Таным • 14 Мамыр, 2021

Сөз сойыл: Тәубелі мақал-мәтел

2667 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай заманда да ата-ананың ұр­паққа көңілі толмай өткені бел­гілі. Бізді сол «ауру» меңдеп, үй­дегі кісі екеуіміз келісіп, не де болса деп, бұл да ата-ана­ның­ бір парызы деп біліп, тіл мен жаққа сүйене, бұрыннан қал­ған − бұралқысы бар, кейін қа­лыптасқан қаймақтысы бар, ан­нан-мұннан жиып-теріп мақал-мә­телдің майын тамызайық деп шештік.

Сөз сойыл: Тәубелі мақал-мәтел

Есейген ұлды да, қызды да бір қыңыр қылығынан шап беріп, шешелері шерлі сөзінің сөгін сорғалатып болып, мен де кіжіне кейіс кетіп барып тоқтап, екеуіне екеуіміз кезекпе-кезек сөз мәйегі мақал-мәтелді тоғытуға көштік.

− Әдепсіз қыздан мылжың жі­гіт артық, − деп әйелім қызына төнді.

− Қашқанда да, қуғанда да алда бол, − ұлға көз тастап едім, мәтеліме риза болып жымиды.

− Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай!

− Арам болмай − адам бол­май­сың, − деп едім, ұлымның құлағы елең ете қалды.

− Сұлу қыз қасы-көзін сүрме­лей­ді,

Ерінбей етек-жеңін бүрме­лей­ді, − деп шешесі тақпақтатып та жіберді.

− Жақсы атаның аруағы − жаман балаға 40 жыл азық.

− Қойшының қызы қой келгенде шашын тарайды.

− Жасырып жаман іс істеген­нен гөрі − әйгілеп қайыр сұраған жақсы.

− Әке-шешесіне сеніп өскен − әке-шеше бола алмайды.

− Батыр болатын бала ерге үйір, қызтеке бала зерге үйір.

− Баланы жұмсасаң артынан өзің барасың.

− Бейбас балаға күле қарасаң, бас киміңді ала қашады.

− Қыз бой жетсе − бұрынғыдай күнің жоқ, телефон мен есікте тыным жоқ.

− Тоны тура келсе, әкесін ұлы жақтырмас.

− Соры қалың әкенің − кер ба­ғып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі.

− Алдымен күйлен, содан кейін үйлен, − деп болашақты борп еткізіп едім:

− Ана даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер, − деп ше­шесі сөзімді іліп әкете қойды.

− Баланың балақайы да бар, қалақайы да бар, − деп төмен қарап едім:

− О, Құдайым, бала бер,

Бала берсең сана бер!

Сана бермеген балаңды,

Қайтіп өзің ала бер! − деп әйелім көкке қарап қалыпты.

− Бір бала атаға жете туады,

Бір бала атадан өте туады,

Бір бала кейін қарай кете туа­ды, − деп тақпақтап менде еңсе көтердім.

− Байға шықпаған қыз − ше­ше­сін қартайтады.

− Бұрын балаң сені асырайтын, қазір сен балаңның баласын қоса асырайсың.

− Тауықты тойындыра ал­майсың, қызды киіндіре алмай­сың, − деп ер жеткен қызынан есе қайтарып жатыр.

− Жұрттың Ыбырайы Ыбы­рай, біздің Ыбырай сұмырай, − деп мен де дөңк еткіздім.

− Қызға қараған күн − айсыз қараңғы түн.

Делбезем қоза бастады ма, тақпақтан тайынар емеспін:

− Күңнің қызы еркелесе,

Аспандағы жұлдызды

әпер дер.

Құлдың ұлы еркелесе,

Ханның қызын әпер дер.

− Ананың көңілі қызында, қы­зының көңілі қызылда, − деп шешесі маған қарап таусыл­ғанынан белгі берді. Мен де:

− Балаң жақсы болса,

Жердің үсті жақсы,

Балаң жаман болса,

Жердің асты жақсы! − деп желпініп тоқтадым.

Содан көп өтпей, құдай атып, әйел екеуіміз әй-шәйлесіп, барып-келіп жанжалдасып бөлек жатып, ертесінде үн-түнсіз мысық-тышқан болып отыр едік, есейген екі бала екеумізге қарсы келіп отырып, тәубелі мақал-мәтелді кезектесе төпелесін келіп...

− Жаман байдан жайдақтығым артық.

− Жаман жардан − құр құ­шақтасаңда жастық артық.

− Бүркіт қартайса тышқаншыл болады.

− Әйел 40-қа келгенше өңін бермесе − қасиет, ер адам 40-қа кел­генше есі кірмесе − қасірет.

− Ердің атын қатын, я бәй­геден келген аты шығарады.

− Өз зайыбыңа дұшпан көзбен қара.

− Сұлу әйелдің күйеуі өмір бойы қарауыл болып өтеді.

− Әйелдің дауысы қатты шық­қан үйдің босағасынан жақсылық күтпе.

− Ертерек өлгің келсе, ақымақ әйелге үйлен.

− Алпыс нарың болғанша, ақылды жарың болсын.

− Бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы.

− Еркек дауысты әйелдің ісі болмас, қатын дауысты еркектің күші болмас.

− Әйел боянса бұзылады, көп қиқаңдаса ұрынады.

− Әйел − әпкіш, бір басында су тұрса, бір басында шу тұрады.

− Еркек жолдас, әйелден әзі­рейіл де қорқады, сен адамсың ғой, шыда!

− Әйел − әмиян, еркек − ақша.

− Арақ − күйеуі, шылым − әйелі. Бұлардан көксоққан, жын­соққан деген ұл, көкжөтел деген қыз туады.

− Атың жаман болса сатып құтыласың, итің жаман болса атып құтыласың, қатының жаман болса қайтып құтыласың.

− Қазымыр қатынның байы ерте қартаяды.

− Әйелдер бүткіл жұмысты ат­қарады, қалғандары еркектерден артылмайды.

− Ерлі-зайыптылар ұрысқанда − махаббат шіркін құйрығын қысады, − деп ұл ыржалаңдап орнынан тұрып кетіп еді:

− Соқыр еркек пен мақау әйел­дің үйінде ұрыс болмайды, − деп қыз да оның соңынан ілесе жөнелді.

...Сөз сүйектен өтеді, атадан қалған мақал-мәтелге дерің барма! «Алма алма ағашынан алысқа түспейді» деген өтірік, мәнісі мәң­­гірткен мақал-мәтелден кем­пір екеуміз іштей «ал керек болса» деп тәубемізге келдік.

 

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан