СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 3 млн гектар дәнді, 0,9 млн гектар майлы дақыл себілмек. 330 мың гектар жем-шөп, 32 мың гектар – картоп және 6,1 мың гектар көкөніс егіледі.
«Импортты алмастыру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынымдарына сәйкес және аудандардың мәліметтеріне сүйенсек, биыл қарақұмық 10 мың гектарға егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе артық. Былтыр қарақұмық алқабы 4,2 мың гектарды құрады», дейді СҚО әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Нарғыз Ақжігітова.
Өңірде шаруашылықтар көктемгі егіс науқанын бастап кетті.
«Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС ұсынымдарына сәйкес, дәнді дақылдарды себудің оңтайлы мерзімдері 13 мамырдан 5 маусымға дейін, дәнді-бұршақты және майлы дақылдар 12 мамырдан 28 мамырға дейін, картоп 15 мамырдан 31 мамырға дейін белгіленген. 14 мамырдағы жағдай бойынша 50 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар мен көкөніс егілді», дейді Нарғыз Ақжігітова.
Биылғы егіс науқанын жүргізуге 13 мың трактор, 15 мың астық сепкіш, 1200 заманауи өнімділігі жоғары егіс кешендері тартылып отыр.