Тарих • 14 Мамыр, 2021

Далалық өркениет тағылымы

1545 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен бейсенбіде елордадағы Елбасы кітапханасында «Қазіргі заманда адам мен қоғамның өзара үйлесімді ықпалдастығы үшін далалық атқа міну өркениетінің тарихи маңызы» тақырыбында сұхбат алаңы өтті. Іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылып, оған отандық тарихшылар, жоғары оқу орындары магистранттары мен докторанттары, тарих, археология, этнология және өлкетану бойынша ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанған мектеп оқушылары қатысты.

Далалық өркениет тағылымы

Мәртебелі жиынды ашып сөз сөйлеген Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темір­болат: «Тәуелсіздік жылдарын­да тарихшылар, археологтар, мәдениеттанушылар көш­пен­ділер тарихындағы маңыз­ды мәселелерді зерттеуде ауқым­ды нәтижелерге қол жет­­­кізді. 2004 жылдан бастап Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­­дарламасы іске асырылды. Бағдарлама шеңберінде көш­пенділердің тарихи мұрасын зер­делеудің біртұтас жүйесі қа­лыптасып, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері қайта жасалды, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесі терең зерттелді. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы қабылданып, оның аясында Қа­зақстан тарихына қатысты ірі әлемдік мұрағаттардан құжат­тарды жүйелі іздеу және зерделеу жұмыстары жүзеге асырылды. Ұлтымыздың жазушылары, ақындары, тарихшыларының ерен еңбегінің арқасында тарихи әділдік салтанат құрды. Мұн­да археологтардың рөлі ерекше, олар көрнекі заттай материал негізінде ұрпақтары қазіргі қазақтар болған көшпенділер мә­дениетінің бірегейлігін дә­лел­деді. Елбасы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының тео­риялық негізін дамытатын «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­ламалық мақаласында атқа міну мәдениетінің ежелден бері көшпелі қоғамның сипатын то­лықтай суреттегенін ерекше атап өтті», деді.

Одан кейін «Ботай макро­мәдениетінің қазақ халқы мен мемлекеттілігінің мәдениет ге­незисі үдерісіндегі рөлін мем­лекеттік саяси тану», «Ұлттық идея ретінде бірыңғай ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы атқа міну және дала өркениетінің тарихи байланыстары» тақы­рыбында баяндама жасаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және дала өркениеттері институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зай­берт ең әуелі, алты мың жыл бұ­­рын дала өркениетінің бас­тауында этностық және тарихи тамыры Ботай салт аттылық мә­дениетінен басталатын тарихи дана қазақ халқының ұлы еке­німді мақтан етемін дей оты­рып: «Ботай мәдениетін 40 жыл бойы диалектиканың негізгі заңдарының Гегель философиясы негізінде зерттеп келемін.Таптық-формациялық догматикалық тео­риялардан бас тарта отырып, мен соңғы екі жүз жыл бойы еуразиялық өр­кениеттің қай­нар көзі ретінде еуроцентрлік әдіс­намамен және тарихнамамен қабылданбаған ұлы қазақ даласы шын мәнінде тұрақты экономикалық және әлеуметтік-саяси дамудың да­лалық феномені болғанын тү­сіндім. Ұлы далада тарихи сәт­сіздіктер жоқ, сонымен қатар ол отырықшы-егіншілік алқаптық мәдениеттерден тә­уелсіз, өзін-өзі молайтатын гео және социожүйе болып табылады», деді археолог ғалым.

Келесі кезекте, «Қазақстанның мә­дени-тарихи мұрасы жаһан­данудың жаңа моделіндегі елдің тұрақты дамуының қайнар көзі» тақырыбында баяндама жа­саған EICON тұрақты даму компаниясының сарапшысы Сергей Цой жақында қа­был­данған азаматтық қоғамды да­мыту тұжырымдамасы, Жа­сыл экономикаға өту тұжы­рым­да­масын іске асыру жоспары, Қа­зақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары ТДМ-мен сусындап тұр. Ал мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жө­ніндегі тұжырымдаманың ор­талығы экономикадан адам құн­­дылықтарына көшкенін аң­ғартады. БҰҰ-ның жаһандық күн тәртібіне сәйкес, Қазақстан да адам өмірінің сапасын арттыруды көздеп отыр. Бұл жұмыс – билікке де, азаматтық қоғамға да ортақ іс, деді.

Сонымен қатар Цой мырза ТДМ-ға мәдени-тарихи мұра арқылы әрбір қазақстандықтың өзін-өзі анықтаусыз, ортақ идео­логиялық және рухани тұғыр­намасыз, жаңа патриотизм қа­лып­тасуынсыз қол жеткізе алмайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ көшпенділер өркениетін ашу жөніндегі тұрақты жобаны іске асыруды ұсынды.

«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас ғылыми қызметкері, тарих ғы­­­лымдарының докторы, про­фессор Зейнолла Самашев, осы­дан 40 жылдан астам уақыт бұрын Виктор Федорович Зайберт бұл феноменді әлемдік ғылым үшін ашты, біз енді ғана осы жа­ңа­лықтың дүниежүзілік тарихи ма­ңыздылығын түсіне бастадық. Қазіргі жағдайда бұл ұлттық сана-сезімді дамыту және ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін өте маңызды десе, К.Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының доценті Марал Хабдулина ханым, ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге жету үшін ондаған жылдар қажет екендігін көріп отырмыз. Тек үздіксіз зерттеу, зерделеу, тәсілдерді жетілдіру ар­қылы ғана маңызды тарихи және саяси тұжырымдамаға қол жеткізуге болады, деп атап өтті.