Қазақстан • 11 Мамыр, 2021

Мәулен Әшімбаев: ШҚО-да өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсетуіміз керек

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында болған алапат өрттің салдарынан ондаған үй толықтай өртеніп кеткен болатын. Оқиғаға бей-жай қарамаған сенаторлар бір күндік еңбекақысын өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: ШҚО-да өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсетуіміз керек

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары мен Аппарат қызметкерлері өрттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестіктерін жеткізді.

«Бұл жағдай Президентіміздің тікелей бақылауында. Мемлекеттік органдар Риддер тұрғындарына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Бұл өте қиын жағдай екені сөзсіз. Осындай сын-сағатта бәріміз бірлесіп, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Парламент Сенатының және жеке өз атымнан өрт салдарынан қайтыс болған азаматтың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз»,  деді Мәулен Әшімбаев.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қазір өрттен зардап шеккен қала тұрғындарына көмек көрсетуде және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатыр.

Осындай қиын кезеңде сенаторлар бір күндік еңбекақысын өрттен зардап шеккендердің көмек қорына аудару және Риддер тұрғындарын қолдау жөнінде шешім қабылдады.

Айта кетейік, Мәжілісмендер де Риддерде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік жалақысын аударды.

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы Риддердегі тұрғындарға көмек көрсету үшін Мәжіліс депутаттарының бір күндік жалақысын аудару туралы қаулы қабылдады.