Коронавирус • 13 Мамыр, 2021

2021 жыл – қалпына келу кезеңі

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Міне, екінші жыл қатарынан COVID-19 қоғамның әр саласына, оның ішінде экономикаға да анық әмірін жүргізе бас­та­ды. Әлем экономикасы пандемия талаптарына бағынып, оның зардаптарымен санасуға мәжбүр. Тығырықтан сытылып шығып, басқаша жол тапсақ деген талпыныстар да жоқ емес. Қазақстан да хал-қадерінше қысқа мерзімде пайда болған оқыс талаптарға жауап беріп, экономикасын жаһан заңдылықтарына бейімдеуге тырысып жатыр.

2021 жыл – қалпына келу кезеңі

«Экономиканы қолданбалы зерт­теулер орталығы» (AERC) кезекті тоқсан сайынғы мак­ро­экономикалық шолуын жариялап, онда Қазақстанның қазіргі экономикалық күйін ба­­йыптап және алда болуы мүмкін жағдайларға көз жібереді.

«Қазақстан экономикасы 2021 жылы әлі де фискалды ынталандыру мен жұмсақ ақша-несие жағдайының ықпалында. Бұл тұрғын үй нарығы үшін қауіпті тәуекел тудырады. Алғашқы үш айда-ақ бірінші нарық үйлері 4,7, ал екінші нарық үйлері 10,4 пайызға қымбаттап кетті» деп жазады AERC.

Олардың болжауынша, биыл Brent мұнайының бағасы барреліне 62,3 доллар көлемінде болады. Сауда серіктес елдер экономикасы 4,5 пайызға өседі. Қазақстан 88,9 млн тонна мұнай және газ конденсатын өндіреді. Еліміздің шынайы ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) көрсеткіші 3,9 пайызға өсуі мүмкін. Сондай-ақ орталық тұтынушылық инфляция 7,4 пайызды құрайды деп болжанған.

«Алғашқы үш айда құрылыс (+13,1 пайыз), байланыс (+9,9 пайыз), су жүргізу (+8,6 па­йыз), өңдеуші өнеркәсіп (+7,5 па­йыз), ауыл шаруашылығы (+2,8 пайыз) салалары өсім көрсетті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі де артты. Алайда көп емес, 2020 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда небәрі 0,1 пайызға. Көлік және қаттау әлі де болса аутсайдер сала болып қалуда. Сауда саласы да кері динамика көрсетіп отыр. Биыл қаңтар-наурызда негізгі капиталға салынған инвестиция 2 101,2 млрд теңгені құрады. Был­тырмен салыстырғанда 9,6 пайызға аз» делінген шолуда.

AERC болжамынша, 2021 жылы салық базасы біртіндеп қалпына келе бастайды. Соның нәтижесінде мемлекеттік бюд­жет­­ке түсетін салық түсімі 2020 жылмен салыстырғанда 14 па­йызға көбейіп, 9,8 трлн теңгені құрайды деп күтіледі. Ал корпоративті табыс салығы 2,1 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік шы­ғын­дар көлемі 16,5 трлн теңгеге жет­пек.

«Бұл 2020 жылмен салыс­тырғанда шамалы төмен. Нәти­жесінде, Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге көлеміндегі кепіл­ден­ді­ріл­ген трансферттерді ескере отырып, мемлекеттік бюджет сальдосы 2,2 трлн теңге мөлшерінде тапшылықта болады. Не болмаса ІЖӨ-нің -2,6 пайызы деңгейінде» делінген AERC мәтінінде.