Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Атырауда чемпионды өлтірді деп айыпталған екі полицейге сот үкімі шықты

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында грэпплингтен 18 жасар Әлем чемпионы Есенбек Сигуатовты өлтірді деп айыпталған бұрынғы екі полиция қызметкеріне үкім шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда чемпионды өлтірді деп айыпталған екі полицейге сот үкімі шықты

23 жастағы Б.М. есімді айыпталушы ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 6 және 9-тармақтары (басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, бұзақылық ниетпен жасалған кісі өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, төтенше қауіпсіздік колониясында жазасын өтей отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 26 жастағы Б.Д. есімді азамат 432-бабы бойынша (қылмысты жасырып қалу) кінәлі деп танылып, 3 жылға түрмеге тоғытылды.

«Сотталушы Б.М. бұзақылық ниетпен, жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын елемей және айналасындағыларға құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, Сигуатовқа 12 калибрлі аңшылық мылтықтан бірнеше рет оқ атқан», деді судья Тыныштық Нуримова.

Сонымен қатар, сотталушылар жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге көлемінде моральдық шығын өтеуі тиіс. Десе де, марқұмның туыстары үкіммен келіспейді. Олардың пікірінше, аталған үкім тым жұмсақ.

– Сот процесінде Б.Д. полиция қызметкері ретінде өткен. Алайда, үкімде Атырау қаласының тұрғыны ретінде көрсетілген. Мұны қалай түсінуге болады? Ол 432-бап бойынша ең ұзақ мерзімді алуы керек еді, яғни 6 жыл.  Екінші сотталушы да кем дегенде – 20 жыл алуы керек еді. Әйтсе де, осы бап бойынша ең аз мерзім – 15 жыл. Оның айтуынша, полицей көше бойынан аңшы мылтығын тауып алып, бір жылға жуық үйінде ұстаған. Неліктен «атыс қаруын заңсыз сақтау» деген тағы бір үкім күшіне енбеді? Ұлымыздың өмірін қиған адамдарды тым жеңіл жаза алды деп санаймыз. Сондықтан үкімге шағымданатын боламыз», деді марқұмның әкесі Оразғали Тоқсанбай.

Естеріңізге сала кетейік, атыраулық спорт жұлдызы Есенбек Сигуатов өткен жылдың 9 тамызына қараған түні қала маңындағы Амангелді (Дамба) және Құрманғазы ауылдарының жасөспірімдері мен үлкен жігіттер арасындағы қақтығыс кезінде қаза тапқан болатын. Атырау облыстық полиция департаменті ұзақ уақыт бойы екі күдіктінің де құқық қорғау органдарында қызмет еткенін мойындамаған еді. Облыстық сотта атап өткендей, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Айыптаушы тарап жоғары тұрған сот инстанциясына шағымдануына болады.