Әлем • 16 Мамыр, 2021

Қасиетті айдағы қасірет

548 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Палестина мен Израиль ара­сындағы қақтығыстың тоқ­тамай тұрғанына бір апта­ға жуықтады. Соның сал­дарынан жүзден астам адам қаза тауып, 600-ге жуы­ғы жарақаттанды. Өте өкі­ніш­тісі, қайтыс болғандардың басым бөлігі – бейбіт тұрғын­дар. Жартысына жуығы балалар мен әйелдер. Бұл қақ­тығыс кейінгі жылдардағы шиеленістің ішіндегі ең қан­құйлысы болып отыр.

Қасиетті айдағы қасірет

Оқиға қалай басталды? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Израиль мен Палестина жанжалының тарихына үңілген жөн.

Осман империясы тұсында Па­лес­тина жерінде арабтар мен ев­рей­лердің тату-тәтті ғұмыр кеш­ке­н. Алайда XIX ғасырдың соңында әлемге тарыдай шашылып кеткен еврейлер арасында ұлтты біріктіру идеясы күш ала бастайды.

«Саяси сионизмнің әкесі» саналатын журналист Теодор Герцль өзінің «The Jewish State» кітабында Евфрат пен Тигр маңайында мемлекет құру қажеттігін жазған екен. Кейінірек бұл туынды еврейлердің бойтұмарына айналды. Осылайша, жан-жақтан Иерусалимге ағылған сионистік идеяны сіңірген еврей­лер біртіндеп тұрғылықты халық­тың жерін сатып ала бастайды. Бірақ палестиналықтар олардың түп­кі мақсатын аңғармай, қолын мез­гілінен кеш сермеп қалды. Сөйтіп, арабтарға тиесілі жерлердің басым бөлігін, әсіресе Иерусалимнің көп бөлігін еврейлер иемденеді.

1947 жылы БҰҰ 181-қарарымен Палестина жерін бөліп, Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Араб елдері жоғары кеңе­сіне ұнаған жоқ. Көп ұзамай-ақ Иеру­салимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады.

Бір жылдан соң, 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялағанда Араб лигасы оларға соғыс ашты. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йе­мен бірігіп, Израильге қарсы шық­­­қан. Бірақ түйеден әлі түсіп үл­­гер­­­меген арабтар америкалықтар қол­­даған еврейлерді жеңе алған жоқ. Ке­рі­сінше, Палестина территория­сы­н­ың 78 пайызынан айырылып қалды.

Міне, осыдан бері семиттер ұлы­­сына жататын арабтар мен ев­рей­­­лер­­дің басы піспей келеді. Ал­ғаш­­қы қақтығыстан кейін екі тарап бір­неше рет соғысып, оның зарда­бын қа­рапайым халық тартты. Араб лига­сы қанша талпынса да сио­нис­тер­ді жеңе алған жоқ. Бүгінде мил­лион­даған палестиналық өз үйінен айы­ры­лып, босып кеткен. Арабтар әлі күн­ге дейін Израильді бүйірден шық­қан шиқан секілді көрсе, еврейлер атажұртымызға келдік деп есептейді.

Жоғарыда айтылған соғыс сал­дары­нан әу баста Палестина мемлекеті құрылған жоқ. Кейінірек, тек 1988 жылы Алжирде өткен Палес­тина ұлттық кеңесінің сессия­сында тәуелсіздігі жарияланды.

Жанжалдың бір парасы Палес­тинаның егемендігін тануға қатысты. Бүгінге дейін әлемнің 193 мемлекетінің 138-і аталған елдің тәуелсіздігін мойындаған. Соған қарамастан, Палестина әлі күнге дейін БҰҰ-ға толыққанды мүше емес. Оның басты себебі мынада. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің үшеуі – АҚШ, Ұлыбритания және Франция Палестинаның егемендігін әлі күнге мойындаған жоқ. Ал онсыз БҰҰ-ға толыққанды мүше атана алмайды.

Ғасырға жуықтаған жанжалдың ұзын-ырғасы осындай. Жалпы, бұл мәселеде халықаралық қоғам­дастықтың ұстанымы Палес­тина жағында. Мәселен, Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын 1967 жылғы «Алтыкүндік соғыста» басып алған болатын.

Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру  әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заңсыз деп санайды. Сондықтан «Батыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі  шешілген жоқ.

БҰҰ қарарларына сүйенсек, Израиль тарапы «Батыс жағалау­ды», «Голан жоталарын» және Шы­ғыс Иерусалимді босатып, он­да­ғы араб­тарды қудалауын тоқтатуы тиіс. Бірақ оған құлақ асқан еврейлер жоқ. Өткен аптада бас­талған қақ­тығысқа да шоқ тастаған – палес­тиналықтарды қудалау оқиғасы.

Израиль үкіметі бірнеше жылдан бері Шығыс Иерусалимдегі Шейх Джарра ауданын мекендеген 7 араб отбасын көшіруге ұмтылып келген. Биыл осы мәселе шырқау шегіне жетіп, палестиналықтарды баспанасынан айыруға кірісті.

Кейінгі аптада бұл оқиға Иеру­салимде қызу талқыланып, нара­зылық күшейе түсті. Жеті отбасы мекендеген үйді 1956 жылы БҰҰ бас болып, Израиль басып алған территорияларды мекендеп, кейін босқынға айналған арабтардың меншігіне тапсырған-ды.

Бірақ Израильдегі «Нахалат Шимон» деп аталатын ұлтшыл ұйым аталған баспаналарды еврейлердің меншігіне беру қажеттігін алға тартады. Аталған елдің Жоғарғы соты «Шейх Джарра оқиғасына» қатысты 10 мамырда шешім шығаруы тиіс еді. Межелі мерзім жақындан са­йын қала көшелерінде наразылық күшейіп, Бас прокурор оны кейінге қалдыруды сұрады.

Өткен айда еврейлер Иерусалим­де шеру өткізіп, «Арабтарға өлім келсін!» деп айқайлаған-ды. Бұл  онсыз да жарылайын деп тұрған ахуал­ды одан сайын шиеленістіріп жіберді. Израиль полицейлері Рама­зан айында палестиналықтарға ауыз­­ашар­дан соң Ескі қаладағы Дамаск қақпасына жиналуға тыйым салып, кедергілер қойды. Палес­тиналықтар бұл шешімге қарсы шығып, кейін Израиль тыйымды алып тастады.

Оның үстіне, мұсылмандар үшін қасиетті Қадыр түні мен Израильдің Ие­русалимді басып алу күніне ар­нал­ған мерекесі қатар келіп қалды. Бұл да жанжалды ушықтырды. Ке­йін­­нен Израиль полициясы Қадыр күні қарсаңында әл-Ақса меші­тіне келген мұсылмандарды қуда­ла­ды. Соның салдарынан бірнеше палес­­ти­налық қаза тауып, жиырма шақты­сы жараланған.

Қасиетті түнде мұсылмандар қы­на­дай қырылып жатқанда «Хамас» ұйы­мы қарап жатпады. Еврейлер мекендеген аймақтарға ракетадан оқ жаудырды. Израильге керегі осы еді. Соны сылтауратып, Газа сек­торына жойғыш ұшақтармен ша­буыл жасады. Осылайша, екі жақ та бір-бірін атқылап, қақтығыс әлі тоқ­таған жоқ. Қазіргі таңда Из­раиль тарапы Палестинамен шекара маңына әскерлерін үйіп-төгіп, танк бригадаларын орналастыра бастады.

Палестина басшылары араб отбасыларын үйлерінен күшпен шығару әрекеті «қасиетті қаланы иудей­лен­діруге» бағытталған этностық тазарту деп есептейтінін жеткізді. Израиль бұл қақтығысты «жылжымайтын мүлік дауы» деумен шектеліп отыр.

Халықаралық қоғамдастық па­лес­тиналық отбасыларды Шейх Джаррадағы баспанасынан күшпен шығару әрекетін сынға алды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс мамыр айының басында «АҚШ Иерусалимдегі Шейх Джарра пен Сильван аудандарындағы па­лес­тиналық отбасылардың қуда­лануына қатты алаңдаушылық білді­ре­ді. Олардың көбі өз үйлерінде бір­неше ғасыр бойы өмір сүрді. Бұған дейін айтып өткеніміздей, шие­леніс­ті ушықтыратын немесе бей­біт­ші­ліктен алшақтататын қадам­дардан аулақ болу өте маңызды», деді.

Еуропалық Комиссия араб отбасыларын баспанасынан зорлықпен көшіруді айыптап, оқиғаға алаң­дау­шылық білдірді. «Мұндай әрекет­тер халықаралық адам құқығы заңна­ма­сына сай келмейді. Әрі тек шие­леністі өршітеді», деп мәлімдеді Еу­ропалық Комиссияның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жө­нін­дегі жетекші өкілі Питер Стано.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңесі 7 мамырда Израиль тарапының әрекетін кемсітушілік деп бағалады. Сондай-ақ еврейлерді басып алынған жер­лер­ге көшіру халықаралық адам құ­қы­ғы заңнамасына сай келмей­тінін мәлімдеп, соғыс қылмысы саналатынын атап өтті.

Осы ретте даудың бәрі Иеру­салим қаласынан басталатынын айта кеткен абзал. Шаһар мұсылмандар үшін де, еврейлер үшін де қасиетті саналады. Қаладағы бір қарыс жерден айырылу – қай-қайсысы үшін болсын жеңіліске тең. Сондықтан Палестина да, Израиль де одан айы­рылмауды көздейді.

Қаланың батыс бөлігін еврейлер мекендесе, шығыс бөлігінде мұ­сыл­­мандар қоныс тепкен. Бірақ ең қасиетті мекендердің бәрі Шығыс Ие­русалимде орналасқан. Мәселен, Қа­сиетті қабір шіркеуі мен көне қала палестиналықтарға тиесілі ай­мақта. Сондай-ақ әл-Ақса мешіті де осында тұр.

Қорыта айтқанда, халықаралық қоғамдастық Израильдің «Батыс жағалау» мен Шығыс Иерусалимге қатысты саясатын айыптағанымен, оны елеп отырған еврейлер жоқ. Өткен аптада басталған қақтығыс ұзақ мерзімге созылған шиеленістің бір парасы ғана. Өкі­нішке қарай, бұл қасірет әлі қаншаға созылатыны белгісіз.