Әдебиет • 12 Мамыр, 2021

Тереңдік тағылымы

725 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Формациялық даму үлгісі ғана емес, мінез-құлықтары да бір-біріне ұқса­майтын халықтардың арасын жақындата түскені үшін адам баласы ең алдымен әдебиетке қарыздар. Сөз өнері қиялымыз туғызған мына фәнидің жалған көрінісі екеніне қарамастан, ол бізге күрмеуі күрделі тіршіліктің тереңінде жасырынған құндылықтарды табуға көмектесіп келеді. Нәсілдік, діни-ғұрыптық айырмашылығымызға, қай жерде, (мейлі ол сахараның шөлі ме, әлде, теңіздің көк майса жағалауы ма, немесе тіпті шексіздігі сағымды да адастыратын кең байтақ дала ма) туып, пешенемізге қандай ұлттың өкілі болу тағдыры жазылғанына қарамастан әдебиет бәрімізді мұңайтатын, қуантатын, табыстыратын, таңғалдыратын, біріктіретін, аяушылығымызды оятып, бауырмашылдық сезімімізді арттыра түсетін, ақылмен түсіндіріп бере алмайтын, біздің санамыздан да биік тұрған – Құдайдың құпиясы.

Тереңдік тағылымы

Сөз сиқыры бізге талай дүниенің сырын ашты, мерейімізді үстем етіп, жанымызды жігерлендірген тіл құдіреті ар­қылы арманымыздың асқарында мұнарт­қан биік шыңдарды да бағындырып, адам бала­сының ақымақтығы туғызған кедергілерді бұзып-жарып өттік. Құдайдың кенже баласындай болып фәнидің есігін ашқаннан бері адамдық бастаудың тұнығын лайлайтын әрекеттердің бәріне қарсы тұра алған бір ұлы күш болса, ол – сөз өнері.

Қиын-қыстау замандардың аласапыран дауылына, тоталитарлық қоғамның тегеурінді қыспағына, халықтың азатты­ғына кісен салып, қанын судай ағызған репрессиялардың озбырлығына қарамастан әдебиет барлық уақытта да бізге адамдық болмысымызды жоғалтып алмауды үйре­тіп келеді.

Келешегіміз тұманданып, ел тағдыры жыртысқа түсіп, бағыт-бағдарымыздан адасқан өліарада кез келген ұлттың әдебие­тінде адам болып қалудың тағылымын көрсетіп, қалғып бара жатқан санасын оятып, рухын тірілтіп, үміт отын жағып, келешекке жол бастайтын кемеңгерлері болады. Француздарда ол – Гюго мен Бальзак, немістерде – Гете, орыстарда Пушкин мен Толстой, қазақтарда ол кім десек – Абай мен Әуезов. Қазақ даласының кең байтақ сахарасында кенеттен пайда болып, даңқы әлемді шарлап кеткен бұл екі таңғажайып құбылыстың өнердегі жарығы өмірге келетін әлі талай ұрпақтың жүрегіне алтындай сәулесін ұйытатын болады...

Рухани байлықтан басқа ештеңеге қызық­паған Герольд Бельгердің әулие Абай жайлы толғанған эссесі жоғарыдағыдай сөздерді айтуымызға түрткі болып, бізді осындай бір ойдың мекеніне қарай жетелей түсті.

Герағаңның ұшы-қиыры жоқ алып мұхиттай әдебиет кеңістігінен тапқан олжасы көп, бірақ пір тұтып, әулие санап, бойтұмарындай қастерлеп өткен үш ұлы ардақтысы болды, олар – Гете, Пушкин және Абай.

Қызық! Ұлтының мақтанышына айнал­ған үш кемеңгердің тәнін топырақ жа­сырғаннан бері тұтас бір кезеңдердің дәу­рені артта қалып, ондаған ұрпақ ал­мас­ты, осы беймаза мезгіл ішінде әлем кар­­тасында жаңа шекаралардың сызы­ғы жүргізіліп, мемлекеттер жоғалып, алып империялардың күлі көкке ұшты, бірақ қоғамдық, әлеуметтік, саяси дағда­рыстардың дауылына қарамастан, біздің бойымыздағы Азаттыққа, Махаббатқа, Өмірге іңкәр құштарлықтың отындай лапылдаған Гете – Пушкин – Абай рухының жалыны бұрынғыдан бетер лаулап, адамзат аспанының төрінде мәңгіліктің хабаршысындай жарқырап, жылдар өткен сайын жұлдызы жоғарылап барады.

Әлі күнге дейін немістер – Гетені, орыс­тар – Пушкинді, ал мына біз қазақтар Абай­ды оқып, ойлы жырларының сәулесіне шомылғанымызда адамдық табиғатымызды тапқандай көңіл күйдің толқынын басымыздан кешеміз. Жұлдыздары биіктеп бара жатқан үш ұлы халықтың данышпаны уақыт өте келе сол үш елдің кемеңгеріне ғана емес, ұлттық рухына да айналып үлгерді. Ұлты неміс жазушы Бельгердің дәл байқағанындай, әртүрлі тарихи-гео­графиялық ортада, әртүрлі қоғамдық формация мен тарихи кездерде, тіл мен әдеби дәстүрі бір-бірінен мүлдем алшақ жағдайда өмір сүргендеріне қарамастан, бұл ұлы ақындардың тағдырларында, дүниетанымдарында, ізденістерінде, адам­гершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана-сезімді ояту бағытындағы ересен еңбектерінде үндес, сарындас әуендер көп.

Дәл бүгінгідей идеологиямыз әлсіреп, дініміз шатасып, діліміз адасып, тіліміз алашұбарланып бара жатқан шырғалаң заманда Абай біздің кемеңгеріміз, бағыт түзейтін темірқазығымыз ғана емес, ендігі жерде адам болып қалуымыздың кепілі мен жалғыз мүмкіндігіне де айналғандай. Ислам шекпенін жамылып, миымызды айрандай ашытып жіберген діни бағыт­тардың шылауына шырмалмай, кемең­гер ойларының жұмбағына терең бойла­ғанымызда ғана біз шын мәнісіндегі ұлттық болмысымызды табамыз...

Парадокс! Ұлты неміс Герағаң әуелі Гете арқылы болмысын танып, содан кейін ғана барып Абайды ашуы тиіс еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Ең алдымен ол «мыңмен жалғыз алысқан» Абай жұмбағына үңілді, ке­меңгердің шығармашылық әлемінің сан қырлы табиғатын зерттей түсіп, бірте-бірте Гетенің ақындық әлемінің шы­ңырауына бойлады. Бұрын-соңды аңғар­маған жаңа ақынды ашты. Ұлы шайырдың бір өлеңін немісшеден оқып («Қараңғы түнде тау қалғып»), сосын Лермонтовтың тәржімалауында орысшасы және Абай аудармасындағы қазақшасымен танысқан Герағаңның шындықтың арқанынан аттап кете алмай «Гетеге – үш, Лермонтовқа – төрт, ал Абайға – бес қояр едім» деп ағы­нан ақтарылуында үлкен гәп, терең сыр жатыр. Мүмкін қателесетін де шығармыз. Біздің ойымызша Абайдың тағылым алып, тағзым еткен ұстаздары Гете мен Пушкиндердей даңқының жер жарып, атағының айдай әлемге жайылып кете алмауының жалғыз ғана себебі – қазақ болып туғанында. Бұл Абайдың кемшілігі емес – біздің осалдығымыз. Егер неміс немесе орыс топырағын еміп туғанда Абайдың ақындық даңқы Гете мен Лермон­товтардан әлдеқайда биік болары сөзсіз. Герағаңның бір өлең арқылы үш ұлы ақынның шығармашылығына баға берген тұжырымы бізге осындай қорытынды жасап, ой түюге итермелей түсті.

Мәдениеті озық екі елдің ақындарынан Абайдың артықшылығы ол Шығыстың да, Батыстың да даналығын ой сүзгісінен өткізіп, бойына сіңіріп, әлемдегі барлық халыққа ортақ идеяны ұсына білген – адам­заттың ақыны. Бір қызығы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», адамгершілік мұрат­тың алтын қазығындай идеяны мәде­ниеті озық елдің өкілдері – неміс Гете, орыс Пушкин де емес, қазақ Абай айтты. Ендеше қазақ топырағында өсіп-өнген Герағаңның ұлы Абайды ерекше қадір тұтып, тіпті, Гетеден де артық сүюінде бір үлкен жұмбақ, басқа ұлттың рухына жанасып кеткен жанға ғана сыры мәлім құпия жатыр, біз білмейтін.

«Гетені оқысам Абайды танығандай боламын. Абайды оқысам Гетені танығандай боламын», дегенімен, үш елдің әдебиетін де тел емген еңбекқор жазушының Абай­ды сүйген махаббатының алабөтен бол­ғаны екі ұлы ақынның сан қырлы твор­-
че­ство­сын талдаған «Гете мен Абай» атты эссесінен тайға таңба басқандай аңға­рылады. Тап осылай болуы заңдылық та, өйткені, Герағаң қазақ ақынының рухани мұрасымен тоғыз жасында танысты. Қазақ мектебіне оқуға түсіп, тіл сындыра бастаған неміс баласына Абайдың «Қыс» өлеңі қатты әсер етті. Сәбилік сезімін тебі­рентіп, балалық көңілін толқытты.

Ия, сол жылы Есілдің жағасындағы кішкене қазақ ауылы қарлы боранның астында қалған. Қыс та айтарлықтай қатал болды. Қазақ даласына жер аударылған неміс отбасы бұрынғы дәрігерлік бекеттің бір бөлмесін паналап отырған.

Саршұнақ аяз. Терезені жел тықыл­датады. Шағын ғана қаңылтыр пештің іші гу-гу етеді. Жетілік шамның сығырайған жарығының астында отырған немістің бір баласы әбден тозығы жетіп, сырты алба-жұлба болған оқулығын алып, өлең оқып жатыр.

Ақ киімді денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Бала Бельгер ақын өлеңін оқып, ойдың теңізіне шомғанда, кішкентай қарындасын алдына салып әлдилеген анасы Гетенің «Даланың раушан гүлі» өлеңін оған күбір­леп, бейкүнә періштені жұбата тү­седі. Қыстың қара суығында жанын жылыт­қандай болған Гете мен Абай бейнелері неміс баласының санасына қатар сіңіп, жүрегіне алтындай сәулесін ұйытты. Қия­лына қанат бітіріп, арман аспанының асқарына жетеледі.

Жазушының отыз жыл бұрынғы «Гете мен Абай» эссесін қайта шолып шыққа­нымда Бельгердің бүйрегінің Гетеге қара­ғанда Абайға көбірек бұрғанын бай­қадым. Тіпті, Гетені тілге тиек ету оған ұлы Абайдың данышпандығын, кемең­герлігін, көрегендігін дәлелдеу үшін әңгі­меге тамызық болғандай ма, қалай? Алай­да қазақтың бар жақсылығын көріп, жаны халықтың рухымен жанасып кеткен жазушының тағылым алған ұлы ұстазы Абайды әлем ойшылдарының бәрінен де жоғары қойып, данышпанның рухына өмір бойы тағзым еткен ғибратына таңғалудың қажеті бар ма? Жоқ. Ол өскен­ ­ауылда үлкен-кішілер тегіс Абай өлеңдерін, Абай әндерін жатқа айтты. Ауыл сахнасында «Абай» спектаклі қойылды. «Абай жолы» романын елдің бәрі таласып оқыды. Ен­де­ше қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тәрбиеленген Бельгердің адамзаттың бәрін де аймалап, құшағына сыйғызып жібере алатын поэзия пайғамбарын Гетеден де артық жақсы көрмеуі қалайша мүмкін болмақ. Келіннің бетін кім ашса, сол оған ыстық болып көрінеді емес пе. Адам­гершіліктің әліппесін үйретіп, жанына ізгіліктің шуағын шашып, ақылына сәулесін қондырып, танымын тереңдеткен ұлы Абайды ол неге басқа ақындардың бәрінен артық сүймесін? Сондықтан да жазушы бәзбір білгіштердің «ау, жүз том еңбек жазған Гетені небәрі екі томдық мұра қалдырған Абаймен салыстыру артықтау емес пе» деген сауалына ызаланып, былай деп жауап берді: «Артық емес!.. Рухани байлықтың құны еш уақытта көлеммен белгіленбейді. Өйткені, көркем әдебиетте, жалпы творчество атаулыда сан әрдайым сапаға ауыспайды. Мәселе, сөздің көптігінде емес – сыбағалы салмағында. Осы тұрғыдан қарасақ Абай сөз жоқ, өлеңнің қадыр-қасиетін терең түсінген алып ақын. Абай поэзиясы – шетсіз-шексіз жатқан сұлу әлем. Оның әр жолын оқып шыққанда, дүние сырына қанығып, ойға-ой, сезімге-сезім қосасыз. Кейбір кіп-кішкене миниатюраның өзі тұтас бір философиялық көркемдік жүйені аңғартып отырады. Абай жайында жақсы кітап жазған Т.Әлімқұловтың («Жұмбақ жан») «Абайдың әр өлеңі кітапша болмаса да, дербес мақала жазуға тұрады» деуінде артықшылық жоқ. Шыны сол!». (Герольд Бельгер «Абай мен Гете»).

Бельгер шығармашылығының шыңда­луына ғана емес, азаматтық ұстанымы­ның қалыптасуына да Абайдың рухани мұрасының зор ықпалы тиді. Жазушы ұлы ақын туындыларынан алған тағылымын жанымен қабылдап, жүрек қазынасына айналдырып, қазақтың санасына күндей жарқыраған Абай шуағының сәулесін түсіруге ұмтылды. Абай атамыз айтқан бес асыл іс «ТАЛАП – ЕҢБЕК – ТЕРЕҢ ОЙ – ҚАНАҒАТ – РАҚЫМ»-ды ойына қорытып, бойына сіңірген таланттың адамдық табиғатында иненің жасуындай да жалғандық пен жасандылық болған жоқ. Бельгердің өмірдегі бүкіл іс-әрекетінен Абай тағылымына деген адалдығы айдарланып тұратын.

Әдебиеттің босағасынан жаңа түскен келіндей болып аттағанда жазушылықтағы ең алғашқы талабын қазақ қаламгерлерінің шығармаларын орыс тіліне аударудан бастаған Герағаң алдына биік мақсат қоя білді. Қазақ классиктерінің көлемі кере қарыс романдарын орыс тілінде сөйлету үшін күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып тынымсыз еңбек еткен жанкештілігі неге тұрады десеңізші. Немістің ұлы ақыны Гете өзінің хатшысы болған Эккерманға бірде былай депті: «Мені жұрт жолы болғыштың өзі болды деп ойлайды. Әрине, менің тағдырға, өмірге өкпем жоқ. Бірақ мен өмір бойы ауыр бейнеттен арылмай келемін, тіпті осы жетпіс бес жыл ішінде бір ай да болса жан рақатын көрмеппін». Дәл осындай мағынадағы сөзді менің ойымша қазақ топырағында өсіп-өніп, сексеннен аса бергенде дүние салған неміс Бельгерге де қаратып айтуға әбден болады. Сөз өнерінің дертіне шалдыққан ол өмір бойы талаптанып, еңбектеніп, жан рақатын көрмей ойдың шыңырауын қазды. Жан әлеміне өлшем болатын рухани байлықты ол Абайдан тапты. Гер­ағаңның азды қанағат тұтатын адам екеніне сұхбат алу үшін үйіне барғанымда көз жеткізгенмін. Жұпыны ғана пәтерінен кітаптан басқа байлық көзіме шалынбады. Ең ғажабы ол көз майын тауысып оқыған кітаптары жайында пікір білдіруге де уақыт табатын. Қаламгер қауымды жұрттың сөзіне емес, шығармасына қарап бағалайтын. Сондықтан да өнер адамдары жайында Герағаңның мына көпшіліктің айтып жүргеніне мүлде ұқсамайтын өз ойы, өз пікірі бар болатын.

Ұлы Абайдың бес дұшпаны «ӨТІРІК – ӨСЕК – МАҚТАНШАҚ – ЕРІНШЕК – БЕ­­КЕР МАЛ ШАШПАҚ»-ты жанына жо­латпаған бір жазушы болса, ол дәл осы неміс Бельгер шығар. Ол еш уақытта да өтірік сөйлемейтін. Басқа түгіл, сол үшін жақын араласып кеткен замандастарына да мінезі жақпай қалған кездері көп. Жалғандыққа жаны қас Герағаңның ат басындай алтын берсе де азаматтығына кір жұғып қалатын тірлікке бармайтынын, күнделігінде жазылып қалған мына бір естелігі дәлелдей түскендей.

 «Бүгін мені Болат Әбіловтің бір әре­кеті таңғалдырды: «Тарлан» сыйлығын табыс ететін кешке шақырып, оны маған беруді ұйғарғандарын айтты. Мен аң-таң қалдым: – Сендер маған «Тарланды» берген жоқсыңдар ма? – дедім. – «Қосқан үлесі үшін» аталымын.

– Онда тұрған не бар! – деді Бөкең жұлып алғандай. – Енді ең басты сый­лығын береміз. Екі мәрте Совет Одағы­ның Батырлары бола береді емес пе?. («Тарланның» басты сыйлығына ол жылдары Алматының қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер сатып алуға болатын. А.К).

– Жоқ, Бөке – дедім мен үзілді-кесілді қарсылық білдіріп. – Бұлай істеуге болмайды! Түрлі алып-қашпа әңгімелер туады. Сыйлық өзінің мән-мағынасын жоғалтады.

– Бірақ біз шешімді қабылдап қойдық, қой.

– Шешімдеріңді өзгертуге тура келеді. Мен сендердің шақырған кештеріңе бара да алмаймын. Таяуда ғана инфаркт алғанмын.

– Қалай, келе алмайсыз?

– Солай.

– Жарты сағатқа болса да келіп кетіңіз.

– Бара алмаймын.

– Онда жұбайыңыз келсін.

– Жоқ, жандарым. Әйелім де бармайды. Егер «Тарлан» сыйлығын берсеңдер, мен одан бас тартуға мәжбүр боламын.

– Сіздің айтқаныңыздан қайтпайтын адам екеніңізді жақсы білеміз. Дегенмен...

– Жо, жоқ. Енді бұл туралы ауыз ашпа.

Болаттың бар өнерін салып көндіруге ты­рысқанына қарамастан мен бір сый­лық­ты бір адамға екі мәрте беруге болмайтынына оның көзін жеткіздім.

– Пәлеге қаласыңдар.

– Онда кімді ұсынасыз?

– Айталық Иран-Ғайыпқа, Темірханға беруге болады. Тынымбай да бұл сыйлықты алуға әбден лайық». (Герольд Бельгер «Тень дней минувших», («Өткен күндер елесі») 550-ші бет).

Мен Герағаңның жұрттың сөзіне қосы­лып өсек соққан кезін көрген жоқпын. Не ойласа да ішіне жасырып қалмай, бас­пасөз бетінде кім туралы болса да пікірін ашық айтатын. Мен Герағаңның орынсыз мақтанғанын да байқаған емеспін. Үлкен істерді үнсіз ғана тындырып тас­тап, түк бітірмеген адамдай жымиып жүретін. Жұрттың бәрі ауыздарының суы құрып, әдебиеттегі толайым табыстарымен мақтанып жатқанда, талай тірлікті жасап қойса да салмақты да, сабырлы қалпынан танбайтын еді, абыз ақсақал.

Герағаңа үнемі бір-ақ нәрсе жетпей жататын. Ол – Уақыт. Алтыннан да қымбат уақыттарын қадірлей алмаған қазақтарды көргенде қатты қапаланатын. Кейде ойлаймын, бір минутын да бос жібермей, шығармашылық шеберханасында күндіз-түні тыным таппай еңбек еткен Герағаң мына момақан жердің астында қалай ғана үнсіз тыныш жатыр екен?.. Қалай, ә?..

                      

Амангелді Кеңшілікұлы