Рейс азайды, қарыз көбейді
2019 жылы компаниялар 403 млрд теңгені шытырлатып санап алса, былтырғы табыс небәрі 187,7 млрд теңгемен шектелген. Осы орайда отандық әуе компанияларына хабарласып, қазіргі хал-ахуалын, шығын көлемін, қолдауға қаншалықты зәру екенін, алда болуы мүмкін қатаң шектеуге дайындығын, баға саясатының қалай өзгергенін сұрап білдік.
2020 жылы Air Astana әуе компаниясының табысы 2019 жылмен салыстырғанда 81 пайызға азайып, 33,1 млн доллар болыпты. Дегенмен әуе компаниясының өкілдері пандемияның ауыр зардап әкелгеніне қарамастан, өздерінің қаржылық жағдайын тұрақты деп бағалайды. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы қаржылық көрсеткіші 2017 жылдан кейінгі ең жоғары деңгейге жеткен. Сірә, мұны өз-өзін жұбату деп те бағалауға болатын шығар. Өйткені былтыр әуе сапарларының күрт қысқаруына байланысты компания қызметкерлерінің үштен екісін ақылы еңбек демалысына жіберген.
– Бос тұрып қалу режіміне кеткендерге жалақының 50 пайызы төленді. Барлық сыртқы вакансияларды белгісіз мерзімге дейін тоқтаттық. Қазір әуе компаниясының «Халық банк Қазақстан» АҚ алдында 156,4 млн доллар көлемінде қарызы бар. Мемлекет алдында қарызымыз жоқ. Қарыз жүктемесін төмендетудің бір нұсқасы – Ұлттық банктің авиация саласында жұмыс істейтін квазимемлекеттік компанияларға (COVID-19 пандемиясынан көп зардап шеккен) мүмкіндік беретін шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына түзетулер енгізу. Тағы бір нұсқа – «Даму» қорының ірі кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына (екінші деңгейлі банктерден алынған займдар бойынша сыйақының бір бөлігін субсидиялау) өзгерістер енгізу, – делінген компания баспасөз қызметінің жауабында.
Qazaq Air әуе компаниясы 2020 жылы алдын ала жоспарланған табыстың 40 пайызын ала алмаған.
– 2020 жылы компания табысы 2019 жылмен салыстырғанда 5 пайызға немесе 7 млн 652 мың теңгеге дейін төмендеді. Дегенмен уақтылы қабылданған экономиканы қолдау шаралары арқылы 2019 жыл деңгейіндегі нәтижелілікті қамтамасыз ете алдық. Пандемия кезінде және одан кейін де әуе компаниясы жұмысшыларды қысқартқан жоқ. Жалақы да уақтылы төленді. 2020 жылдың көктемінде бір жарым ай бойы жұмыс тоқтап тұрды. Сосын 1 мамырдан бастап кезең-кезеңімен рейстер жасала бастады. Бірінші айда компания жұмысшыларды ақылы еңбек демалысына жіберді. Экономикалық қорғау мақсатында локдаун кезінде бір айдағы жалақыны 40 және 20 пайызға қысқарту туралы бірауыздан шешім қабылданып, жазғы қызмет деңгейімізді қалпына келтіруге тырыстық, – дейді компания.
Компанияның қазіргі сәтте қандай да бір қарызы бар ма? Бұл сұраққа Qazaq Air «Компаниямыз «Самұрық-Қазына» АҚ акционері ұсынған заемдық қаражат есебінен қаржыландырылады. Қарыз портфелі бойынша деректер жыл сайынғы аудиторлық қаржылық есепте толыққанды көрсетілген», деп жауап берді. Олар азаматтық әуе тасымалына мемлекет қолдауы тұрақты негізде көрсетілуі керек деп санайды.
– Таяу Шығыс, Еуропа немесе көршілес Ресей, Қытай елдерімен салыстырғанда біздегі әуе тасымалы әлі қалыптасу сатысында тұр. Әуе тасымалы бойынша әлемдегі табысты гиганттардың өзіне мемлекет қолдауы көрсетілген. Өйткені әуе маршруттарының инфрақұрылымы елдің экономикалық негізі іспетті. Құрылыста капиталды көп қажет ететін инвестицияға мұқтаж әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымына көңіл бөлумен қатар әуе паркін кеңейту және халықаралық рейстерді орындау, мүдделерді қорғау бойынша да отандық әуе компанияларына қолдау өте қажет, – дейді.
Халықаралық рейстен қайран жоқ...
SCAT әуе компаниясы 2019 жылы 2 млн 300 мың жолаушы тасымалдаса, 2020 жылы 1 млн 260 мың жолаушы ғана тасымалдаған. Былтыр халықаралық рейстер негізінен қаңтар-ақпан айларында ғана орындалып, сосын ұзақ уақытқа дейін тоқтап қалғандықтан, SCAT репатриациялық рейстер есебінен жан баққан.
2020 жылдың мамыр, маусым айларында компания Армения, Ресей, Грузия, Жапония, БАӘ, Тайланд, Оман, Түркия, Чехия және Корея елдерінен қазақстандықтарды алып келді. Баспасөз қызметінің жауабынша, пандемияға дейін компания 85 тұрақты және 40 туристік бағыт бойынша рейстер орындап, жыл сайын жаңадан 10 бағыт ашып отырған. Ал қазір тұрақты негізде «Ақтау – Үргеніш» және «Шымкент – Ыстанбұл» бағыттарын қанағат тұтуға мәжбүр.
– 2020 жылы әуе компаниясының тікелей шығындары 12 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, компания 1,8 млрд теңге көлемінде орындалмаған рейстердің билет құнын 100 пайыз қайтарып берді. Елдегі ТЖ кезінде компания 3 мың рейсті тоқтатты. Бұл – 98 мыңнан астам билет. 2019 жылдың бірінші тоқсанында 433 мың жолаушы тасымалдасақ, 2021 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 404 мыңды құрады. Халықаралық рейстердің едәуір қысқаруына байланысты табыс та төмендеді. 2020 жылдың сәуір айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, авиация саласын қолдау шараларын ұйымдастырды. Үкімет 20 сәуірде бірқатар салық пен әлеуметтік төлемдер ставкасына байланысты «0» түзету коэффициентін енгізу туралы қаулы шығарды. Үш айға жұмысшылардың жалақысынан есептелетін салықтардан босату шарасы ұсынылды. Компания бұл қаражатты өндірістік қызметке бағыттауға мүмкіндік алды, – дейді SCAT өкілі.
Air Astana да халықаралық рейстердің біршама шектеліп қалғанын мәлімдеді. Бағыттар бойынша ғана емес, аптасына жүзеге асырылатын рейстер саны да азайған.
Жолаушылар ағыны арта бастады
Жыл басталғалы үш айда Air Astana 1,3 млн жолаушы тасымалдаған. 2020 жылдың үш айымен салыстырғанда 8 пайызға көп.
– 2020 жылы компания 3,7 млн жолаушы тасымалдады. Бұл жоспарланған деңгейден 54 пайызға төмен. ТЖ жарияланып, тұрақты рейстер тоқтаған кезде Air Astana пандемияға байланысты пайдаланылмаған билеттер ақысын толық көлемде қайтарды. Жолаушыларға өз билеттерін басқа мерзімге қайта брондайтын, тіпті бағытты өзгертетін де мүмкіндік ұсынылды. Клиенттеріміздің сенімі мен адалдығы біз үшін аса маңызды, – дейді Air Astana.
Qazaq Air 2020 жылдың қорытындысы бойынша 432 мың жолаушы тасымалдағанын, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары екенін мәлімдейді.
– Нұр-Сұлтан қаласындағы бұрын құрылған аймақаралық хаб арқылы жаңа маршруттық желінің қуаттылығы артты. Әуе рейстерінің саны мен тұрақты әуе маршруттары көбейді. Жолаушылар ағынының айтарлықтай көбеюі қазақстандықтардың Qazaq Air компаниясымен ұшуды қолай көретінін аңғартады. 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар ағыны 65 пайызға ұлғайды. Біздің компания қазіргі таңда халықаралық рейстерді орындап жатқан жоқ, – дейді компания.
SCAT дағдарыс сәтінде қызметкерлерді қысқартпаған. Оның ішінде шетелдік қызметкерлерді де.
– Былтыр әуе тасымалдаушысы жұмыс орындарын 100 пайыз сақтап қалу үшін барлық мүмкін шараларды жасады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ТЖ режімі кезінде үнемдеу режімін іске қостық. Әкімшілік департаменттердің біраз бөлігі қашықтан жұмыс істеп, олар төменгі жалақымен қамтамасыз етілді. Стратегиялық маңызы бар қызметтер штаттық режімде жұмыс істеді. ТЖ кезінде Қазақстан әуежайларында қосымша әуе кемелері орналастырылып, резервтік экипаждар кезекшілік атқарды. Әуе тасымалдарының қайта жандануы себепті барлық департамент қауіпсіздік талаптарын сақтай отыра қалыпты жұмыс кестесіне ауысты. Жолаушылармен тікелей байланысатын және әуе кемелерімен жұмыс істейтін барлық персонал күнделікті медициналық тексеруден өтеді, – деп жауап берді компания.
«Жетісу» әуе компаниясы 2019 жылы 61 042 жолаушы тасымалдаса, 2020 жылы 52 585 жолаушы тасымалдаған. «2021 жылдың басынан бері жолаушылар ағыны оң динамика көрсеткен жоқ», – дейді компания.
Баға саясаты қалай өзгерді?
Air Astana вице-президенті Айдар Қошқарбаев ішкі маршруттар бойынша қосымша құн салығына нөлдік ставка енгізу және лизингтегі ұшақтар үшін алынған бөлшектерге берілетін салық жеңілдігін ұзарту туралы ұсыныс білдірген еді. Компания баспасөз қызметінің жауабында аталған бастаманың мемлекет тарапынан қолдау таппағаны айтылды.
– Аталған бастамаға оң көзқарас таныту 2020 жылғы ұлттық валютаның құнсыздануы жағдайында тарифтерді ұстап тұруға (шығындардың 70 пайызы шетел валютасында көрсетілген кезде), жолаушылар ағынын қалпына келтіруге, әуе индустриясы қатысушыларынан түсетін табыс және басқа да салық төлемдері көлемінің артуына мүмкіндік беруші еді. Өкінішке қарай, оң шешім шықпады. Ресейде ішкі рейстерде қосымша құн салығына нөлдік ставка қолданылып жатыр. Бастапқыда олар бұл шешімді 10 жыл мерзімге деп қабылдап, кейін мерзімін шектеусіз етіп жасады. Пандемияға байланысты әуе компанияларына салық ауыртпалығын төмендету мақсатында қосалқы бөлшектер импортына салық жеңілдіктерін 2021 жылдың соңына дейін тоқтату туралы ұсыныс әлі қаралуда, – дейді компания. Сондай-ақ компания «Баға саясаты өзгерген жоқ. Операциялық қызметтердің қысқаруы салдарынан шығындардың күрт артып кетуіне қарамастан, әуе компаниясы өз рейстеріне тариф құнын көтерген жоқ», деп мәлімдеді.
Qazaq Air компаниясы да қосалқы бөлшектерді импорттауға арналған жеңілдіктің ұзартылуын қолдайды.
– Қазіргі норма қосалқы бөлшектердің 3-5 пайызын ғана қамтып тұрғандықтан, тізім кеңейтілуі керек деп санаймыз. Импорттық салық барьерлері жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған. Бірақ пайдаланылатын ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектер Қазақстанда және ЕАЭО-да шығарылмайды. Осылайша, ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерді кедендік рәсімдеуден өткізу әуе билетінің құнын қымбаттатуға алып келеді, – дейді. Компания өкілдерінің айтуынша, олар төменгі баға саясатын сақтайды және баға мен қызметтер арақатынасын есепке ала отырып тарифтер әзірлейді.
– Биыл наурыз айында компания тариф саясатын қайта қарап, тариф сеткасын толықтай оңтайландырды. Компания қазақстандықтардың діттеген межесіне тез әрі жайлы жетуі үшін базалық кестені жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, – делінген жауапта.
«Жетісу» әуе компаниясының хабарлауынша, 2020 жылы табыс 21 пайызға құлдыраған. «Соған қарамастан, қызметкерлерді қысқарту болған жоқ. Олардың жалақысын уақтылы төлеп тұрдық. Компания жүзеге асыратын рейстер субсидия есебінен болғандықтан, баға саясаты пандемия кезінде өзгеріссіз қалды», дейді компания берген жауабында.
SCAT 2020 жылдың маусым айында жұмыс істеудің балама моделіне көшіп, жаңа жағдай бойынша тарифтердің 3 категориясын – LIGHT, OPTIMUM және FLEX тарифтерін ұсынып отыр.
Онлайн қызмет көрсету
Дағдарыс салқынын сезген соң компания өз маркетплейсін қаншалықты жетілдірді деген сұраққа екі әуе компаниясы жауап қатты. Air Astana-ның айтуынша, электронды пошта және SMS-хабарлама сияқты дәстүрлі тәсілден бөлек, корпоративті сайтта баратын елдің санитарлық талаптары, сондай-ақ ұшу сапарын тоқтату немесе қайта жаңарту бойынша өзекті ақпараттарды жариялап отыратын арнайы парақша ашылған.
– «Онлайн-консультант» функциясын да іске қостық. Жолаушылар басқа мемлекетте отырып-ақ әуе компаниясымен байланыс орната алады. Біз құрастырған чат-бот жылдам әрі нақты жауап беріп, жолаушыларды сенімді ақпаратқа бағыттайды, – дейді компания.
Qazaq Air де клиентпен жұмыс істеу функциясын барынша жетілдірген секілді.
– 2020 жылы компания билеттерді брондаудың жаңа жүйесі мен әлдеқайда ыңғайлы интерфейске ие жаңа веб-сайтты іске қосты. www.flyqazaq.com сайтынан билет сатып алу кезінде жолаушылар алдын ала борттағы орынды брондап, багаж немесе қол жүгі көлемін кеңейтіп, үй жануарлары мен спорт құралдарын тасымалдауды резервтей алады. Сонымен қатар IQ Bonus адалдық бағдарламасын іске қостық. Оның қатысушыларына билетке жеңілдік (3 пайызға дейін) немесе Qazaq Air рейстерімен ұшқаны үшін бонустар жинау мүмкіндігі ұсынылады. Жиналған бонустарды арнайы бонустық билетке ауыстыруға болады, – дейді.
Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының (IATA) дерегіне сүйенсек, 2020 жылы халықаралық жолаушылар тасымалына деген сұраныс 2019 жылғы деңгейден 75,6 пайызға төмен болған. Ішкі сұраныс бір жылда 48,8 пайызға азайған. IATA 2021 жылы авиация саласы 47,7 млрд доллар жоғалтады деп болжайды.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Логистика және тасымалдау комитетінің азаматтық авиация жөніндегі қосалқы комитетінің төрағасы Дәулет Хамзин «ішінара көрсетілген мемлекет қолдауы авиация саласының жағдайын түзей алмады» дейді.
– Шағын және орта бизнес қолдау тапты да, ірі әуе компаниялары мен әуежайлар мемлекеттік қолдау пакеті бағытталған кәсіпорындар тізіміне енген жоқ. Нәтижесінде, әуе кәсіпорындары екінші, үшінші тоқсанда мүлік және жер салығын төлеуден ғана босатылды, – дейді Д.Хамзин. Оның айтуынша, кейбір әуежайларда жұмысшылар қысқарып, жалақы уақтылы берілмей, қажетті техникалар сатып алынбай қалған. Ал мұның бәрі әуе сапарларының қауіпсіздігіне теріс әсер еткен. Сондай-ақ әуежай территориясында орналасқан ШОБ субъектілерінің жалға алу ақысын төлеуден босатылуы да авиация саласы үшін қосымша ауыртпалыққа айналған.