Бұл турасында және өңірдегі эпидемиялық жағдайдың жалпы сипаты жайында өткен аптада жергілікті коммуникациялар қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлім етті.
Өңірдегі бас дәрігердің айтуынша, Қарағанды облысында екпе салдыру ісі екпінді түрде жүргізіліп келеді. Нақтырақ айтқанда, өткен аптадағы мәлімет бойынша облыста 123 671 адам жаман тұмауға қарсы вакцинаның алғашқы компонентін алған. Ал өңірдің 21 904 тұрғынына екінші компонент егіліпті. Дегенмен осы шараларға қарамастан, Қарағанды облысы бұрынғысынша «қызыл аймақ» шеңгелінен шыға алмай отыр.
Облыстың бас дәрігері өңірде 288 мобильді бригаданың қызметкерлері пациенттердің жағдайын бақылаумен бірге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп жүргенін де атап өтті. Мәселен, үй ошақтарында инфекция таралуының алдын алу үшін барлық жұқтырған пациенттер тәулік бойы бақылауға алынады. Олардың арасында асимптоматикалық және аурудың жеңіл ағымы бар адамдар да бар.
Гамаль Тоқсамбаев бүгінде облыста 4 819 төсектік орынның консервацияланғанын атап өтті. Ал жансақтау бөлімшелерінде жатқандардың көбісінің жасы 65-тен асқандар екен. Қазіргі уақытта олардың саны 72 адамға жеткен. Облыстың бас дәрігері бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар қызметінің күшейгенін айтты.
– ПТР-тест инфекция жұқтырғанын анықтап, үйінде карантин жағдайында отырған пациенттер біздің мамандардың жіті бақылауында. Олардың жағдайы ауырламас үшін алдын ала емдеу шаралары тағайын-
далады. Бұл шаруаны іске асыру үшін 208 мобильді бригада жұмыс істеп жүр. Жалпы, эпидемиялық жағдай ауырлап кетер болса, оның алдын алу мақсатындағы жұмыстар жан-жақты қарастырылған. Мысалы, облыста дәрі-дәрмектің үш айға жететін қоры бар, – деп мәлімдеді Г.Тоқсамбаев.
Еске сала кетсек, облыста вакциналау науқаны биылғы 1 ақпаннан басталған болатын. Қазіргі таңда өңірдегі барлық қалалар мен аудандарда 115 иммундау кабинеті жұмыс істейді. Жұмыс күндері 8 ірі сауда орталығында егу кабинеттері ашылғанын да айта кету керек.
Брифинг барысында облыстың бас дәрігері өңір тұрғындарының Қарағанды қаласындағы фармацевтикалық зауытта ресейлік технология бойынша өндірілетін Спутник V және отандық QazVac екпесін алып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге ол облысқа Қытайдың Sinopharm вакцинасының жеткізілгенін де мәлім етті.
ҚАРАҒАНДЫ