Спорт • 13 Мамыр, 2021

Головкин кімді күтіп жүр?

1003 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстағы Қазақстанның шоқжұлдызы Геннадий Головкин ең кейінгі жекпе-жегін өткізгеніне жарты жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін шаршы алаңға шығуға асығар емес. Отандасымыздың елімізден бөлек, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері оның келесі айқасын тағатсыздана күтіп жүргені жасырын емес. Ал Геннадиймен бір уақытта жекпе-жек өткізген жерлесіміздің әйгілі қарсыласы мексикалық Сауль Альварес болса, осы аралықта бір емес, екі мәрте жанкүйерлерін қуантып үлгерді.

Головкин кімді күтіп жүр?

Негізі, екі боксшының жекпе-жек өткізу уақыты керісінше болуы керек еді. Себебі биыл ғана 31 жасқа толған Альварестің кәсіпқой бокс әлемінде кемінде 5-6 жыл жүретін мүмкіндігі бар және соған сәйкес қазір асығыстық танытпаса да, бірталай жекпе-жек өткізіп үлгереді. Ал Головкин болса, әне-міне дегенше қолғабын шегеге ілуге дайы­н тұр. Жерлесіміз сәуір айында 39 жасын тойлағаны баршаға белгілі. Сондықтан енді қалған 1-2 жылдың ішінде шаршы алаңда жиі бой көрсетіп, мүмкіндігінше аты әлемге әйгілі боксшылармен жұдырықтасып, өз мықтылығын дәлелдеуі керек.

Оның үстіне, Головкин 2019 жыл­дың наурызында DAZN стри­мингтік платформасымен үш жылға алты жек­пе-жек ұйымдастыруға келіскен бо­ла­тын. Яғни келісім бойынша жыл сайын екі кездесу өткізуге мін­детті. Отандасымыз алғаш­қы жылы жос­пардағы екі жекпе-жегін кана­далық Стив Роллс пен украиналық Сергей Дере­вянченкомен өткізсе, былтыр пан­демияға байланысты бір-ақ рет шаршы алаңға шықты. Естеріңізде болса, жел­тоқсан айында польшалық Камил Шере­метамен қолғап түйістіріп, 7-раунд­та техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ орта салмақтағы IBF тұжырымының белбеуін бірінші мәрте сәтті қорғаған-ды.

Мерзімі биыл аяқталатын келісімнің әлі өткізілмеген үш кездесуі бар. Кейбір шетелдік БАҚ өкілдерінің мәліметі бо­йын­ша, Шереметамен өткен кездесу жо­ға­рыдағы келісімшарт аясынан тыс ұйым­­дастырылған және 2020 жылы кездесу болмады деп санап, DAZN келі­сімді тағы бір жылға созған. Есесіне стри­­мингтік арнаның үш жылда алты ай­қас өт­кізгені үшін Головкинге төлейтін әуел­дегі 100 миллион доллар ақшасы да азай­ған.

Отандасымыздың екінші промоутері және DAZN стримингтік платформасының басшысы Эдди Хирн бір сұхбатында Головкинге биыл екі жекпе-жек ұйым­дастырып беруді жоспарлап жатқанын мә­лімдеді. Бірақ нақты қай боксшылар­мен келіссөз жүргізіп жатқанын ашып айт­пады. Алдын ала мәліметтер бойын­ша жерлесіміз алдағы тамызда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жүл­дегері, IBF рейтингінде 5-орында тұрған бразилиялық Эскиве Фалькаомен (28-0, 20 КО) кездесіп, IBF белдігін қорғауы мүмкін. Ал желтоқсанда орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша суперчемпион белдігінің иегері 35 жастағы жапониялық Рета Муратамен (16-2, 13 КО) IBF пен WBA белбеуін сарапқа салмақ.

Демек Головкиннің биыл Альварес­пен үшінші мәрте жекпе-жек өткізу жоспары жоқ сияқты. Сондай-ақ «Ка­нело» да три­логияға аса құлшынып тұр­маған сы­ңайлы. Сондерсті жеңгеннен кейін мек­сикалық «сары бала» журналистерге берген сұхбатында Головкин екінші орта салмаққа көтерілетін болса ғана үшінші айқасқа келісім беремін деді.

Жалпы, дүние жүзінің бокс жан­күйерлері тарапынан Головкин-Альварес арасындағы үшінші ай­қасқа сұраныс әлі де азайған жоқ. Де­генмен уақыт өткен сайын екі алып­тың арасындағы кездесу өтпейтіні айқындалып келе жатса да, көп бокс жанкүйерін екі боксшының жекпе-жектерін көрсету құқығы бір арнаға, яғни DAZN стримингтік платформасына тиесілі және оның басшысы Эдди Хирн болғандықтан, үміттерін үзбей келеді. Трилогиядан тәп-тәуір қаржыға кенелетінін білетін Хирн, бәлкім бұл кездесуді келесі жылы Головкиннің кәсіпқой бокстағы қоштасу жекпе-жегі ретінде ұйымдастырып беруді көздеп отырған шығар.