Қоғам • 07 Мамыр, 2021

Теңіз кенішінде 500-ге жуық жұмысшы жалақысын көтеруді талап етті

1128 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 500-ге жуық жұмысшы жалақысын көтеруді талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теңіз кенішінде 500-ге жуық жұмысшы жалақысын көтеруді талап етті

Жылыой аудандық әкімдігінің мәліметінше, «НГСК Казстройсервис» АҚ Атырау филиалының 500-ге жуық жұмысшысы еңбекақы төлеу жүйесін өзгертуді қалап отыр. Жұмысшылар жұмысын тоқтатып, бірнеше талап қойған.

«Оқиға орнына Жылыой аудандық әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері келді. Келіссөздер кезінде жұмысшылар еңбекақы төлеу жүйесін өзгерту, тұрмыстық жағдайды жақсарту секілді бірқатар талаптар қойды», делінген аудандық әкімдіктің ақпаратында.

Келіссөз қорытындысында компания қызметкерлері әкімдік өкілдеріне, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының атына 500-ге жуық адам қол қойған ұжымдық шағым берген. Жұмысшылар көтерген мәселе  компания басшылығының, «Теңізшевройлдың», «Сенімді Құрылыс» ЖШС мен мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.

Ал, «НГСК Казстройсервис» АҚ Атырау филиалының бас директоры Сәбит Жанасов жұмысшылардың наразылығын тудырған мәселелерді оң шешу үшін Атырауға келетінін және жұмысшыларды ешкім қудаламайтынына, оларды жұмыстан шығармайтынына уәде беріп отыр.

Бұл компания қызметкерлері ауысымдық әдіспен жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақысы 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Компанияның мәліметінше, жұмысшылардың жалақысын көтеру (5,4%) мәселесі биылғы қаңтарда қолға алынған.