Әкеміз Қалтан Құсайынов 1913 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Кейін ер жетіп, хат таныған ол Кеңес өкіметі құрылып жатқан тұста қазақ мектептерінде араб тілінен сабақ берді. Бұл тілдің қолданыста болмауын көздеген саясат реңк бере бастаған кезеңі болатын. Содан ол шарасыздықтан қазақ сыныптарына орыс тілінен сабақ жүргізеді. Жер-жерде қуғын-сүргін дүмпуі қызғандықтан, білімге құштар, ізденімпаз ол Көкшетау педагогикалық училищесінде білімін одан әрі арттыра түседі. Бұл кезде анамыз Бадиға Құсайыноваға үйленген. Бауырларында 2 баласы және ата-әжеміз бар еді. 2-курста оқып жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Ендігі міндет – елін, жерін жаудан қорғау болғандықтан, өз еркімен әскер қатарына қосылады.
Ерекше ерлігімен көзге түсіп, фашистердің алдыңғы қатарын ойсырата жеңіп, 1941 жылы 26 маусымда кіші сержант атағына ие болады. Ал 1941 жылы 15 қыркүйекте 700-ші атқыштар полкінде ант қабылдайды. Әу бастан-ақ, әкеміз соғыстың дүлей айқастарына қатысқан. 1941 жылдың шілдесінен 1942 жылдың тамызына дейін 700-ші атқыштар полкінде болса, уақыт өте 494-ші атқыштар полкінде 1942 жылдың тамызынан 1944 жылдың шілдесіне дейін мерген болып әскери міндетін орындайды. Кейін 202-ші резервтік атқыштар полкіне ауыстырылып, ол жерде 1944 жылдың шілдесінен 1945 жылдың наурызына дейін полк мектебінің курсанты болады. Сол жылдың наурызынан шілдесіне дейін 208-ші атқыштар полкінде қызмет етеді. Сонымен қатар әскери билетінде баяндалғандай, сол жылдың маусымында 100-ші жеке атқыштар батальонында болған.
Осы жылдар ішінде әкеміз үш жерінен жарақат алады. 1945 жылдың 1 наурызында сол жақ аяғындағы жарақаты ауыр болғандықтан, бір айдан артық госпитальда ем қабылдайды. Майдан шебіне қайта оралғаннан кейін сол жылдың 14 қазанында, 1945 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының 25-ші бұйрығымен «демобилизацияға» ілігеді. Тағы бір естеліктерінде соғыстағы ерен ерліктерін: Сталинград, Украина және Балтық жағалауы елдерін жаудан қорғаумен өткізгенін, соғыстың соңғы легін Кенигсбергте (бүгінгі Калининград) аяқтағаны туралы баяндайды.
Сұрапыл соғыста жанқиярлығымен көзге түскен ардагерлеріміздің саны өте көп. Жеңіс отының алауын жаққан сәттен бастап, батыр жауынгерлеріміз мадақталды. Азаппен келген соғыстың бал дәмін татпай кеткендер қаншама? Солай болса да, ешкім мойымады, дұшпаннан елді азат етті. Олардың қатарында болған әкемізді әрдайым мақтаныш етеміз. Біз үшін аса құрметті әрі баға жетпес марапаттары: III дәрежелі «Даңқ» ордені болатын. Бейбіт өмір орнап, әр жылы медальдармен мадақталып отырды.
Әкемнің аты-жөні Ақмола облысы бойынша 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған жинаққа енгізілген.
Соғыстан кейін жаңа дәуір орнаса да, үйде қол қусырып жатпай, жұмыс істеуін тоқтатпады. Өте намысшыл еді. Ешкімнен ешнәрсе сұрамайтын. Елден оза туған дарынымен әрдайым алда жүретін. Сонысымен сыйлы ардагерге айналды.
Бойында ерекше қасиеттерінің бірі – жастайынан спортқа жақын болғандықтан, жаман әдеттерге жоламады. Осы жақсы қасиеті біз үшін үлгі болды. Әкенің үлгілі жолы ұрпақтарының тәлім-тәрбиесіне әсер етіп, саналы азамат болуына септігін тигізді. «Мектепке барған сайын балалармен жеке-жеке сөйлесіп, барлық мәселелер жайында әңгіме-дүкен құратын. Әсіресе, Жеңіс күні медальдарын костюмінің кеудесіне тағып алып, мақтанышпен оқушыларымен кездесуге баратын. Әкеміз Жеңістің 50 жылдығын атап өтіп сол жылдың күзінде о дүниелік болды.
Ал бір жазбада анамыз былайша ой өрбітеді: «Отағасы екеуміздің он баламыз болды. Барлығына мүмкін болған жағдайда білім беруге жәрдемдестік. Қыздарымызды – қияға, ұлдарымызды ұясына қондырдық. 1962 жылы «Батыр ана» атағына ие болдым. Отағасымен 50 жылдай отастық. Шүкір. Мен немерелерім мен шөберелерімді көрдім».
Бүгінде алтын құрсақты анамыздан өрбіген 26 немере, 56 шөбере, 23 неменесі бар. Анамыз 68 жасында өмірден озды.
Біз «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген тәмсілдің орынды екенін айта аламыз. Ендігі кезекте біздің міндетіміз – егеменді елді орнатуға күш салған ардагерлерімізді құрметтеу.
Сақып ҚҰСАЙЫНОВА,
майдангердің қызы
Нұр-Сұлтан