Білім • 12 Мамыр, 2021

NIS жас ғалымдары халықаралық деңгейде танылды

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 NIS зияткерлік мектеп оқушылары Оңтүстік Кореяда өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жобалар байқауында алты бірдей алтын медальды жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

NIS жас ғалымдары халықаралық деңгейде танылды

Екінші жыл қатарынан жас ғалымдардың дәстүрлі слеті онлайн форматта ұйымдастырылып келеді. Халықаралық байқаудың ұйымдастырушылары – WOOSONG университеті, SOLBRIDGE Халықаралық бизнес мектебі (Оңтүстік Корея) және «GLOBAL САПА» ОО. Жобалар математикадан экологияға дейін, химиядан ақпараттық технологияларға дейін түрлі бағыттарды қамтиды. Осы байқауда Қарағанды, Өскемен, Көкшетау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы Зияткерлік мектептердің оқушылары өз жұмыстарын халықаралық комиссияның назарына ұсынды. Жас ғалымдардың тың әзірлемелері әртүрлі бағыттарда, яғни жаңалықтар физика, информатика, техника, сондай-ақ экономика мен әдебиет салалары бойынша көрініс тапты.

Байқау қорытындысы бойынша жеті жоба үздіктер қатарынан көрінді. 1-орынды Ануар Дюсенбеков пен Фархад Нурланов  «Соққы сипаттамаларын анықтауға арналған балауыз және графит негізіндегі композиттік сенсор көмегімен баскетбол добын сынау» (Қарағанды қ. NIS) жобасы үшін еншілесе, Дiлназ Сейiлханова «Полимерлі материалдардан қалдықтарды өңдеу: қайталама шикізаттан бұйымдар жасау және олардың қасиеттерін зерттеу» (Өскемен қ. NIS), Қасым Габдушев «Шағын және орта бизнес ел экономикасын дамытудың негізгі факторы ретінде. Қазақстан экономикасына ШОБ маңыздылығы мен әсерін көрсету үшін, сондай-ақ болжамдар үшін математикалық модельдерді пайдалану» (Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS IB) жұмысы үшін иеленді. 2-орында Мағжан Сағынғанов «Шығыс Қазақстан кен ісі тарихының ақтаңдақтары: тау жастары өмірінің белгісіз парақтары» (Өскемен қ. NIS), ал Ильяс Умурбеков  «Ым тілінің көрнекі аудармашысы» (Көкшетау қ. NIS) жобасымен ерекшеленсе, 3-орында Айша Баймағамбетова «В. Михайловтың «Ұлы жұт шежіресі» деректі повесіндегі аштық бейнесінің семантикасы» (Көкшетау қ. NIS) жобасымен алдыңғы орынға лайық деп танылды.