Қоғам • 13 Мамыр, 2021

Қылмыстық процестің жаңа форматы оңай әрі қолайлы

785 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінде Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті. Кеңес барысында қылмыстық процестің жаңа форматындағы жұмыс барысы кеңінен таныстырылды.

Қылмыстық процестің жаңа форматы оңай әрі қолайлы

Жыл басынан бері елімізде үш буын­ды модель бойынша қылмыстық процестер негізгі құжаттарды прокурормен онлайн форматта келісу арқылы жүзеге асырылып келеді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес қолға алынған бұл жаңашылдық екі жақ үшін де оңай әрі қолайлы. Өйткені процессуалдық шешімдерді электронды форматта келісу кезінде тергеуші мен прокурордың өзара іс-қимылы барынша оңтайландырылған.

Сотқа дейінгі тер­геу­дің бірыңғай тізілімінің жаңа моду­лін таныстырған елордалық Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет депар­таментінің басшысы Шыңғыс Қабдула заманауи цифрлы технологияларды енгізу жедел тергеу жұмысының сапасын арт­тырып қана қоймай, уақыттан да ұта­тынын айтып өтті. Бұрындары күдіктіге қатысты қандай да бір ақпаратты алу үшін, мысалы, оның психикалық ауру немесе нашақор ретінде есепте тұрған-тұрмағанын анықтау үшін біраз уақытты өлтіруге тура келетін. Ал жаңа жүйеге енгізілген базада мұндай мәліметтердің барлығы толықтай жүктелген.

Бұл жүйенің өткен жылдың 31 желтоқ­са­нынан бастап іске асырылып келе жат­қанын мәлімдеген Нұр-Сұлтан қаласы про­курорының орынбасары Елдос Қилым­жанов жаңа формат енгізілгелі бері кон­ституциялық құқық бұзушылық дерек­терінің біршама төмендегенін де айтып өтті. «Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, өткен жылдың бірінші тоқсанында Нұр-Сұлтан қаласындағы құқық қорғау органдарында адам құқын бұзуға қатысты 20 дерек анықталған болса, 2021 жыл басталғалы бері небәрі 3 фак­ті анықталған. Ал биыл елордалық Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет депар­таментінде адам құқын бұзуға қатыс­ты бірде-бір дерек тіркелмеген, бірде-бір қылмыстық іс қайта тергеуге жол­данбаған. Бұл – тергеу органдары мен прокуратураның өзара тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Ал мұндағы басты мақсат – адам құқын бұзбау», дейді Е.Қилымжанов.

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына арнайы жауап берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Ма­рат Ахметжанов қылмыстық процестің бұл жаңа форматы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарының алдына қойған жаңа талабынан туындап отырғанын айтып өтті.

«Президент құқық қорғау орга­н­дарының жұмысы әлі де бұрынғыша ақ пен қараны анықтаудан бұрын, айыптауға жақын екенін ашық жеткізген болатын. Сол себепті де азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке еш негізсіз тартыл­уын болдыртпау үшін үш буынды модель құруды тапсырды. Ал біз қолға алып отырған тергеу органдары мен прокуратураның онлайн форматтағы жұмыс тәсілі азаматтардың құқын заманауи тұрғыдан қорғауға мүмкіндік береді», дейді агенттік төрағасы. Ол үш буынды модельді толыққанды енгізу жұмыстағы біржақты айыптау бағытын жоюға, тергеушілердің іс жүргізу кезінде жиі жіберетін қателіктерін болдырмауға және жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін де атап өтті.

Қылмыстық процестің жаңа форматы құқық қорғау органдарының жұ­мы­сындағы айыптау бағытын жоюға мүм­кіндік беретініне сенім білдірген М.Ах­мет­жанов: «Ең алдымен қылмыс құра­мы­ның бар-жоғы айқындалады. Күдік­тіге қатысты дәлелдердің заңға сәйкес және толыққанды жиналуы қатаң қа­да­ғаланады. Тергеуші осының барлығын тал­дап, жан-жақты қарауы қажет. Бұл – бі­рінші сүзгі. Үш буынды модель жүйе­сінде прокурор ол – екінші сүзгі. Ол қыл­мыстық процестің әр сатысына қан­дай да бір баға беруде ешкімге тәуелді емес. Агенттік қызметкерлері жинаған бар­лық материалдарды електен өткізеді, жан-жақты қарастырады және келіскен жағдайда растайды. Тек осыдан кейін ғана процессуалдық шешім заңды күшіне енеді. Қазірдің өзінде мұндай келіспеушілік де­ректері өте көп. Мысалы, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында прокурорлар келіспеген жеті факт бар. Бұл механизмнің нақты жұмыс істейтінін білдіреді. Ал жаңа формат агенттіктің тергеу органдарын жауапты болуға итермелейді», дейді.

Сонымен қатар М.Ахметжанов Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында жұмыс істейтіндердің назарын Қылмыстық іс жүр­­гізу кодексінің талаптарын толықтай сақ­­тап, азаматтардың конституциялық құқық­та­ры­н бұзуға жол бермеу қажеттігіне аударды.

Агенттік қызметкерлері мен проку­рор­лардың электронды форматта процес­суа­лдық шешімдерді келісудегі өзара іс-қи­мылымен танысқан Ғизат Нұрдәу­летов жұмыстың жаңа форматына то­лық көшу кезінде кездесетін техни­калық қателіктердің алдын алуды тапсыр­ды. Заңдылықты қамтамасыз ету үшін ен­гізілген өзгерістердің басты ерекшелік­теріне тоқталған еліміздің Бас прокуроры со­нымен қатар тергеу сапасын арттыру­ мен жиналатын материалдардың толықты­ғын қамтамасыз ету бойынша жұмысты одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.