Қазақстандық блогерлер мен қоғам белсенділері «Мәңгілік полк» акциясын онлайн форматта өткізу үшін портал жасап шығарды. Жоба атауы - «Жаужүрек полк». Жоба авторларының ішінде «Ұлттық Пікірсайыс Федерациясының» Президенті, «Jaqsy Bolady» YouTube арнасының авторы Бұхарбай Болат, танымал тележүргізуші Махаббат Есен, блогер Яков Федеров және «Ave adicus» YouTube арнасының авторы Ашірбек Әділет.
Жоба авторлары әлемдік пандемияға байланысты акцияны офлайн форматта өткізу мүмкін емес екенін ескеріп, соғыс батырларына онлайн форматта ерекше құрмет көрсетуді ұйғарды.
«Бұл жай ғана портал емес — бұл екінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған мәңгілік естелік альбомы. Біз сіздермен бірге Бостандық үшін өз өмірлерін қиған, жарқын болашағымыз үшін қан төккен аталарымыздың ерліктерін құрметтеуіміз қажет» деп жазды, жоба авторларының бірі Махаббат Есен.