Аймақтар • 13 Мамыр, 2021

Қолды болып жатқан қараусыз мал

1081 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде 11 мың қараусыз жүрген мал қамалған, 78 мал ұрлау оқиғасы тіркеліп, жалпы саны 322 бас мал ұрланған. Полицейлердің жедел әрекеті нәтижесінде 104 мал өз иелеріне қайтарылған.

Қолды болып жатқан қараусыз мал

Біздің өңірде Ақшиман де­ген ауыл бар тау етегінде. Осы жерде үйір-үйір қалың жыл­қы бағылады. Әкімдердің, де­пу­таттардың малдары дейді ауыл­дықтар. Бақташылары да жет­кілікті. Ал ауылдықтар малдарын қорасынан шығарып жібере салады. Қазір мал өріске шыққан уақыт. Сондықтан, жергілікті полицейлер ауыл тұрғындарына «Малдарыңа ие болыңдар!» деп ескерту жасап жүр. Қараусыз мал бүгінгі барымташыға жем болмасын деген ниет қой. Әрі ондай мал жол-көлік оқиғаларына да себепкер.

Ал жаппай мал ұрлы­ғы­ның алдын алу, жол-көлік оқи­ғаларын болдырмау мақсатында полицейлер автожолдар мен жаз­ғы жа­йылымдарда рейдтер жүр­гізуде. Қараусыз жайылып жүрген малдарды тәртіп сақ­шылары қамап, иелеріне айып­пұл салады.

–Ауылдықтар бақташыға ақы­сын төлеп, малдарын бақ­тырса, қараусыз мал азаяр еді. Мал ұрлығы да болмас еді. Қазір бақташы да жоқ. Бірақ ауылда жұмыссыздар бар. Егер ауыл әкімдері жұмыссыз адамдарды, жастарды бақташылыққа шақырып, тұрғындармен шарт жасатып, мал бақтырса, тиімді болар еді. Себебі мал бағушы мен мал иесінің арасында шарт жасалуы керек, – дейді Әбу Еркен ақсақал.

 Айтпақшы, жол бойында қараусыз жайылып жүрген малды жуырда іссапар барысында өзіміз де Екібастұз қаласының маңындағы Шиқылдақ, Ә.Мар­ғұлан атындағы ауылдарына бар­ғанда көрдік. Тіпті көлікке жол бермейді.

Ауылдағы учаскелік инс­пекторға, ауыл әкіміне айыппұл салу жайлы айтқанымызда, жа­­уаптары «қайда жайылаты­нын мал тыңдай ма, ал ауыл­дың аты ауыл ғой» деген көңіл­жық­пас­тыққа ұқсады.

Ауыл әкімі Гүлнәр Еңсебаева­ның айтуынша, 500-дей тұрғын тұратын Шиқылдақта 3042 ірі қара, 1754 сиыр, 895 жылқы, 2370 қой-ешкі бар. Бірақ байқа­ғанымыздай, қараусыз жайылып жүретін малдары үшін айыппұл төлейтіндерінен ауылдықтар хабарсыз секілді. Олар тәртіп пен талапқа бағынса, ауыл ішін көң­нен де арылтып, таза ұстар еді.

 «Екібастұз қаласына қарас­ты ауылдарда жыл басынан бері ­300 мал қамалып, олардың ие­лері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», делінген қалалық полиция бөлімінің мәліметінде. Енді Екібастұздың учаскелік инс­пекторлары бұл жұмыстарын жалғастырып, қала аумағына қарайтын ауылдарда кездесулер ұйымдастырып, тұрғындарды мал жаю ережелерімен таныстыруы, тиісті сақтық шараларын орындауға шақырулары қажет-ақ.

Ақсу қаласына қа­­­расты ауылдарда да жыл басы­нан бері 730 бас мал қа­мал­ған. Өйткені Ақсуда да Екі­бас­тұздағы секілді қала аума­ғы­на қарайтын 20-дан аса ауыл бар. Ақсулық полиция қыз­мет­керлері иесіз жайылып жүр­­ген малды айып тұрағына қа­майды. Мал иелері әкімшілік жауап­кершілікке тартылуда. Авто­көлік жолдары мен темір жолда малдың жайылып жүруіне жол бермеу үшін тұрғындардың арасында тұрақты түрде ақпа­раттық жұмыс жүргізіледі.

Полицейлер рейд барысын­да республикалық маңызы бар Павлодар – Қызылорда авто­жолының бойында орналасқан, Ақсу қаласына қарасты Погра­ничник, Бірлік, Достық, Спутник сияқты ауылдардың үйір-үйір жылқының жолға таяу келіп жайылатынын анықтаған. Пог­раничник ауылының тұрғыны 50 бас жылқысын жол бойына қараусыз жібере салғаны үшін айыппұл төлеген.

– Қазір қараусыз жайылып жүр­ген мал мәселесі өзекті. Ауыл­­дағы мал иелері әлі де мал­да­рын қараусыз жібере салады. Жолдан өтіп бара жатқан жыл­қы, сиыр болсын көлік қозға­лысына кедергі келтіреді, – дейді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Мыңбай Асылбеков.

Тағы бір мысал. Аққулы ауда­­­нында жыл басынан бері 1138 бас мал қамалған. Жуыр­да полиция рейд өткізу барысында аудан аумағымен өтетін Омбы-Май­қапшағай халықаралық авто­жолы маңында қараусыз жайы­лып жүрген 40 бас ірі қара анық­­тады. Малдар айыппұл орын­дарына қамалып, иесіне айып­пұл салынды.

Мұндай келеңсіз жағдай өңір­дегі барлық ауданда әшкереле­ніп отыр. Аудандық, ауылдық әкім­діктердің тұрғындармен мал бағу, мал жаю ережелерін орындау, ауыл ішін фермаға айналдырмау хақында түсіндіру жұмыстарын жеткілікті жүргіз­бейтіндігінің дәлелі осы. Қарау­сыз мал, мал ұрлығы мәсе­ле­сі құқық қорғау органдары мен аудандық, ауылдық әкім­дік­тердің бірлескен іс-қимылы болмаса, түбегейлі шешілмейтіні анық.

Бұған қоса, республика­лық, халықаралық маңызы бар жол­­дар маңында мал жая­тын тұр­ғындарға айыппұл мөл­шерін көбейту қажет сияқты. Өйткені осы көліктер күні-түні әрілі-бе­рілі ағылған жолдар­мен жү­ретін жолаушылар қауіп­сіз­дігі бәрінен қымбат. Сон­дай-ақ малға таңба және сыр­ға салу, чиптау жөніндегі іс-ша­ра­лар жүйелі жүргізілсе, құба-құп. Сонда онсыз да жұмыстары жет­­­кілікті полицейлер ауылдың қа­раусыз малдарын қамап, немесе жоғалған малды іздеп шарқ ұрып жүрмес еді.

Облыстық полиция депар-
­та­ментінің мәліметінше, өңір­де жыл басынан бері малын қараусыз жіберген 200-ден астам мал иесі айыппұл төлеген. Егер қараусыз жүрген мал жол апатына себепкер болса, көліктің шығынын малдың иесі өтейді. Былтыр қараусыз малдың кесі­рінен 7 жол апаты тіркеліп, 4 мал иесі сот шешімі бойынша айыппұл төлеуге міндеттеліпті. Иесіз жайылып жүрген 1 мыңға жуық мал айып тұрағына қамал­са, оның 780-і – жылқы.

Былтыр «Екібастұз – Се­вер­ный» темір жолы аралығын­да пойыз машинисі жолда жайы­лып жүрген жылқыларды бай­қап, шұғыл тежеуді қолданған. Бірақ оқыс оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Көлік по­лицейлері жолда жайылып жү­ріп, пойыз астына түскен жыл­қылардың иесін анықтады. Құ­қық бұзушы жылқысынан айырылып қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік полицейлері темір жол­ға бөлінген жолақта мал жаюға тыйым салынатынын үнемі ес­кертеді. Бұл жануарлардың өлі­міне ғана емес, жылжымалы құ­рамның зақымдалуына, по­йыздың жедел тежелуі салда­рынан жолаушылардың жара­қат алуына әкеп соғуы мүмкін. Осы жылдың бірінші тоқса­нында Көліктегі полиция де­партаментінің мәліметінше, по­йызды шұғыл тежеудің 484 оқи­ғасы тіркелсе, темір жол жолағында мал жаюдың салдарынан 345 оқиға болған.

Өңірдегі 146 айып тұрағына жеткізілген, яғни иесіз жайылып жүрген 468 бас малдың иелеріне айып­пұл салынды.

– Қараусыз жүрген малды қағып кету салдарынан жүр­гізу­шілер мен жолаушылар жарақат алып, мерт болады, жануарлар да өледі. Жуырда Солтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне ірі қара малдың Мойылды ауы­лының маңындағы жолдың бо­йында келе жатқандығы туралы қоңырау түсті. Осы хабарлама бойынша учаскелік инспектор жіберіліп, ол жануардың иесін анықтады. Сондай-ақ ескерту түрінде Әкімшілік жаза қолдана отырып, Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша хаттама толтырды, – дейді жергілікті поли­ция қызметі басқармасының бас­тығы Ғалым Сарғұлов.

«Мың асқанға – бір тосқан». Биыл мал ұрлаудың 16 дерегі тіркеліп, 69 бас жоғалып кеткен. Жуырда Баянауыл ауданында барымташылар сотталды. Ұрылар 2018 жылы белгісіз бі­реу­лермен алдын-ала сөз байласу арқылы 5,6 млн теңгеге ба­ғаланған 18 бас жылқыны ұр­ласа, 2019 жылы тағы да құны 2,6 млн теңге болатын 7 жыл­қыны ұрлап кеткен.

Полицейлер өткен жылы мал иелеріне жалпы құны 75 мил­лион теңгеге тең 251 бас малын қайтарып берген. Ұрылар мал­ды жайылымда жүрген жер­лерінен алып кетіп отырған. Ұр­ланған малды туыстарына, ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатқан.

Облыста мал ұрлығы мен қа­раусыз жүрген мал санын азай­ту мақсатында малды қа­мауға арналған 146 айыппұл тұ­рағы салынды. Биылғы 3 айда қараусыз қалған 2 мыңнан астам мал қамалды. Бақылаусыз жүр­ген малды учаскелік инс­пектор­лармен қатар, жергілікті әкім­дік өкілдері де айыппұл тұрағына қамай алады.

Ал мал асырау ережесін сақ­­тау – өзекті мəселе екенін ауыл тұр­ғындары түсінуі қажет. «Мы­на төбенің маңында жүрген шы­ғар...» деп жайбарақаттыққа са­лы­нып, малдың қолды болуы­на немесе кенеттен көлік апа­ты­ның болуына өзіміз мүм­кіндік бермейік.

 

Павлодар облысы