Тарих • 09 Мамыр, 2021

Радист қазақ қыздары

1041 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соғысты әдетте «ер адамның ісі» деп жатады. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыста майданға тартылған әйел саны бойынша КСРО алдыңғы орында тұрды. Деректерде 800 мың кеңестік қыз-келіншек Ұлы Отан соғысына қатыс­қаны жазылған. Олардың арасында қаракөз қазақ қыздары да аз емес еді.

Радист қазақ қыздары

Кеңес Одағының әскери заң­намалық құжаттарында «әйел азаматтар қажетті жағдайда Қызыл Армия қатарына қо­сым­ша қызметтерге тартыл­сын» деп жа­­зыл­ғанымен, жалпы кеңес әйелінің әскери міндеткерлігі болмады. Алайда соғыстың алғашқы кезеңінде Кеңес әскері орасан зор шығынға ұшырап, 1942 жылдың көктемінен бас­тап Кеңес Одағы қыз-келін­шектерді майданға, тыл­да­ғы өндірістік еңбекке жап­пай мо­билизациялаған. Соң­ғы кезде біртіндеп әскери құ­пия құжаттар ашылып жатыр. Бас қолбасшы Сталиннің 1942 жыл­дың сәуір-қазан айлары ара­лығындағы шығарған 3 бұй­рығының не­гізінде 120 мың әйел байланыс, әуе қорғанысы, құр­лықтағы жаяу әскер қатарына алынғаны бел­гілі болды.

Белгілі ғалым Манаш Қозы­баев өз еркімен май­дан­ға сұ­ранып, өтініш жазған қазақ­стандықтардың 40 пайызы қыз-келіншек болғанын айтады. Қазақстаннан майданға жалпы саны 6-7 мың қыз-келіншек аттанды деген дерек бар. Ал біз­дің ұзақ жылғы зерттеуіміз Батыс Қазақстан облысынан ғана 1 100 жауынгер қыз-келіншек май­данға алынғанын көрсетті.

Кеңес Армиясы құрамында гитлершіл фашизмге тойтарыс бер­ген қазақстандық арасында Ақ Жайық өңірінен шыққан сондай қаһарман қыздарды – радиобайланысшы Ғарифа Рахметова мен Замиха Наушеваны оқыр­манға таныстыра кетейік.

Ғарифа Мәжитқызы Рах­метова 1922 жылы 1 мамырда Ба­тыс Қазақстан облысы, Орда ауда­ны Азғыр ауылында дүниеге кел­ген. Орал педагогикалық инс­титутының физика-математи­ка факультетінің 2-курсында оқып жүрген Ғарифа өз еркі­мен майданға аттанады. Бұл ж­өнінде ол: «Орал қалалық ком­сомол комитеті қаланың оқу орын­дарында және орта мек­­тептердің 9-10-кластарын­да оқып жүрген белсенді жас комсомол қыздарды жинап, митингі өткізді. Сөйтіп Бүкілодақтық Лениншіл Ком­мунистік Жастар Одағы Орта­лық Комитетінің үндеуі тал­қыланып, жас қыздарды Отан қорғау ісіне қатысуға ша­қырды. Митингіде мен топ алдына шығып, өз еркіммен Отан қорғауға баратындығымды ай­тып, қыздарды қатарыма ша­қырдым. Тағы біраз қыз сөз алып, бұл ұсынысымды қуаттады. Сөй­тіп митингіден кейін 600 қыз Ле­нинград қаласынан Оралға эвакуацияланған әскери радиотелеграфшылар дайындайтын училищенің 5 айлық курсына жазылдық. Оралда ай жарым оқыған соң әскери училище Мәс­кеу түбіндегі Мытищи қала­сын­дағы оқу базасына қайта кө­шірілді. Оралдан 600 қыз тиелген эшелонды бүкіл қала халқы шығарып салды», дейді.

Осылайша, Мәскеу түбін­дегі училищеде оқуын жалғас­тырған Ғарифа Рахметова жер­лестері Замиха Наушева, Май­­ра Мақатова, Нұрғаным Байсейітова, Лида Ружейникова, Катя Литовамен бірге 1942 жы­лы қарашада 5 айлық курс­ты тәмамдап, ІІ класты әскери ра­дио­байланысшы мамандығына ие болады. Сөйтіп, Ғарифа Рах­метова мен Замиха Наушева Ка­линин майданында ұрыс жүр­гізіп жатқан І гвардиялық шабуыл­даушы авиациялық кор­пусқа жө­нелтіледі.

«Мен әскери авиация корпусы құрамында 5000 шақырым жа­уын­герлік жолды жүріп өттім. Қарапайым радиотелеграфист қызметін атқарып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындадым. 32 438 мәрте әуеге көте­рілген әскери ұшқыштармен біз­дің бөлім арасындағы әуе бай­ланысын үздіксіз қамтамасыз етуге бар күшімді жұмсадым. Ұлы Отан соғысы тарихында біздің І гвардиялық шабуылдау­шы корпустың ерекше орны бар. Корпусқа «Минскілік» деген құрметті атау беріліп, атақты ұшқыштарымыз – А.П.Маресьев, И.М.Березуцкий, И.М.Глухих, Е.М.Горбатюк, В.А.Ореховтың ерліктері тарихқа алтын әріппен жазылып қалды», дейді жауынгер Ғарифа Рахметова.

Ғарифа Рахметова Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І, ІІ Прибалтика, І, ІІ Белоруссия майданы және «Багратион» операциясына қатысып, Минск, Липецк, Орел, Брянск, Великие Луки, Логова, Вильнюс, Шау­ляй, Берлин т.б. қалаларды азат еткен.

«1943 жылы қараша айын­да біздің корпус Невель қала­сынан 2-3 шақырым жерде тұр­ды. «Отан үшін» атты майдан газетінен Невель қаласын азат етуге қатысқан 100 және 101-ші ұлттық қазақ атқыштар дивизиясының шабуылы жайлы, жерлесім Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы оқып білген едім. Қасыма бір жауынгерді ілес­тіріп, бұдан 1 ай бұрын шай­қас болған жерге келіп, қаза болған жауынгерлердің және топырағы әлі кеппеген, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мә­метованың жерленген жерін көрдім», дейді бір естелігінде Ғарифа Рахметова.

Радиобайланысшы Ғарифа Рахметова «Әскери ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатымен 6 мәрте марапатталды. 1945 жылдың қазан айында соғысты Берлин қаласынан 100 шақырым жердегі Перлиберг елді мекенінде аяқтаған Ғарифа Рахметоваға гвардия сержанты атағы беріледі.

Майданнан оралған соң­ Ғ.Рах­­метова Оралдағы А.С.Пуш­­кин атындағы педаго­гика­лық институтта оқуын жал­ғастырып, оны бітірген соң мектеп мұғалімі, Орал қала­лық комсомол коми­тетінің, об­лыстық, аудандық пар­тия ко­митетінің түрлі деңгей­дегі хатшысы қызметтерін ат­қар­ды. Кейін Мәскеу қала­сын­дағы Бүкілодақтық Мем­лекеттік киноматографис­тер инс­ти­тутының жанындағы жо­ғары мектепті бітіріп, Орал об­лыстық кино басқармасын басқарды. Соғыс ардагері Рамазан Тау­кинмен отау құрып, үш қыз тәрбиелеп өсірді. 1980 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты.

Зейнеткер Ғ.Рахметова Орал қаласындағы ардагерлер ұйы­мының белсенді мүшесі болды. Орал қалалық депутат­тар кеңесінің 1989 жылғы 23 ші­лдедегі №659 шешіміне сәйкес жас ұрпаққа патриоттық тәр­бие берудегі ерен еңбегі үшін Ғарифа Рахметова «Орал қа­ла­сының Құрметті азаматы» атанды. Ұлы Жеңістің 50 жыл­дығы қарсаңында Елбасы Н.Ә.Назарбаев соғыс және еңбек ардагері Ғарифа Рахметоваға «Отан» орденін тапсырды.

Соғыс салған сырқаты салдарынан Ғарифа Рахметова 2001 жылы 17 тамызда дүниеден озды.

Мәскеуден Берлинге дейін­гі әскери жорықта Ғарифа Рах­метовамен бірге болған 2-клас­ты радиобайланысшы Замиха Наушева 1924 жылы Орал облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. 8 жасында ата-анасынан айырылған ол туыстарының кө­мегімен Орал қаласындағы №4 мектеп-интернатқа орналасады. Кішкентай Замиха мектепте жақсы оқиды, скрипка класына қабылданып, музыкалық аспапты да меңгереді. Замиха 9-сыныпты бітірген жылы Ұлы Отан соғысы басталады.

Жоғарыда айтылғандай, Орал­ға Ленинград қаласынан эвакуацияланып келген әс­кери радиотелеграфшылар училищесіне қабылданған 600 қыздың арасында Замиха Наушева да болады. Училище Мәскеу түбіндегі Мытищи қаласындағы оқу базасына қайта көшірілгенде, Замиха да бірге кетеді. 1942 жылдың қараша айында 5 айлық курсты тәмамдаған Замиха Наушева құрбысы Ғарифа Рахметовамен бірге Калинин май­данындағы І гвардиялық шабуылдау­шы авиа­циялық корпусқа жө­нел­тіледі.

Радиобайланысшы Замиха жауынгерлік өмір жолын былайша баяндайды: «Біздің жауын­герлік жолымыз Ка­линин майданынан басталды. Міндетіміз – радиостанса қызметін басқару еді. Жау біз отырған аймақты жиі нысанаға алып оқ жаудыратын, бомбаның астына алатын. Сондықтан орнымызды жиі ауыс­тырып, жау көзіне түспеу үшін түрлі әдіс қолданып, бүркеніп, ты­ғылатынбыз. Жоғарғы Бас қолбасшының басқаруында болған біздің гвардиялық шабуылдаушы корпус майдандағы шешуші соғыстарға қатысып, бағытын жиі ауыстырып отырды. Біз өзіміздің истребительдер корпусының ұш­қыштарын мақтан етіп жүрдік. Олардың көпшілігі немістің асқан шебер ұшқыштарымен шайқасып, көрсеткен ерлігі үшін батыр атан­ған еді. Ал ұшқыш Алек­сей Маресьевтің есімі соғыс жыл­дарында-ақ әдебиет тарихына жазылған еді».

Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алған Замиха Наушева жауынгерлік ерлігі үшін Ста­линнің алғыс хатына және «Жауын­герлік ерлігі үшін» медаліне ие болды. Майдангер ана: «Мен, бұл соғыста адамзат баласының қайғы-қасіреті мен төгілген қанын, жер бетінен бір сәтте жойылған ауыл, қала­ларды көрдім. Барлығы көз ал­дымда, оларды сөзбен ай­­тып жеткізу мүмкін емес. Ор­та жас шамасын­да­ғы командир, генерал-лейтенант В.Белецкийдің бізге қарап: «Жалбырақтарым-ау, сендер ер­тең осы соғыстың тарихына кіре­­сіңдер!» дейтіні әлі есімде», дейді.

Елге аман-сау оралған жауын­­гер қыз бейбіт еңбекке ара­ласып, Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің баспасында корректор болды. Кейін Орал қа­ла­сындағы тері комбинатының кеп­тіру бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шықты.

Даңқты батыр Бауыржан Мо­мыш­ұлы бір сөзінде: «Адам­дар бір-біріне қарыздар екенін әрқашан ойлай жүруі керек. Әсіресе Ұлы Отан соғысы арда­гер­лерінің еңбегін ерекше баға­лай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақ­талған ер ғана бақытты» деген екен. Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан қазақтың қаһарман қыздарының жауынгерлік ерлігі мен өнегелі өмірін үлгі етіп, мақ­таныш ету – бүгінгі жас ұрпақ­тың парызы деп білеміз.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты