармалардың, ав­тор­­лардың насихаты кемшін. Қа­­лай болғанда да отандық баспа нарығында қазақ тілді кітаптардың көсегесінің көгеріп отырғаны – сала жанашырларының арқасы. Көп­те­ген автор кітаптарын жеке қар­жы­сына немесе демеушілердің қол­да­уы­мен шығарып жүр. Дегенмен де экономикалық тұрғыдан мүмкіндігі мол сала авторларды, баспагерлер мен полиграфистерді толғандырғанымен, оның мәселесі мемлекеттің қолдауын­сыз шешілмейтіні белгілі.

Республикада «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шығатын кітаптар биылдан бастап Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жүктеліп отыр. Осы кезге дейін мемлекет тарапынан басылатын кітап өндірісіне қатысты көп­теген сын айтылып келгені белгілі. Осы орайда оқырман мен авторларды толғандыратын мәселе – «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызды, оқырман үшін пайдасы бар кітаптардың жарық көруі. Мемлекеттік тапсырыспен бір аталым 5 мың данамен жарық көретін болса, оның барлығын дерлік аймақтардағы кітап­ханаларға үлестіргеннен гөрі қан­дай да бір бөлігін сатылымға шығар­ған әлдеқайда тиімді. Өйткені автор үшін кітаптан пайда табу қиынның-қиыны. Ал жекелеген кітап дүкендерінің шарттары авторлар үшін тиімсіз.

Бүгінде отандық баспалардың көп­шілігі мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп отырғаны белгілі. Ал тен­дерлерге тәжірибесі жоқ баспаларды қатыстыру да баспагерлерді толған­ды­ра­тын түйткілді мәселенің бірі. Тендер кезінде жаңадан ашылған, баспа жүйесі жолға қойылмаған баспаларға кітап шығару құқын берудің де арнайы тетіктері қарастырылуы қажет. Тіптен мемлекеттік тапсырыспен шығатын кі­таптарға мониторинг жасалмауы сал­дарынан кітап бір атаумен екі жыл қатарынан басылады, ал өңірдегі кітап­ханалар сол кітапты қайталап алуға мәжбүр. Ал еліміздегі көптеген мектептің кітапханаларына соңғы жиырма жылда көркем шығармалар жетпеген. Бүгінде қазақ кітабын қолдап отырған тек мемлекеттік кітапханалар ғана. Көркем шығармалар жазатын жас қаламгерлердің шығармалары сатылымда жоқтың қасы. Ал балалар әдебиеті бөліміндегі танымдық басылымдар мен оқулықтардың санын арттыру – уақыт күттірмейтін мәселе. Қазақ кітабының қарапайым оқырманға қолжетімсіз болуының тағы бір себебі – бағасының қымбаттығы. Өзіндік құнына 50-60 пайыз үстеме қосылатындықтан, табысы төмен от­басылардың ай сайын кітап сатып алуға шамасы келе бермейтіні анық.

Осы орайда тиісті министрлік, бас­па­герлер, полиграфистер қауымдас­тығы мен кітапханалар түйісу тетігін таппай, шетел тәжірибесіндегі озық үлгілер негізге алынбай, түптеп келген салаға түбегейлі мониторинг жасалмай, қордаланған мәселелерден арылу қиын. Сапасы жағынан да, мазмұндық тұрғысынан да бәсекеге қабілетті, шетелдік баспагерлердің қызы­ғушылығын туғызатын отандық өнімдерді жоқ деп айта алмаймыз. Түптеп келгенде, қазақ кітабының насихаты төмен. Осылайша, түйткілді мәселесі бір-бірімен сабақтасып жат­қан салаға басқаша көзқарас қажет. Оқыр­ман сұранысына қарай кітап шы­ғару, кітап ісінің қыр-сырын зерттеу ісі уақыт күттірмейтін әлеуметтік һәм саяси маңызды мәселе.

 

АЛМАТЫ