Қазақ бейнелеу өнері жылдан жылға түрленіп, түлеп келе жатыр. Талай даңқты туындылар өмірге келіп, суретшілердің еңбегі ептеп бағалана бастады. Ұлттық музей қорына жинақталған картиналарға қарап, өткен дәуірдің қолтаңбасымен қатар, бүгінгі жас толқынның еңбегін, өзіндік көзқарасын көруге болады.
Жылжымалы көрмеге қатысқан қылқалам шеберлерінің еңбегі оқырманның ыстық ықыласына ие болды. Қазақстанның бейнелеу өнерін халықаралық платформада танымал етуді мақсат тұтқан іс-шара өзінің идеялық жоспарын толық орындады. Ғасырдан ғасырға үндескен бейнелеу өнері туындылары халықаралық кеңістікке жол тартып, ел мәртебесін көтерді. Көркемөнер көріністерін тамашалауға келген көрермендер суретшілердің туындыларынан эстетикалық ләззат алып, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.
Жиын барысында Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин көрме туралы пікір білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
«Жылжымалы көрме – қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосатын үлкен іс-шара. Мұнда әрбір автор өзінің ең сүйікті туындыларын жолдап, оқырманға тарту етеді. Қазақ өнерінің биігіне көтерілген суретшілердің еңбегі көл-көсір. Оны оқырманға насихаттау бүгінде парыз. Осы мүдде жолында атқарылып жатқан іс-шараның көпшілікке берері көп», деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Халықаралық қаржы орталығы галереясындағы «Ғасырлар бояуы» көрмесі Қазақстан бейнелеу өнерінің жоғары деңгейдегі жетістіктерін отандық және әлемдік мәдени қауымдастыққа таныстыруға орасан зор септігін тигізеді. Әрі көрмеде ұсынылған жұмыстардың композициялық сюжеттері бүгінгі заманауи талпыныстар мен жоғары мақсаттарға үндес жаңғырық болатын, кеше мен бүгінді байланыстыратын үйлесімде бейнеленген.
Бүгінде Қазақстан бейнелеу өнерінің негізінің қалануы мен оның даму тарихың басты төрт кезеңін атап көрсетуге болады. Барлық кезеңдерді бастан өткерген кәсіби суретшілер мектебінің тәжірибесі мол және зор мәдени мұраға ие екені даусыз. Ең қызығы, көрмеге бейнелеу өнері мектебінің дүниеге келуі, қалыптасуы мен тұрақталуының алғашқы үш кезеңі, яғни XIX ғасырдың соңы – XX ғасыр 80-жылдардың басы ұсынылып отыр.
Айта кетейік, экспозицияға белгілі қылқалам шеберлері А.Дүзелхановтың «Көктем», Нелли Бубенің «Архаик», Ж.Шарденовтің «Безмятежные сопки», Н.Қилыбаевтың «Бесік жыры», М.Нұрғожинның «Шу өзені», А.Ақанаевтың «Жібек жолы», С.Смағұловтың «Менің тауым», Б.Бурдесбековтің «Балықтар», Марат Бекеевтің «PlayXIV», Дәурен Қастеевтің «Кішкентай император», Рашид Құлбатыровтың «Алатау баурайы», А.Есдәулетовтің «Атамекен» сынды есімі елімізге ғана емес, әлемге танымал суретшілердің картиналары ұсынылды.