Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Парықсыз «Париев» көгілдір отынға көктегі бағаны белгілеп отыр

387 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шу ауданының орталығы Төле би ауылына көгілдір отын кіргізу мәселесі талай жылдан бері өзекті болып келеді. Жергілікті тұрғындар да аталған мәсе­ленің не үшін шешілмей келе жатқанын түсінбей дал болуда. Одан кейін де ауданның бірқатар елді мекені газбен қамтылып үлгерген болса, Төле би ауылындағы мәселенің не үшін, не себепті шешімін таппай келе жатқаны көпшілік үшін әлі түсініксіз. Тұрғындар тарапынан бұл мәселе талай рет көтерілсе де, нәтиже болмай тұр. Қарапайым халық алдағы күнге үмітін үкі­леп, сенімін бекітіп күткенімен, одан бері де бес жылдан асып кетіпті. Енді бес жыл­дың бедерінде нәтиже бермеген шаруадан бүгінде көпшілік секем ала бас­тағандай.

 

Парықсыз «Париев» көгілдір отынға көктегі бағаны белгілеп отыр

Бүгінде Жамбыл облысының Мойын­құм және Сарысу аудандарына көгілдір отын кіргізу мәселесі өзекті болып отыр. Сондай-ақ бұл мәселе Тараз қаласындағы «Шөлдала» аумағына да қатысты. Ал қал­ған аудандардағы елді­ мекендерде газ мәселесі толық болмаса да, біртіндеп шеші­мін тауып келеді. Дегенмен тоғыз жолдың торабында орналасқан, барлық мүмкіндігі қалып­тасқан аудан орталығындағы мәсе­ленің шешілмеуі тұрғындардың жанай­қайына ұласуда. «Міне, бес жылдан асып барады, бұл мәселенің талай рет көте­рілгені көпшілікке белгілі. Бірақ нәтиже жоқ. Шу ауданының орталығында бүгінде 21 мыңнан астам адам тұрады. Төле би ауылының тұрғындарын 2015 жылдан бері көгілдір отынмен қамтуға уәде етіп келген «Париев» ЖШС басшылары енді елімізде жоқ аспандағы бағаны айтып, жұртшылықтың қалтасын қағып келеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылдың қыркүйек айында менменсіген мердігер компания басшыларын қатаң сынға алып, арнайы жұмыс тобын құрғызып, құзырлы орындар арқылы олардың әрекетін қатаң бақылауға алған еді», дейді ауыл тұрғыны Мәкен Уақтегі. Бірақ одан да нәтиже шықпай тұр. Ал аталған мәселені биылғы 19 ақпанда облыс әкімі Б.Сапарбаев тұрғындарға есеп бер­генде Төле би тұрғыны Әлімқұл Бер­денов те көптің атынан көтерген болатын. Ол да талай жылдан бері көпшіліктің көгілдір отынсыз келе жатқанын, бұл мәселенің не үшін шешілмей отырғанын айтып дабыл қағуда. Дей тұрғанмен, облыс басшысы Төле би ауылындағы газ құбырының барлығы «Париев» ЖШС-ға беріліп кеткенін, оған тиісті құқық қорғау орындары арқылы тексеру жүргізілгенін, сөйтіп оның заңсыз екені анықталғанын айтқанымен, істің ілгері басуы көрінбей тұр. Екі ортада қарапайым халық екіұдай күй кешуде. Енді бұл мәселенің қашан, қай уақытта шешілетіні тағы белгісіз.

Бүгінге дейін көгілдір отын мәселесі күрделі күйінде қалып тұр. Төле би ауылы тұрғындарының атынан сөз алған Мәкен Уақтегі Шу ауданының сол кездегі әкімі Бақытжан Нұркенов пен оның орынбасары Ержан Өмірәлиевтің ықпалымен париевтіктер мемлекеттік тіркеуден өтпегеніне қарамастан, оларды қабылдай салғанын айтуда. Кейіннен «Париев» компаниясы мен тұрғындардың арасындағы келіспеушілік Меркі аудандық сотында да қаралыпты. Сот судьясы Е.Кенбаевтың 2018 жылы 9 ақпандағы өткізген соттың ұйғарымынан берілген «Согласно письма Департамента за №207 от 30.01.2018 года и как было установлено в ходе судебного разбирательства, ТОО «Париев» не состоит в Государственном реестре субъектов рынка, занимающих доминирующие или монопольное положение», деген құжаты да бар. «2018 жылдың басында 1200-ден аса ауыл тұрғынының қол қоюымен қолжетімді бағаға «Еркебұлан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қабылдаймыз дегенде, сол кездегі Төле би ауылдық округінің әкімі Ербол Даберов шеткері көшелердің бәрін қаздырып тас­тап, ешкіммен ақылдаспай, 5 мың гектардан астам жеке үйлердің жер телімін «Париев» серіктестігінің басшыларына 2018 жылдың мамыр айында үш жылға жалға беріп жіберді. Есесіне қос қабатты үй мен сауда дүкенін тұрғызып алды. Осы әрекеттер жайлы талай рет құзырлы орындарға шағымдандық», дейді Мәкен Уақтегі. Бірақ бұдан да ешқандай нәтиже жоқ болып отыр. Сол «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалған.

Қазіргі таңда газ құбырлары өтетін жер мемлекеттің меншігінде. Сотта бұл мәселе қаралып, шешімі де шығыпты. Бүгінде аталған мәселемен ауыл тұрғындары айналысуда. Бұл күнде аудан орталығындағы 4 200 үйдің 40 пайызы ғана газға қосылған. Бірақ содан бері бес жылдан астам уақыт өтсе де қалған үйлерде газ болмай тұр. Бұл ретте жергілікті тұрғындар көгілдір отын бағасының уақыт өткен сайын құбылып келіп, ақыры аспандап кетуіне қарсы. Мәселен, басында әр үйге газ кіргізу құны 100 мың теңгенің айналасында болса, кейіннен бұл баға 510 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Тіпті кей үйлерге газ кіргізу құны 1 млн теңгеден де асып кетті. Ал төлебиліктер бағаның бұлай болмауы керектігін, оған ешкімнің де шамасы келмейтінін айтып дабыл қағуда. Бір жақсысы, ауылдағы барлық үйдің жанынан газ құбыры өтіп жатыр. Бұл қалған үйлерге көгілдір отын кіргізудің мүмкіндігі бар деген сөз. Алайда ауылдықтардың айтуынша, аспандаған баға бұған жол бермей отыр. Ал «Париев» ЖШС белгілеп отырған қыруар қаражатқа газ кіргізуге, оны төлеуге тұрғындардың шамасы жоқ.

Бұл күнде аспандаған баға ауылдық­тарды алаңдатуда. Тіпті тұрғындар сол бағаның кесірінен үйлеріне газ кірмей қала ма деп те қауіптенеді. Өңірдегі өзге ауылдарға қолжетімді бағамен көгілдір отын кіргізіліп жатқанына қызығып қарап отырған Төле би халқы жақсылықтан әлі де үмітті. Бірақ осы мәселені шешіп беру үшін жергілікті жұртшылық тиісті лауазымды тұлғалардың атына хат та жолдапты. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың есепті кездесуінде де, Шу ауданына барған жұмыс сапарында да бұл мәселе көтерілген. Тіпті тұрғындар әкімнің кездесуде айтқан «Жылдамдатып барлығын мемлекеттік меншікке қайтаруымыз қажет. Содан соң газ құбырларын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ меншігіне береміз. Оған қанша ақша кететінін есептейміз», деген сөзіне қуан­ғандарын айтады. Сол кезде қуанышы қой­нына сыймаған ел арада уақыт өткен са­йын мәселенің не себепті созылып кеткенін тағы түсінбей әуре. Енді көгілдір отынның қызығын көре алмай отырған көпшілік облыс басшысының Төле би ауылын газдандыру кезінде орын алған заңсыздықтар туралы айтқандарының бәрі жай сөз күйінде қалғаны ма деп налиды. Ауылға газ кіргізу құнының әлі күнге дейін нақты бір бағада белгіленбей келе жатуы да жұртшылықтың жанайқайын тудырып отыр. Бірақ осы күнге дейін шешілмеген мәселе­нің енді қашан шешімін табатыны тағы белгісіз.

 

Жамбыл облысы