«Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы» (AERC) кезекті тоқсан сайынғы макроэкономикалық шолуын жариялап, онда Қазақстанның қазіргі экономикалық күйін байыптап және алда болуы мүмкін жағдайларға көз жібереді.
«Қазақстан экономикасы 2021 жылы әлі де фискалды ынталандыру мен жұмсақ ақша-несие жағдайының ықпалында. Бұл тұрғын үй нарығы үшін қауіпті тәуекел тудырады. Алғашқы үш айда-ақ бірінші нарық үйлері 4,7, ал екінші нарық үйлері 10,4 пайызға қымбаттап кетті» деп жазады AERC.
Олардың болжауынша, биыл Brent мұнайының бағасы барреліне 62,3 доллар көлемінде болады. Сауда серіктес елдер экономикасы 4,5 пайызға өседі. Қазақстан 88,9 млн тонна мұнай және газ конденсатын өндіреді. Еліміздің шынайы ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) көрсеткіші 3,9 пайызға өсуі мүмкін. Сондай-ақ орталық тұтынушылық инфляция 7,4 пайызды құрайды деп болжанған.
«Алғашқы үш айда құрылыс (+13,1 пайыз), байланыс (+9,9 пайыз), су жүргізу (+8,6 пайыз), өңдеуші өнеркәсіп (+7,5 пайыз), ауыл шаруашылығы (+2,8 пайыз) салалары өсім көрсетті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі де артты. Алайда көп емес, 2020 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда небәрі 0,1 пайызға. Көлік және қаттау әлі де болса аутсайдер сала болып қалуда. Сауда саласы да кері динамика көрсетіп отыр. Биыл қаңтар-наурызда негізгі капиталға салынған инвестиция 2 101,2 млрд теңгені құрады. Былтырмен салыстырғанда 9,6 пайызға аз» делінген шолуда.
AERC болжамынша, 2021 жылы салық базасы біртіндеп қалпына келе бастайды. Соның нәтижесінде мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімі 2020 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көбейіп, 9,8 трлн теңгені құрайды деп күтіледі. Ал корпоративті табыс салығы 2,1 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік шығындар көлемі 16,5 трлн теңгеге жетпек.
«Бұл 2020 жылмен салыстырғанда шамалы төмен. Нәтижесінде, Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге көлеміндегі кепілдендірілген трансферттерді ескере отырып, мемлекеттік бюджет сальдосы 2,2 трлн теңге мөлшерінде тапшылықта болады. Не болмаса ІЖӨ-нің -2,6 пайызы деңгейінде» делінген AERC мәтінінде.