Руханият • 09 Мамыр, 2021

Қарсы барлаушылар қаһармандығы

413 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарихтағы Екінші дүниежүзілік соғыста қарсы барлаушы-майдангерлер маңызды рөл атқарды. Майданға олардың 400-ден астамы қатысты. 1941-1945 жылдар аралығында қазақстандық чекистер 43 неміс тыңшысын ұстады, барлау органдарының 620 қызметкері және 1 103 агенті туралы толық ақпарат алынып, оның 273-і қамауға алынды. Тағы бір жеңіс – жаудың барлау мектептеріне 57 чекист ендірілді.

Қарсы барлаушылар қаһармандығы

Соғысқа аттанған 417 қарсы барлау­шы­ның 203-і ғана аман оралды. Ал бү­гінде олардың үшеуі ғана ортамызда жүр.

Әбдіғали Қаймолдин, отставкадағы полковник, 1921 жылы Шығыс Қа­зақстан облысында туған. 1941 жылы майданға аттанған. Харьковті азат ету ұрыстарына қатысты. Бірінші Украина, Үшінші Бела­русь, Балтық маңы майдандары құра­мын­да соғысты. Мемлекеттік қауіпсіздік орган­дарында 15 жылдан астам уақыт қызмет етті.

Әбдіғали Қаймолдин үшін соғыс Сталинград түбіндегі қанды шайқастан басталды. Ол 1942 жылғы қыркүйекте ауыр жарақат алды. Үш ай бойы май­дандық госпитальда жатты. Соғыста төрт рет жараланғанына қарамастан, аяғына тұрысымен, қайтадан майданға сұранды. Онда жаяу әскердің алдындағы ең қиын учаскелерге жіберілетін бұзып өту дивизиясында қызмет етті. Танкке қарсы 76-миллиметрлік артиллерияның көздеушісі және оқтаушысы  болып бастап, зеңбірек командиріне дейін қызмет етті.

Айта кетейік, ардагердің наградаларын саусақпен санап шығу мүмкін емес. Олар – Қызыл Жұлдыз ордені, Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі, бірқатар мерейтойлық және еңбек медальдары. Барлығы – 37 награда.

Бейбіт уақытта Әбдіғали Қаймол­диннің қызметі Семей ядролық сы­нақ полигонындағы қарсы барлау бөлі­мінде жалғасты.

Бүгін Әбдіғали Қаймолдин жастармен кездесулер өткізіп, естеліктері мен өмірлік тәжірибесін ортаға салып отырады. Жұбайы­мен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді. Ол – немерелері мен шөберелері үшін ерліктің, батылдық пен ержүректіктің үлгісі.

Павел Васильевич Даценко, отс­тав­­кадағы полковник. 1925 жылы Қос­танай облысында дүниеге келген. 1943 жылы майданға шақырылды. Ру­мыния, Венгрия, Аустрия және Чехо­словакияны азат ету шайқастарына қатысты. Мем­лекет­тік қауіпсіздік органдарында 29 жыл қызмет етті.

Павел Васильевич артиллериялық учили­щедегі курста ұзақ оқымай, 1943 жылы он сегіз жасында соғысқа аттанды. Майданда алғаш­қы күндері-ақ Курск доғасына түсіп, онда стра­тегия­лық ма­ңыз­ды шайқастарға қатысты.

«Шайқастардың бірінде мен басымнан жараландым. Содан кейін толқығаннан ба, шаршағаннан ба – менің тамырымның соғысы сезіл­мей, өлді деп санап, үйіме «қара қағаз» жіберіпті. Ол әлі күнге дейін архивімде шаң басып жатыр. Әйтеуір, менің қолымдағы сағатты шешкенде тамырым соғып, тірі қалыппын», деп еске алады Павел Васильевич.

Госпитальда жарақаттан кейін жыр­тыл­ған киімінде тек әкесінен келген хаттар және бір танкистің хаты қалған, соның арқасында Павел Васильевичті «өлілер» әлемінен шығарып алған. «Қымбатты жерлесім, осы сағатты сақ­тап, сене біл, ол сені құтқарады. Жерле­сің – Сирахитдинов Фарид, Троицк», деп жазылған екен хатта.

Көп ұзамай ардагер тағы да сапқа тұрды. Алда оны Будапешт, Вена, Прага және Бухарестті босату, Отанына оралу және мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 30 жылға жуық қызмет ету күтіп тұрды.

Павел Васильевич 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Будапештті алғаны үшін», «Гер­ма­нияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыс туралы 3 кітаптың авторы, олардың бірі «Мәдени мұра» номинациясында меценаттар клубының сыйлығымен марапатталған, ал екіншісі Ресей Президенті В.Путинге сыйға тар­тыл­ған.

Иван Александрович Курочкин, отстав­кадағы полковник. Ол 1927 жылы Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келген. 1944 жылдың қараша айында Кеңес армиясы қатарына шақырылды. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 25 жыл қызмет етті.

Алкино қаласындағы (Башқұртстан) алғашқы әскери дайындықтан кейін Влади­востокқа жіберілді. Одан майдан­ға, Русский аралына аттандырылды.

Жас қызыл флотшы курсынан өт­кен­нен кейін ол байланыс мектебіне жібері­ліп, онда гидроакустик және радист маман­дығы бойынша оқытылды. Фашистік Германияға қарсы соғыс аяқталғанымен, елдің шығысында Жа­пониямен соғысқа дайындық жүріп жат­ты.

«1945 жылғы 8 тамызда жапон со­ғы­­сы жарияланып, мен 1-ші сүңгуір қайық бригадасына гидроакустик болып жіберілдім. Жау кемелерін біздің аумақ­­тық суларымызға жібермеу мін­деті қойылды. Бақытымызға орай, Жа­пониямен соғыс тез және аз шығын­мен аяқ­талды», деп еске алады Иван Алек­сан­дрович.

Ол флотта 7 жыл қызмет етіп, 1951 жылы үйіне оралды. 1957-1982 жыл­­­дары Ақтөбе облысы бойынша МҚК басқармасында жұмыс істеді. Отстав­када­ғы полковниктің төрт ұлы және көп­теген немерелері бар.

Біздің аға буын ардагерлеріміз өте қауіп­­ті де ауыр өмір жолынан өт­ті. Бірақ бәрі де офицер абыройын, па­триот­тық жә­не азаматтық қадір-қа­сиетін қастерлей білді

 

Аркен АБДУҒАЛИ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі