Спорт • 11 Мамыр, 2021

Жазғы Олимпия ойындары өте ме?

567 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Токио – 2020 Жазғы Олимпия және Паралимпиада ойындары – биылғы жоспарланған әлемдік деңгейдегі ең ірі халықаралық шаралардың бірі екені сөзсіз. Атының өзі айтып тұрғандай, былтыр жазда өтуі тиіс болған XXXII Жазғы Олимпия ойындары дүниені дүрліктерген COVID-19 індетіне байланысты бір жылға шегерілген еді. Олай болса, бүгінгі таңда жапон елінің саяси-әлеуметтік жағдайы қалай боп тұр, жазда әлем жұрты Олимпия ойындарын тамашалай ала ма?! Халықаралық қоғамдастықты алаңдатып отырған бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне қатысты оқырмандарымызбен ой бөлісуді жөн көрдік.

Жазғы Олимпия ойындары өте ме?

Жапонияда бүгін, 11 мамырда аяқ­талуы тиіс болған коронавирус індетіне бай­ланысты жарияланған Токио қаласы мен тағы басқа префектуралардағы тө­тенше жағдай үкіметтің шешімімен айдың соңына дейін ұзартылды. Бұл жайында 7 мамырда Жапонияның премьер-министрі Ёсихидэ Суга баспасөз мәслихаты барысында жариялады.

Жапон елінің жағдайы сын көтермей тұрғаны белгілі. Көп елмен салыс­тырғанда өлім-жітім аз болғанымен, вирус жұқтырғандар мен ауырып жатқандар саны соңғы кезде күннен-күнге көбейіп барады. Коронавирустың кесірінен көп­теген кәсіпорын табыссыз қалса, көп адам жұмыссыз қалып, күнкөрісі нашарлап отыр. Өз-өзіне қол жұмсаған жастардың көбейіп кетуінен де көп нәрсені аңғаруға болады. Коронавирус қоғамда шоғырланып қалған проблемалардың бетін ашып, көзге көрінбей келген көп нәрсені көрсетіп берсе, оған қарсы үкімет тарапынан қабылданып отырған іс-шараларға көпшіліктің көңілі толмай, қоғам тарапынан билікке деген сенімсіздік өсіп, елдегі дәл қазіргі саяси-әлеуметтік жағдайды жақсы деп айтуға келмей тұр.

Баспасөз мәслихаты барысында үкімет басшысы Суга бұдан былай аймақ басшыларымен тығыз жұмыс істеп, күн сайын бір миллион адамға вакцина салуды көздеп отырғанын айтты. Премьер-министрдің айтуынша, үкімет вакцина­ны алдымен маусым айының аяғына дейін жасы 65-тен асқан қарттарға салып, одан кейін дереу жастарға да салуды жоспар­лап отыр. Бірақ бүгінгі күні жапон жұр­тының тек бір пайызына жуығы ғана вакци­на салдырып отырғанын және вакцина салдырғысы келмейтін жапондардың жетіп артылатынын ескерсек, үкімет қанша асыққанымен, жазға дейін жағдай қатты өзгере қоймайтын сияқты.

Жапония халыққа вакцина салу мәсе­лесі бойынша дамыған мемлекеттер арасында ең соңғы орында тұрғанына таңғалатындар көп. Жапон үкіметінің бұлай баяу қимылдауының астарында елдің Конституциясы мен атқарушы билік тармағына қатысты заңдардың ерекшеліктері жатқанын айтып өткен жөн. Басқа елдер сияқты локдаун жариялап, көшелерді күштеп жауып, я болмаса мас­ка тақпағандарға айыппұл салып, жазалау деген сияқты адам құқықтарын шектеуге алып келетін қатаң шараларды қабылдауға жапон үкіметінің құзыреті жетпейді. Үкімет халыққа, кәсіпкерлерге тек өтініш-талап жасау арқылы ғана қандай да бір қоғамдық шектеулер қоюға құқылы. Бірақ қоғамдық тәртіпті сақтауға дағдыланған жапон халқы жалпы биліктің ондай талабына көбінесе құлақ асып, үкіметтің айтқанына көніп келеді. Үкімет те өз тарапынан кәсіпорындар мен халықты қолдау үшін көп қаржы бөліп, қолдан келген көмегін көрсетіп отыр. Дегенмен орталық үкімет пен жергілікті билік арасында қарама-қайшылық аз емес. Тұрғындар сайлаған елдегі 47 префектураның губернаторлары өз сайлаушыларының қас-қабағына қарап қимылдап, көңіл күйіне қарап шешім шығарса, әрбір аймақтағы жағдай әртүрлі болғандықтан, олардың ойлары да бір жерден шыға қой­майды. Жан-жағында жатқан аймақтардан күнін көріп, нәпақасын табу үшін күніне үш миллионнан астам адам келіп-кетіп жүретін ел астанасы – Токио қаласының губернаторы Юрико Койкэнің: «Шұғыл шаруаңыз болмаса, Токиоға келмеңіз» дегенінен-ақ көп дүниені ұғуға болады.

Жо­ға­рыда аталған үкімет басшысының бас­пасөз конференциясынан кейін өз алдына журналистермен сұхбат өткізген ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Сейко Такахаши осы айдың ортасына жос­парланған Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) төрағасы Томас Бах­тың Жапонияға сапары жайлы: «Өз басым осындай төтенше жағдай тұсында бізге сапар шегу ол кісінің өзі үшін де, біз үшін де өте қолайсыз болар деп ойлай­мын», деп жауап берді. Дәл осы Бах­тың Жапонияға сапарына қатысты журна­лис­тердің сұрағында да, ол сұраққа берілген жауаптың да астарында зор мән жатыр.

Алдымен, елдегі ірі ақпарат агент­тіктері жүргізіп отырған әлеуметтік сауал­даманың нәтижесі көрсетіп отырғандай, дәл қазір жапон қоғамының 70 пайызынан астамы жазға жоспарланған Олимпия ойын­дарының өтуіне қарсы екенін атап өтейік. Қоғамның айнасы болып саналатын БАҚ өкілдерінің билік өкілдеріне қойған сұрақ­тарынан да, олардан алып жатқан жауап­тарға көңілдері толмауынан да жалпы жапон жұртында Олимпиаданы қолда­май­тындардың басым екенін байқауға бо­лады. Өз тарапымыздан бақылап, сараптап отырған ресми ақпарат көздері мен әле­уметтік желілердегі жазбалардың да басым бөлігі «үкімет қаржы-экономикалық мәсе­­лелерді халықтың қауіпсіздігінен артық қоймауы тиіс» дегенге саяды. Тіпті бұған дейін Токио губернаторының сай­лауына үш рет қатысқан қоғамдық қайрат­кердің бастамасымен Олимпиадаға қарсылық білдіруге арналған онлайн-петиция ұйымдастырылып, оған қатысып, қол қойып жатқандардың қарасы сағат санап көбейіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жапон халқы Токио Жазғы Олимпия ойындарына қарсы болып, үкіметтің бұл бағыттағы саясатын қолдамайды.

 Ал ХОК төрағасы Бахтың осы айдың ортасына жоспарланған Жапонияға сапары сол жапон жұртының көңілін аулап, үкімет басшысы Сугамен келіссөздер өткізу арқылы жапон қоғамының ғана емес, жалпы халықаралық қауымдастықтың Олимпиадаға деген көзқарасын өзгертуді мақсат тұтқан болатын. Сол мақсатына жету үшін Бах Жапонияға сапары барысында атом бомбасынан зардап шеккен Хиросима қаласындағы Олимпиада алауының эстафетасына қатысып, осы Олимпиада ойындарының әлемде бейбітшілікті сақтау ісіне қосатын үлесі үлкен екенін көрсетуді де көздеді.

Алайда жапон қоғамы Бахтың ол ойын қол­дамайды және оның 21 сәуірде өткен баспасөз конференциясында: «Жапонияда жарияланған төтенше жағдайдың халық­аралық шара болып табылатын Олим­пиадаға қатысы жоқ» деген сөзін қоғам қатты сынап, жерден алып, жерге салып жатыр. Бахтың бұл сөзі жапон жұртының жүй­кесін қоздырып, ашуына тигені анық. «Бах мырзаның өзі отқа май құйды» деп ақ­парат құралдары оны айыпта­ғандары тегін емес.

 Жапондық БАҚ қана емес, шетелдік ақпарат агенттіктерінің арасында да Токио Олимпиадасына қарсы шығып, ашық жазып жатқандар бар. Мысалы, 5 мамырда америкалық Washington Post газетінің электронды нұсқасында жапон үкіметінің Олимпиаданы өткізу ойынан бас тартып, шыққан шығындарын санап, шеккен зияндарын мойындаудан басқа амалы жоқ екенін жазды. Америка демекші, сәуір айындағы премьер-министр Суганың АҚШ-қа шеккен алғашқы сапары барысында президент Байден Токио Олимпиадасына қатысты жапон үкіметі жасап жатқан жұмысты оң бағалайтынын сөз арасында айтқанымен, қандай да бір нақты қолдау көрсететіні туралы ештеңе айта қоймады. Оның үстіне, әлемдік спорт саласының алдыңғы қатарлы көш­бас­шыларының бірі болып саналатын, одан қалса, Жапонияның ең сенімді одақтасы бо­­лып табылатын АҚШ-тың өзі уа­қыт­­тың тым аз қалғанына қарамастан, аме­ри­калық ұлттық команданың Токио Олим­­­пиадасына қатысатыны жайлы ресми ақ­парат жарияламай отырғанының ас­тар­­­ында не жатқанын аңғару қиын емес сияқты. 

Былтыр наурызда сол кездегі Жапо­нияның премьер-министрі Синдзо Абэ тарихта алғаш рет ХОК басшылығына Олимпиаданы кейінге шегеруге қатысты өтініш білдіріп, ол өтініші қабылданса, қазіргі үкімет басшысы Суганың: «Әлем­нің коронавирусты жеңгенінің бірден-бір символы ретінде Олимпиаданы міндетті түрде өткіземіз», деген ниетінің орындалуы екіталай жағдайға әкеліп отыр. Тым болмаса, Токиоға тек шетелдік спорт­шыларды шақырып, жапондық көрер­мендердің санын шектеу арқылы аз адамның қатысуымен өткізсек қалай деген ойдың өзін жүзеге асыру оңай болмай тұр.   

 Әр елдің жағдайы әрқалай боп тұрған мына заманда вакцина салдырып алған спортшылар болса, салдырмағандар, салдыруға мүмкіндігі шектеулілер, арасында салдырғысы келмейтіндер де бар. Ал 6 мамырда ХОК басшылығы вакцина шығаратын Pfizer компаниясымен Олимпиадаға баратын спортшыларға кезектен тыс вакцина салып беруге қатысты келіскендері жайында айтқандары сол-ақ екен, қоғам «спортты халықтан биік санап не күн туды» деп тағы да сынға алды. Жапон үкіметі болса бұл мәселені жағдайға қарап маусым айында шешейік деп отырғанымен, бір айдан да аз уақыт ішінде көп нәрсе өзгере қоймайтыны белгілі. Жапон үкіметі мен Халықаралық Олимпиада комитеті осылай бір-бірінің көңілін аулағанымен, жағдай күрт жақсарып, қоғамның көңіл күйі лезде өзгере қояды деп ойлауға дәл қазір еш негіз болмай тұр.

Ал енді бұл мәселенің саяси жағын да аздап сараптап көрсек. Жалпы, 2021 жыл – саяси тұрғыдан Жапония үшін өте маңызды жыл. Біріншіден, қырқүйек айының соңында қазіргі саяси билік басындағы Либералды-демократиялық партия (ЛДП) төрағасының мерзімі аяқталса, екіншіден, қазан айында Парламенттің өкілдер палатасы депутаттарының мерзімі бітеді. Жапонияда саяси биліктің парламенттік басқару жүйесіне негізделгенін ескерсек, жалпыхалықтық парламенттік сайлауда қай партия көп дауыс жинап, билікке келсе, сол партияның басшысы елдегі басты атқарушы билік – үкіметтің де басшысы болып сайланады. Яғни өткен жылдың күзінде тарихта үкіметті ең ұзақ басқарған әйгілі Абэнің орнына премьер-министр болған қазіргі партия төрағасы Суга үшін бұл жыл – сая­си тағдыры таразыға түсіп отырған жыл. Қыркүйектегі партия төрағасы сайлауына қатысып, жеңіске же­тіп жатса, онда саяси әріптестері тарапынан қазан айындағы парламент депутатта­ры сайлауында өз партиясын жеңіске же­те­лейді деген сенім артылып, қолдауға ие бола­ды деген сөз. Ал енді партия төраға­сы сайлауында саяси фракциялар басқа кан­ди­датқа дауыс беріп, жаңа басшы сай­ласа, онда парламенттік сайлаудың нәти­жесі де сол жаңа төрағаның саяси сахна­дағы абыройы мен беделіне байланысты болмақ.

Бірақ соңғы кездегі саяси сарапта­ма­ларға сүйене отырып айтар болсақ, дәл қазір ЛДП саясаткерлері арасында партияны парламенттік сайлауда жеңіске жетелей алатындай абыройға ие күшті көшбасшының атын атау оңай болмай тұр. Қазіргі премьер-министр Суга ұзақ жылдар бойы алдыңғы премьер-министр Абэнің сенімді серіктесі болып, сегіз жарым жыл ол басқарған министрлер кабинетінің бас хатшысы болған мықты саясаткер екеніне күмән жоқ. Алайда былтыр күзде Абэ «өз еркімен» биліктен кеткен соң оның орнына жаңа премьер-министр болып сайланған Суганың бас­ты проблемасы – оның командасының әлсіздігінде. Әсіресе, кезінде өзі Абэге мықты тірек болып келгендей, қазір өзіне тірек бола алатын беделді саясаткердің болмауы, яғни жапондық бір саяси сарапшының бейнелі түрде дәл айтып, дөп басқанындай, «премьер-министр Суганың басты проблемасы – оның қасында министрлер кабинетінің бас хатшысы Суганың болмауы». Сондықтан соңғы кезде Абэнің өзі қайтадан партия төрағасы болса қайтеді деген сөздер де айтылып жүр. Партияны алға жетелей алатын жалғыз саясаткер шынында сол ғана болса, Абэнің билікке қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайтын сияқты.

Дегенмен Суга оңай беріліп, тез жеңіле салуға құлықты емес. Қыркүйек айы­ның соңында болатын партия төрағасы сай­лауының мезгілін өзгерте алмағаны­мен, Суга премьер-министр ретінде Парла­менттің өкілдер палатасын мезгілінен бұ­рын тарқатып, елде жаңа саяси науқанды бас­тап жіберуге толық заңды құқығы бар. Со­лай істеу арқылы, яғни алдымен пар­ламент сайлауында партиясын жеңіске жеткізіп, содан кейін күздегі партия бас­шы­сының сайлауында мықты көшбасшы ретінде қайта төраға болып сайланып, сол арқылы премьер-министр болып қалуға мүмкіндігі бар.

Ал ол үшін басқа емес, дәл осы Токио Олимпиадасы басты саяси-әлеуметтік фактор болып отыр. Саяси қарсыластары тарапынан сыртқы саясатының әлсіздігі үшін сынап жүрген Суга сол олқылықтың орнын толтыру үшін де Токио Олимпиадасын өткізіп, сәл де болса шыққан шығынды қайтарумен қатар, коронавируспен күресте жеңіске жеткен елдің көшбасшысы ретінде өзін әлемге паш етуді мақсат тұтады. Сол үшін де Суга парламентті таратып, кезектен тыс сайлау жарияламай, алдымен жазда Олимпиаданы өткізіп алып, екі саяси сайлауды да күзде өз мерзімінде өткізуді ойлайды. Жоғарыда баяндалғандай, жағдай күрт жақсарып кетпесе, жазда Олимпиада өткізе алмайтын сияқты. Ал олай болса, Суга Олимпиаданы өткізбеуге қатысты шешімді басқа емес, өз халқының қалауына байланысты қабылдаған сали­қалы шешім ретінде көрсете алуы керек. Егер Суга дәл осыны істей алса, оның қоғам тарапынан қолдау рейтингісі көте­рілуі мүмкін. Ал ондай жағдайда, ақыры жаз­да Олимпиада өтпейтін болса, оның орны­на парламент сайлауын өткізіп жібе­руді ұйғаруы мүмкін.

Сөз соңында тарихқа көз жүгіртіп көрсек. Азия құрлығындағы алғашқы қыс­қы және жазғы Олимпия ойындары сонау 1940 жылы Жапонияның Саппоро және Токио қалаларында өтуі тиіс болған. Алайда жапон әскерінің Қытайға басып кіргеніне наразылық білдірген халықаралық қауымдастықтың қысымымен ол ойындар жапон елінде өтпей қалған еді. (Бірақ Азиядағы алғашқы жазғы және қысқы Олимпиадалар 1964 және 1972 жылдары бәрібір сол Токио мен Саппорода өтті). Ал одан қырық жылдан кейін кеңес әскерінің Ауғанстанға басып кіргеніне қарсылық ретінде бойкот жариялаған Батыс елдерінің қысымымен Жапония да 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиадаға қатыспай қойған-ды. Енді одан тағы қырық жыл өткенде 2020 жылғы Жазғы Олимпия ойындарын Азия елдері арасында алғаш рет екінші мәрте өткізу мәртебесіне тағы сол Жапонияның астанасы ие болып еді. Алайда коронавирус індетінің кесірінен Токиодағы Олимпиада ойындарының кейінге шегерілгеніне байланысты былтыр 18 мамырда Жапонияның қаржы ми­нистрі және премьер-министрдің орынбасары Таро Асо: «Әр қырық жыл сайын қыр­сық шалатын қарғыс атқан Олим­пиада» деп қатты наз айтып еді. Ал одан тура бір жыл өткенде, Олимпиадаға дейін жүз күн қалған тұста Жапонияның билік басындағы саяси партиясының бас хат­шысы Тошихиро Никай: «Өлсек те өткі­земіз деп отырған жоқпыз, жағдай келмесе, амал нешік, бас тартуға тура келеді, ондай да ойымызда бар», деп алғаш рет Олим­пиаданың өтпей қалуы мүмкін екенін меңзеген еді.

Өз тарапымыздан билеуші партия бас­шы­ларының бірі, беделді саясаткердің осы сөзінде көп мән жатқанын атай келе, қыр­сық шалып, қарғыс атқан демесек те, дәл осы Олимпия ойындары биыл жапон елін саяси тұрғыдан бір сілкіндіріп өткелі тұрғаны анық.

Қайткен күнде де, биыл Жапонияда жаз қатты ыстық болайын деп тұр... 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

Қазақстан жапонтанушылар қоғамының төрағасы,
Халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD докторы,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін