Экономика • 14 Мамыр, 2021

Ұлттық банк кәсіпорындарға жүргізілген мониторинг нәтижелерін жариялады

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдың I тоқсанында кәсіпорындарға жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит департаментінің директоры Жандос Шаймарданов түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық банк кәсіпорындарға жүргізілген мониторинг нәтижелерін жариялады

«Кәсіпорындарға жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келе бастағанын байқауға болады. Оған дайын өнімге деген сұраныстың артуы, табысты сауда, инвестициялық белсенділіктің біршама өсуі, сондай-ақ айырбас бағамының кері әсерінің төмендеуі түрткі болды. 2021 жылдың І тоқсанында нақты секторда дайын өнімге сұраныс айтарлықтай өскенін көрдік, диффузия индексі (DI) 49,3-тен 55,4-ке дейін өсті. Қызмет көрсету саласында индекс 53,8-ге, тауар өндірісінде 56,8-ге дейін көтерілді», деді ол.

Өндіріс көлемі азайды, ДИ 49,4-тен 40,5-ке дейін төмендеді. 2021 жылдың ІІ тоқсанында нақты сектордағы кәсіпорындар өндіріс көлемінің маусымдық ұлғаюын күтіп отыр (ДИ=54,8).

«Сонымен, 2020 жылғы тоқыраудан кейін экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты кәсіпорындардың дайын өніміне және қызметіне деген сұраныс өсіп, өндіріс көлемінен артып отыр, бұл өз кезегінде өнім бағасының өсуіне ықпал етуде (ДИ 56,4 құрады). 2021 жылдың І тоқсанында сұралған кәсіпорындардың 16,9%-ы несие алу үшін банкке жүгінді, кәсіпорындардың 16,1%-ы несие алды (немесе несие алуға өтінім бергендер санының 95,3%-ы). Кәсіпорындардың басым көпшілігі (81,7%) несиені айналымдағы ақшаларын (материалдар, шикізат, жартылай фабрикаттар және т.б. сатып алу) қаржыландыруға тартты», дейді маман.

2021 жылдың І тоқсанында жүрізілген сауалнама кезінде кәсіпорындардың 33,9%-ы Қазақстан экономикасының бүгінгі ахуалы бизнес жүргізуге кедергі болғанын айтты. Бизнес жүргізудегі басқа да негізгі кедергілерді атасақ, олар – нарықтық бәсекелестік (29,7%), сатып алушыларды іздеу (23,3%), салық ауыртпалығының деңгейі (23,2%), білікті кадрлардың жетіспеушілігі (17,2%).

Нақты сектордағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнамалардың жиынтық бағасын білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні – нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келе бастағанын көрсетеді, сөйтіп КОИ 100,0-ге дейін көтерілді. 2021 жылдың ІІ тоқсанында экономикалық белсенділік өседі деген болжам бар (КОИ өсу жағына ауысып, 100,4 құрады).