Қазақстан • 18 Мамыр, 2021

Ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейі арттырылуы тиіс

821 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылдық жерлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға қатысты партияның сайлауалды уәделерін іске асырудың өзекті мәселелері Nur Otan партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейі арттырылуы тиіс

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинскаяның айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандықтардың 40%-дан астамы ауылдық жерде тұ­рады. Бұл ретте жекелеген ауылдардағы өмір сүру деңгейі мен сапасы арасында айтарлықтай әлеу­меттік-экономикалық айыр­машылық сақ­талуда. Айталық, Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат инсти­туты жүргізген әлеу­меттік зерттеу­лердің нәти­желеріне қарасақ, әрбір екінші отбасының ай сайын­ғы табысы 100 мың теңгеден, әрбір онын­шы отбасының табысы 42500 теңгеден аспайды. Ауыл отба­сыларының орташа табысы қала­лықтардан және ресми статистикадан айтарлықтай төмен.

Партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында 3,5 мың ауылды жаңғырту міндеті қойылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,3 млн адам тұратын 480-нен астам ауыл­ды дамытуға 105 млрд теңге жұм­сау жоспарлануда.

«Бұл көлік, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфра­құрылымды дамыту үшін мыңнан астам жобаны іске асыруға мүм­кіндік береді. Жобаны одан әрі іске асыру аясында 3,5 мың ауыл­дағы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін 5 жыл ішінде шамамен 800 млрд теңге бөлінеді», деді отырыс барысында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлік Тайжа-
нов тірек және серіктестер тізі­міне кір­мейтін ауылдардың тағ­дыры туралы мәселені көтерді. Ол мысал ретінде отырысқа қаты­су­шы­ларға Солтүстік Қазақстан об­лысының Майбалық ауылына апа­ратын жолдардың жағдайын көрсетті.

«Солтүстік Қазақстан облысында жолдардың жағдайы нашар, сумен қамтамасыз етілмеген. Адамдар неге үйлерін тастап кетіп жатыр? Себебі жергілікті билік жағдайды жақсарту үшін ештеңе істемейді. Өткен жылы бұл жолды жөндеуге 252 млн теңге жұмсалғаны туралы айтылып еді, бірақ мен онда ешқандай қиыршық тас та, цемент те көрген жоқпын. Бұл жергілікті биліктің салғырттығы», деді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан ауылдық елді мекендерді іріктеу кезінде не­ғұрлым икемді тәсілді қолда­нудың және мәртебесіне қара­мастан, ауыл­да қолайлы жағдай жасау­дың ма­ңыздылығын атап өтті. Бүгінде ауыл тұрғын­да­ры­ның барлығы бір­дей тұрғылықты жерін ауыстыруға дайын емес, оған мүмкіндігі жоқтар да бар­шылық.

Сонымен қатар партия мүше­лері өңірлерді дамытуға қатысты жүйелі пайымның жоқтығын да атап өтті. Кеңес төрағасының орынбасары, депутат Әмірхан Рахым­жанов ауылдық елді мекендерге іріктемелі талдау жүргізу кезін­де, аудандардың көп бөлігі жоба­ға кірмей қалатыны белгілі болға­нын баса айтты. Мысалы, Ақмо­ла облысындағы аудандар арасын­да айтарлықтай айыр­ма­шы­лық байқалады. Астра­хан
ауданында іріктелген ауылдар ауыл халқының 78%-ын қамтыса, ал Ақкөл ауданында бұл көрсеткіш – тек 11%-ын қамтып отыр.

Кеңес мүшесі, депутат Вера Ким тірек және серіктес ауыл­дарды дамытудың Жол карта­ларының деректеріне сәйкес, кей­бір ауылдық елді мекендерде тұрғындардың табиғи ағы­нын қоспағанда, жобаны іске асы­ру көрсеткіштері барлық кезең­де өзгермейтінін атап өтті. Соны­мен қатар «қаржы­лан­дыры­латын жобаларға жүргі­зілген талдау жұмыстары қолдау көр­­се­ті­летіндердің арасында дамуға емес, ағымдағы жөндеуге бағыт­талған жобалар басым екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда, біз 3,5 мың ауылды іс жүзінде жаң­ғырта аламыз ба және ауыл тұрғындарының 88%-ының өмір сапасын жақсартуға қатысты бер­ген уәделеріміз бос сөз болып қал­май ма?», деді Вера Ким.

Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева және экономист Ярали Халилов «Ауыл – ел бесігі» жобасын өңір­лер­ді дамыту, жұмыспен қам­ту жә­не бизнесті қолдау, суар­малы жер­лерді бөлу және тұ­р­ғын үй салу жөніндегі басқа да мем­лекеттік бағдарламалармен үй­лестірудің маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бо­йынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында атқарылатын жұмыстардың сапасына және бюджет қаражатының игерілуіне жүйелі мониторинг жүргізу бо­йынша кеңес пен Ұлттық экономика министрлігіне бірлесіп жұмыс істеу туралы шешім қа­былданды. Кеңес мүшелері, ірі қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері осы жұмысқа қатысуға дайын екендіктерін біл­дір­ді. Қазақ­стан Азаматтық альян­сы­ның пре­­зи­денті Бану Нұрға­зие­ва Альянс­тың құрамына кіре­тін ұйым­дардың мүшелері осы жұ­мысқа тікелей қатысатынын атап өтті.