Олардың естеліктерінің өзі кейінгі ұрпақ үшін Қобыландының аузын бағып, аңыз-әңгімелер тыңдағанмен бірдей. Солай-ақ болсыншы. Өйткені соғыс дегенің тажал, жанға жара салып, қанша шаңырақты қиратты. Ошақ оттары сөніп, есіктер жабылды. Жетім қалғандар мен желегі желбіреп, жесір атанғандар қаншама? Үйленбей, үйелмен атанбай, қыршынынан қиылғандар да жетерлік.
Соның бірі – Қызылқоға ауданының Дәулетиман ауылының тумасы Шүкір Еркінов болатын. Ол кезде Қызылқоға атанатын жеке аудан жоқ. Қазіргі Миялы, Жангелдин, Жасқайрат ауылдары Ақтөбенің Ойыл ауданына қарайды. Сондағы орта мектепті аяқтаған ол екі-үш ай өзі туған ауылда егінде жұмыс істеп, 1942 жылдың 8 тамызында он сегізге енді ғана толғанда майданға алынды.
Көлік атаулының көзден бұлбұл ұшқан мезгілі емес пе, ауылдан шыққан үш жігіт – Шүкір Еркінов, Сіләм Дәулетиманов және Мақуат Әбдіғалиев әуелі жаяулап аудан орталығына жетіп, одан ұзын-қарасы 300-ге таяған болашақ сарбаз жаяу-жалпы Қобдадағы әскери комиссариаттың дәрігерлік бақылауынан өтеді. Тағы да жол жүріп, Ресейдің Бұзылық қаласындағы кіші сержант даярлау курсынан соң әйгілі Сталинград майданының қанды қасабына түседі. Алты айға созылған ұрыста кеңестік әскерлер алғаш рет үлкен жеңіске жетіп, еліне бағыт алған немістердің өкше ізіне түсті, арқадан соққы берді. Солардың ішінде түбіт мұрты әлі тебіндеп үлгермеген Шүкір де бар-ды.
Ол соғыс жағдайында бірде азайып, бірде толығып отыратын әскери құрам сапында 1943 жылдың шілдесінде Батыс майданның 222-ші Смоленск атқыштар дивизиясының 43-ші жеке өзі жүретін артиллериялық танкіге қарсы жойғыш дивизияның барлаушысы ретінде әскери қызметін атқарып жатты. Аталған бөлімше 1944 жылдың сәуірінде екінші Белоруссия, арада жарты жыл өткенде бірінші Белоруссия майданы құрамында жаумен шайқасты. Шүкір Еркінов осы бөлімшеге қарасты Ленин орденді оныншы дербес гвардиялық Суворов орденді «Қызыл Тулы» Чернигов атқыштар бригадасының құрамында жүрді.
Әскери қызмет барысында ол ұрыс даласындағы барлау қызметінде мол тәжірибе жинақтаған және әр жорығында нәтижелілігімен қуантқан сарбаз болатын. Шүкір көбіне-көп қандай айсыз қараңғыда да жау бетін жалғыз барлап, барынша мол дерек әкелетін. Бұл ретте оның 1943 жылдың екінші жартысы, 1944-1945 жылдарғы ерлік үлгілері қызылқоғалық жерлесіміздің абыройын арттыра түсті. Еуропаның Варшава, Кенигсберг, Берлин сынды (барлығы 8 қала) талай қалаларын жау қолынан тазартуға қатысып, Жоғарғы Бас Қолбасшының арнайы алғысын алды. Өңірінде ерліктерін әйгілейтін «Озат барлаушы», «Озат артиллерист», «Гвардияшы» белгілері де бар еді.
Соғыс жағдайында жауапсыз ештеңе жоқ. Бірақ тек бөлімше ғана емес, күллі дивизион тағдырын қолына ұстаған барлаушы қаруластарының әр жеңісі және жеңіссіз шабуылына тікелей байланысты. Өйткені қандайда ұрыс барлаушы жеткізген мәліметтерге қарай ұйымдастырылады. Сондықтан барлаушы әр қадамын есеппен басып, өзін де және өзгені де ыңғайсыз жайға қалдырмайтын деректерін алға тартқаны дұрыс.
Бұл ретте ол алдымен дұшпандардың орналасу тәртібі, құрамы, қозғалыс бағыты, адам саны, қару-жарақпен қамтылуы, соғыс техникасы жөнінде кәдімгі қыр баласының өрістегі малды көздегеніндей қырағылықпен жұмыс істегені дұрыс. Долбар, жүрдім-бардым мәлімет жарға жығады. Оның үстіне, барлаушының дене бітімі, шымырлығы мен ептілігі, шалт қимылдайтын жігерлілігі мен тез тұжырымдайтын ой-санасы да қажет-ақ. Осы орайда, мектепті үздіктер қатарында бітірген және әкесіне тартқан шағын денелі Шүкір қашанда иненің көзінен өткен шапшаңдығымен ерекшеленетін.
Ш.Еркіновті соғыс даласында ерекше құрметке бөлеген оның жеңіс жалауын желбіреткенге дейінгі соңғы тоғыз айдағы барлау қызметіндегі нәтижелері еді. Отандастарымыз 1944 жылдың 24 маусымында Днепр маңындағы Проня өзенінен өтер жерде жау жағының айтарлықтай қарсылығына ұшырады. Мұндайда ең бірінші көмек беретін тек қана қырағы барлаушының жан-жақты мәліметі ғана.
Таң жаңа ғана сібірлеп келе жатқан алагеуім шақ. Қаруластарының жау бекінісін атқылауы бір сәт саябырлаған тұста жерлесіміз дұшпандар траншеясына жетіп, ұраға секіріп түскені сол еді, тасалау тұста арқасын беріп, тығыла түскен үшеуге көзі түсті. Қаруын кезеніп: «Беріліңдер!» деп дауыстаған. Жалт қараған әлгілер жандәрмен бұған атылды. Бұл да сол сәт көз алдынан өлім мен өмір суреттерін өткізіп, қолындағы мылтық найзасын алдыңғы екеуіне түйреп те үлгерді. Үшіншісін тірілей қолға түсірді. Ол «тіл» үшін аса қажет болатын.
Бір қарағанда бұл бар-жоғы қас пен көздің арасындағы сәттік қимылдар еді. Абырой болғанда соңғы «тіл» бұл түнгі шабуыл үшін аса қажетті мәліметтерді жеткізді. Осы ерлігі үшін дивизион командирі, майор Чернокосовтың ұсынысымен Ш.Еркінов өңіріне сол жылғы шілденің 5-інде «Даңқ» орденінің үшінші дәрежесі қадалды.
Майдандағы жауынгер қашанда марапат үшін емес, алдымен өзінің шыбын жаны, ұлттық намысы, ата-баба рухы үшін күреседі. Бұл жолда ол қасық қаны қалғанша айқасады, жауынгерлік міндетін адал орындайды.
Гвардия сержанты Ш.Еркіновтің командирі Чернокосовтың орнын ауыстырған майор Сытник оны «Даңқ» орденінің екінші дәрежелі жұлдызына ұсынған марапат бетшесіне: «Дивизияның ең таңдаулы барлаушысы Еркінов Шүкір шабуыл кезінде дивизияның алдында жүріп, жау жағының барлық мәліметтерін жинап, қозғалыс жолын барлап, дер кезінде әскери басшылыққа хабарласып отырды. 1945 жылы қаңтардың 19-ы күні Томашув қаласы түбіндегі шабуыл кезінде Еркінов Шүкір Таңатарұлы барлаушылар тобымен барлау жүргізген кезде жолды миналап жатқан неміс торуылын байқады да, олармен айқасқа түсті. Құрамында бес адамы бар неміс торуылы құртылып, жол миналардан тазартылды, дивизияның ілгері жүруіне жол ашылды. Осы ерлігі, үкімет наградасы – «Даңқ» орденінің екінші дәрежесіне лайықты» деп жазыпты.
Қандай сүйінішті. Сол кезде ол бар-жоғы жиырмадан енді ғана асқан мөлдіреген жас буын емес пе? Бірақ, ол жастығына қарамай, нағыз ерлердің ерен ісін қайталады. Тегінде ерлік жас талғамайды. Ал егер оның батыр атануына себепкер болған үшінші жұлдызды алу жолындағы ісі нағыз көзсіз ерлікке барғандығын дәлелдейтін ғажайып қимыл еді.
Бұл 1945 жылдың көктемі. Маужыраған сәуірдің соңғы күндері. Бірақ өн бойы жау оғынан жаралы Кушков деревнясы хал үстінде мүлгіп тұрды. Тағы да түн. Өлі тыныштық. Осы тыныштықты кәнігі барлаушының мысықтабандап, аяғын бір алып, екі алып, адымдаған дыбысы ғана бұзады. Ол немістердің топтасқан жатағын іздейді. Әлсін-әлі тың тыңдап, асығыс адымдайды. Міне, еңселілеу келген үй жанына тоқтады.
Іштен жарқын-жарқын үн шығады және бір-екеу емес, әлденеше, мүмкін 15-20 адамның күлкісі. Шамасы арақ-шарабы бар отырыс сынды. Енді қайтпек? Қанша болса да қимылдатпай қолға түсіріп, тұтасымен тұтқындаған дұрыс. Әйтсе де, бұл жалғыз, олар көп...
Нартәуекел, не бұл өледі, болмаса, олар... екінің бірі. Алдына автоматын кезенген ол асқан жылдамдықпен ішке еніп, артындағы серіктеріне хабарласқандай қатты дауыспен айқайлап жіберді: «Беріліңдер!». Сол қолындағы гранатасын тап қазір жаратындай онсыз да қарусыз отырған жауынгерлерді залалсыздандырып алдына салды. Түннің бір уағында қаннен-қаперсіз ішіп-жеуден барлыққан немістер ойда-жоқта орталарынан табылған дүлейден қаймығып, көздері атыздай-ақ. Сөйтсе, олар 24 жауынгер, 1 офицер екен, бәрі де ешкінің асығындай Еркіновтің алдында көздерінен тізілген балықтай қаздиып тұр. Шүкір бәрін де алып жүрді.
Кейіннен олар кәдімгідей мәлімет берді. Шүкір болса, сол бойда өз қаруластарын көтеріп, деревняға орналасқан 150 немістің көзін жойып, 80 жауынгерін тұтқындады. Көптеген қару-жарақ, азық-түлік олжалады.
Осы ерлігі үшін Ш.Еркінов «Даңқ» орденінің бірінші дәрежесін иеленді. Ол қазақстандықтар арасында аталған орденнің толық иегері атанған 137 батырдың бірі болатын.
Жеңіс сағатын жау жүрегі – Берлиннің өзінде қарсы алған қандасымыз туған еліне тек 1947 жылдың күзінде оралды. Кезінде орта мектепті үздік бітіріп, мектепішілік қоғамдық-көпшілік жұмыстардың белсендісі атанған майдан батыры арнаулы білім алу ниетінде облыстық партия комитетінің жолдамасымен Алматының заң инситутына аттанып еді. Оған түсті де, әйтсе де, аталған соғыста алған тоғыз түрлі ауыр жарақаты және таулы аймақтағы астананың ылғалды ауа райы Шүкірді ойлаған мақсатына жетуіне мүмкіндік бермеді. Елге оралды, облыстық қаржы бөлімінде аға тергеуші қызметінде жүріп қайтыс (22.09.1949) болды.
...Шіркін-ай, десеңізші, бес жыл бойы жан-жағынан ажал боп атылған от пен оқтың ортасында жүріп, сандаған жарақатқа да бермеген жанын аман-есен елге оралып, бейбіт заманда беймарал төсекте жатып, үн-түнсіз бір Құдайға тапсыра салудың өзі қандай қиын еді. Тіпті ол осы қылшылдаған жиырма бесінде жаны қалаған бір қызға өлердей ғашық болып, ішкі сырын бүкпесіз ашпапты да. Ең өкініштісі – ол соңғы демі үзілерде қалтасынан кестелі жібек тер орамалын шығарып тәмпіш танауына апарыпты, құшырлана иіскепті. Сөйтсе, ол өздеріне көрші ауыл Мыңкелдідегі алғаш және соңғы рет сөз байласқан сұлуы – Оңайдың сәлем хатындай орамалы екен дейді батырдың ауылдасы, күні кеше ғана Атырау қаласында 94 жасында дүниеден озған құрбысы Қалима Бисәлиева.
Қандай өкінішті? Сол бір қанқұйлы соғыс он екіде бір гүлі ашылмаған осындай жастың қаншасын қынадай қырып, сабағынан үзді. Отын өшірді, ортамыздан алып кетті. Қанша кестелі орамал махаббат әнін айта алмай қалды. Беу, өмір-ай...
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Атырау облысы