Тарих • 18 Мамыр, 2021

Елін сүйген ерен ер

1611 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Талай марғасқаның табанының ізі қалған қызырлы топырақтың қай тұсын қазсаңыз да тарих тәбәрігі менмұндалайды. Түйе өркешін ықтап өскен халықтың тағдыры теріс қарап түксигенде жанына желпу, рухына сая болған атанжілік азаматтар бүгінде баба кейпінде оралды. Бұл келелі іске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мұрындық болғаны баршаға аян. 

 

Елін сүйген ерен ер

Өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жаңғырттық. Иә, ұлыс ұлтарақтай іріп, тырнақтының шеңгелінде, азулының езуінде кетпесін деп бөрілермен бөрілерше белдескен арғы аталарымыздың ерлігі ел жадынан өшпек емес. Сол кең даламыз жаяудың аяғында кетпес үшін, мыңғырған мал жебірдің көмейінде кетпес үшін атадан аса туған аруақты ердің бірегейі Жолбарыс Жылқайдарұлы еді. «Жау жылатқан елді мен жұбатсам» деп ұрысқа түсіп, даналығымен тәмам жұртты таңғалдырған батыр бабамыздың өсиеті – ұлтқа мұра. Оның аты ұрпақтан-ұрпаққа ұрандай болып, иман байлығындай ауыздан-ауызға көшетіні анық.

Заманды ауқымынан, адамды амалынан тану ескі үрдіс. XVII ғасырдың аяғында дүниеге келген Жолбарыс бабамыздың бүкіл саналы өмірі XVII-XVIII ғасырдың ішінде өтеді. Елін сүйген оғланның бірде – ержүрек батыр, бірде – әділ би, енді бірде – қасиетті әулие кейпінде әңгімеленуінің астарында үлкен мән жатыр. Қай дәуірде болсын, қай халық, қай ұлттың да басым бөлігі – қара бұқара емес пе? Ал олар қашанда өз күштеріне, өз адалдықтарына сеніп, өз тұрмыс-тіршілігіне сай қарекет жасауды ұнатады. Көрпелеріне қарай көсіліп, шындықтың ауылынан алыстамай, тым асыра сілтеп асқақтамай, ықтималды ыңғайда әфсана құрып, әңгіме қозғайды. Оған дәлел ретінде ел аузында жүрген Жолбарыс бабамыздың «Енші алуы», «Түйені шөгеруі», «Шыбық қию» деген рауаяттарын атап өтуге болады. Ал «Үш қызыл аттылар», «Жас шағындағы бір ерлігі», «Машықты соғыс тәселі» деген аңыздар жаугершілікті көп көрген халықтың көкейінде әлі күмбірлеп тұр.

Жиналған дүниелердің аздығынан болды ма, Жолбарыс бабаның Ақтамберді, Доспанбет, Бұқар, Қабан жырау секілді даңғайыр шешендігін айтқызбай аңғартарлықтай шежіре әңгімелер аздау. Алайда біреу де болса бірегейленіп, батырдың қара қылды қақ жарған сәті, төгіліп тұрған тіл шешендігін айдай жарқыратқан бір аңыздың өзі-ақ бізді қуантады. Тарихи деуге болғандай бұл толғау сөзі Жолбарыс би Абылайдың ұлы Әділ төреге қаратып:

– Алпыстан жасың асқаңда,

Аруағың жақындасқанда.

Алланы алып аузыңа,

Сәждаға басты қосқанда,

Алжастың қалай жолыңнан,

Сені албасты басқан ба? –

деп айтса керек. Осынау сын толғаудың соңында:

Төреден билік оң болмас,

Көнеден пішіп тон болмас.

Осыны білмеген ел мен ердің,

Сірә да, оңынан жолы болмас! – деуі нағыз халықтық даналық сөз. 

Сол бір аласапыран дәуірде Жолбарыс би қазақ елінің ішкі-сыртқы саясатын жүзеге асыруға белсене араласады. Ол бір қазақ халқының өмірінде билер институтының қалыптасу кезеңі жүріп жатқан мезет еді. Бұл құрылым ол кезде мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астасып жатты. Атақты Абылай ханның жанында үнемі кеңесші 8 би болғаны тарихтан белгілі. Ал иісі қазақтың кемеңгер ханы әз Тәуке, бүгінде ежелгі гректердің заңгері Салон шығарған заңмен пара-пар делініп жүрген «Жеті Жарғыны» жазғанда ошақтың үш аяғындай тең тұрған билеріміз – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің ақыл-кеңесін басшылыққа алғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Міне, сол заңғар тұлғалармен тұстас Жолбарыс би де ел, жер, жесір дауын,­ мал-жан, кәсіп мәселесін түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған.

Жолбарыс би ел ішінде ой түйіп, сөз ұстап, әділ төрелік айтумен бірге, бүкіл бір халықтың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де теңдессіз қызмет атқарған.

Тарихи еңбектерде Жолбарыс батыр­дың есімі қазақтың бетке ұстар батыр сар­дарларының қатарында аталуы тегін емес. Оның ірі әскер басы және қазақ хандары санасатын ықпалды қайраткер болғандығы туралы деректер белгілі қаламгер Ораз Исмайылұлының «Данагөй» атты кітабында айтылған. Әрі көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың зерттеу еңбектері дәлел бола алады.

Фольклоршы, филология ғылым­дарының докторы Нысанбек Төреқұлов: «Қазақтың тарихи шежіресінде Жолбарыс бидің түп атасы сонау Шыңғыс ханның оң қанатындағы қолбасшы батыры, әулие-абызы Жалайыр Мұқылай Гован (1169-1223) баба деседі», дейді 1988 жылы бұрынғы «Социалистік Қазақстан» – бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газетінің 227-санында. Бұл пайымды пікірді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді де үстейді. «Шұбар Ата» аталып, есімі елдің есінде 350 жылдан бері сақталып келе жатқан Жетісу жеріндегі тарихи тұлғалардың бірі саналатын Жолбарыс әулиенің әкесі – Жылқайдар, бабасы – Байтоқ, үлкен бабасы – Сүйіндік, ұлы бабасы – Сомбақ, түп атасы – Күшік.

Осы тұста бір мәселенің басын ашып айтып кеткеніміз жөн болар. Абылай хан төңірегіне топтасқан батырлар туралы әңгіме өрбіткенде оларды жеке рулардың өкілдері ретінде қарастыру мүлде қате. Жалбарыс батыр – тек жалайыр тайпасының ғана емес, бүкіл қазақтың батыры. Себебі, олардың көзқарастары мен дүниетанымы рулық сана шеңберінен шығып кеткен. Ол – ұлттық тұрғыдан ойлайтын дәрежеге көтерілген мемлекетшіл тұлға. Қазақ батырлары өздері жекелеген рудың өкілдері бола тұра, сол рудың әскери жасақтарына қолбасшылық жасай тұра, өз руларының тағдырын қазақ халқының тағдырымен біртұтас құбылыс ретінде қарастырды. Қазақ халқының ортақ тағдыры үшін күресті.

Батырды бала күнінде анасы, құрбы-құрдас, ауылдастары «Әй,бала!» деп шақырған екен. Әкесі түсінде берілген аянға байланысты құлынына он жастан асқанша ат қоймапты. Түсіне бір әулие еніп: «Айналайын, бес балалы боласың. Солардың үшіншісіне өзің ат қойма, күт, күндердің күнінде үйіңе алыс жолдан арып, ашып, мүсәпір адам келеді. Аты-жөнін сұрамастан үш тәулік күт, ұлыңның атын сол кісі қояды», деп аян береді.

Айтқандай-ақ, күндердің бір күнінде аса таяғын ұстап, алыс жолдан арып-талған бір мүсәпір адам екі кештің арасында үйіне келеді. Құрақ ұшып қарсы алған Жылқайдар түсінде айтылған сөздерді мүлтіксіз орындайды. Ақсарбас шалып, баласына бата сұратады. Арада үш күн өткен соң, әлгі адам:

– Бұдан былай мына баланың аты: «Жолбарыс, Жолбарыс, Жолбарыс» деп азан шақырып, ат қойып, жөніне кетеді. Аңызға сүйенсек, мүсәпір Алланың аманатын орындаған арғын ата елінен шыққан әйгілі абыздардың бірі екен.

Тәуке ханның заманында ырың-жырың болып жүрген қазақ руларының бастары қосылып, «ырыс алды – ын­тымаққа» келе бастағандары – тарихи шындық. Ондай кездерде от тілді, орақ ауызды шешендер мен елдің дауын екі-ақ ауыз сөзбен тындыратын әділ билердің рөлдері де ерекше болған. Жолбарыс баба – уақыт талабынан туған сондай кезеңнің үдесінен көріне білген көрнекті қоғам қайраткері. Қадірлі бабаның қолбасшылығы хақындағы деректер аз емес. Солардың бір сарыны былай сөйлейді.

Жоңғарлардың шапқыншылығы көбей­ген кез болса керек. Жолбарыс батыр өзі­нің бауырлары – Жолымбет, Есенгелді, Төлебайлармен бірге жалайырдың сыр­манақ, шуманақ тармақтарынан құрал­ған қолдарға қолбасшылық жасапты. Төлебайдың жас кезі екен, андас, күшіктер жоңғарлардың жосып келе жатқан жо­лының үстінде отырады. Бұл уақыт Ескелді, Балпықтың ер жетіп, ел билігіне жаңадан іліге бастаған кезі. Іргелес отырған екі ел өзара ақылдасып, жолындағыларды жалмауыздай жайпап келе жатқан жойқын жаумен күресудің айласын қарастыра бас­тайды.

Қалың да қатыгез жоңғар үш қолға бөлініп, әрқайсысы үш жүз жауынгермен баса-көктеп келеді. Ал жалайырлар жағынан бар-жоғы екі қол жиналып, бірін – Ескелді, екіншісін – Жолбарыс бастайды. Сол қилы мезетте «Әскер санының аздығына байланысты ұрысты «тиіп қашу» тәсілімен жүргізілген жағдайда ғана ұтамыз» деген ұсынысын өткізген Жолбарыс соғыс шебінің ауыр жағын өзіне алып, сол қолды бастап шығады. Алдын ала келісулер бойынша екі қол да суыт жүріп отырып, жаудың ұрымтал тұсына жетеді. «Қазақтар бұл жолы тікелей шабуылға шығады» деп ойламаған қалмақтар жол-жөнекей бір бұлақтың басында қаннен-қаперсіз ерулеп жатады. Таңсәріде  күтпеген жерден атой салған қазақтар қалмақтардың үш қолын бір-бірлеріне қостырмастан, тұтқиылдан шабуылдап тас-талқанын шығарады. Осылайша қолбасшы Жолбарыс ұсынған тәсіл мен тәуекелшіліктің тиімділігіне көздері жеткен Ескелді мен Балпық билер соғыс үстіндегі барлық қорғаныс пен шабуылдың басшылығын Жолбарысқа біржолата тапсырыпты.

Жоңғарға қарсы соғысты жеңіспен аяқтау кезеңінде ежелгі түркі даласына қатысты көптеген сауал туды. Оның ең бастысы – жоңғар жойылғаннан кейінгі оның жеріне кімнің қожалық ету мәселесі. Сол кездегі Чиң империясы ең әуелі өз ұпайын түгендеуге тырысты. Ал орыстар болса қазақтардың шығысқа бет алуы ондағы мұсылман халықтарымен бірігіп, күндердің күнінде оңтүстік шекарамызға қатер тудыруы мүмкін деп ойлады. Мұндағы екі елдің уайымы сол ежелгі түркі жұртындағы тайпалардың бас біріктіруі еді. Осындай сын сағаттарда Абылай хан алпауыт көршілерінің тамырын дөп басып, өз саясатын жүзеге асыруға кірісті. Екі жақпен тең мәмілеге келіп, олар ойлағаннан бөлек жол тапты. Сөйтіп ежелгі мекенге елді қоныстандырып, қазақ көшін шығысқа еппен жылжыту үрдісі Абылайдың қасындағы ақылына күші сай ержүрек батырлары арқылы іске аса бастады. Сөзге уәлі, іске әділ батырларынан елшілік топ құрып, көршілермен келісімге келуге жіберді. Сол салқар топтың арасында Жолбарыс батыр да болған. Ол ел арасындағы қатынаста ұтымды дипломатиялық жосынды ұстануға күш салды.

Бабамыздың әулиелік қасиеті хақында әңгімелер өте көп. Жаңадан би атанған тұсында ауылына Сәти деген баукеспе жандайшаптарын ертіп, өрістегі жылқысын айдап әкетеді. Ар­тынша ауыл жігіттері атқа қонып, алы­сып жүріп, ұрыны қолға түсіреді. Әйтсе де қулығымен аты шыққан Сәти бет бақтырмайды. «Жоқ іздеп жүріп, жолығып қалдым. Ұрыларға қатысым жоқ. Ұрлаған – Керала», деп мәселені ушықтырады. Әбден амалы таусылған ауыл адамдары ұрыны Жолбарыс бидің алдына апарады. Айлакердің құрығы ұзын екенін байқаған бабамыз: «Шеңгелдің шыбығын кес», деп бұйырады. «Мұнда тұрған не бар дейсің» деп ойлаған Сәти шыбықты сындырғанда, қан тәрізді қоймалжың зат бұрқ ете қалады.

– Сен қарау екенсің! Мынаны ауылына апарып, айтқан ұрысымен беттестіріндер. Алла есебін сол жерде береді, – дейді Жол­барыс әулие түнеріп.

Жылқысы айдауда кеткен Жолымбет жолға шығады. Жанында  –  Сәти. Сұрастыра келіп, матай елінің мақтанышы болып жүрген аузы дуалы, сөзі уәлі бір бидің үйіне түседі. Төскейде малдары, төсекте бастары қосылған іргелес екі елдің телағалары теріс кетпейді. Баукеспені Кераламен беттестіріп, кінәсін мо­йындатады. Сол мезетте Сәтидің жаны көк шыбын болып ұшып шықса керек, бірден қор ете қалады. Бұдан кейін «Жолбарыстың шыбығын қию» дәстүрі күллі үйсін-найманға таралып, әулиенің алдын ешкім кеспейді.

Осы ойлы оқиғадан кейін Жолбарыс батырдың әулиелігі барша қазаққа айқындалып, денесі зор, келбеті сұсты, отты көз, өткір жүзді бидің алдына ешкім жүрегі дауалап бара бермеген деседі. Ол кісінің аты аталып, «Жүр, алдына!» деген жерден дау бітіп, екі тарап жөн-жөндеріне тарқасатын болған. Ал Жолбарыстың шыбығын кесушілер: «Жас жаныңа пышақ ұрайын демеп едім, жаладан жаным күйіп барады. Менде жазық жоқ, жалақордың жөнін тап!» деп мінәжат етеді екен.

Бабамыздың ғибратты ғұмырында ойлы оқиғалар өте көп. Әз-Тәуке заманынан бері иісі қазақ «құдайы қонақпыз» деген жолаушыларды әрдайым құшақ жая қарсы алып, құдаларындай күтетін болған ғой. Егер олай жасамаса ауыл иелеріне айып тағылып, көпшіліктің көзінше әшкерелеп отырған.

Бірде Жолбарыс батыр бір топ нөкерімен жортып келе жатып, қоныс аударып жатқан ауылдың үстінен шығады. Нөкер болған соң, оның ішінде де небір тұзы жеңілдері болады емес пе, жеңілтектеу біреуі:

– Қонақпыз! – деп қоқаң етеді. Сонда жаңа көтерілген шаңыраққа уық шаншып жатқан екіқабат жас келіншек:

– Жәкелер-ау, көріп тұрған жоқсыздар ма, қонақ күтерліктей жайымыз қайсы? – дейді налып.

Салт-дәстүрге сыйыспайтын қылық танытып, жақтырмай сөйлеп тұрған келіншекке табан астында жазалы сөз айтпаққа ыңғайлана берген жігіттерді Жолбарыс батыр ишарамен тыйып тастайды.

– Жанағы сөзді әйел айтып тұрға­нымен, айтқызған ішіндегі Балпық деген би ғой, – деп бетін бір сипап, алға қарай жөнеле берген екен.

Мұндай оқиғалар жиі қайталанған соң, қараша батырдың әулиелігіне шүбә келтірмейді. Десе де Ескелді би мен Балпық би Жолбарыс батырдың әулиелік қасиетін сынап көрмек болады. Сөйтіп жүргенде Андас елінің дүниеден өткен бір жақсысының асы хабарланады. Діттеген ойларын сол асқа баратын сапарлары үстінде жүзеге асыруға ынтыққан елдің сыйлы екі ағасы біраз жайттар бойынша уағдаласып алады. Асқа барғанда:

– Алдымен үйге мен кірейін, сендердің ойларынды ұғып отырмын, – дейді Жолбарыс батыр ойларын сезіп.

Екі би таңырқап қалады. Үй иесі дастар­­қанға төрлетіңіздер, деп бәйек қағады. Амал тауып, аз-кем уақыт есік алдын­да кідірістеген екеуі «Біссіміллә» деп табалдырықтан аттай бер­генде, алда­рындағы гүр ете түскен алып­тығы атан түйедей үлкен, ақжал арыстанды кө­реді.

Қапелімде қалт тұра қалған Балпық би:

– Жөке, айбатыңыз арыстан болса, ақы­лыңыз көл-дария емес пе еді, артымызда адамдар келеді. Жаныңызға шақырсаңызшы, мына ке­ре­метіңізді, – деп жедел тіл қатады.

Жол­барыстың да шарапат шалған адам екен­дігін сол арада аңғарған Ескелді би де бір жөткірініп, кебісін шеше берген екен. Сол сәтте алдарындағы арыстан маң-маң басып, Жол­барыстың ту сыртына өтіп кетіпті. Ел арасында «егіз би» атанып жүрген екі арыс сол күннен бастап Жолбарыс батырдың әулиелігін мойындап, оның екі жағынан орын алатын болыпты.

Жолбарыс баба – адамзаттың ең асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, әділдіктің ақ туын жоғары ұстаған жан. Оның есімі сондықтан да IV ғасырдан бері елдің есінен шықпай, алтындай ардақталып келеді. Көпті көріпкел, әулиелігімен сүйіндірген баһадүр бабамыздың ел біле бермейтін ерекше қасиеттері болған. Ақ найзасын үйдің ішінен сыртына қарай туырлықты тестіріп, шаншып қояды екен. Онысы бірінші – атқа мініп, тұра шапқандай болса, іліп әкетуге оңтайлы, екіншіден – ел тыныш кездердің өзінде ағайынға көрсеткен айбыны болса керек. Ол ол ма, атқа қонып, ақ найзасын қолына алса, кесе-көлденең ұстап, жортып отырады. «Онысы – жау іздеп келе жатқаным жоқ, төңірегіме тыныштық тілеп келемін» дегенінің ишарасы екен деседі ескі көздер. Неге екенін кім білсін, жай уақыттарда жағасымен бетін көлегейлеп, адамдарға көз қырымен ғана қарайтын болыпты. Көбіне-көп ақ тайлақтың түбітінен тоқылған бешпент киіп, төбенің басында құмалақ ашқанды ұнатқан. Жылдың төрт маусымындағы ел­дің көші-қонын өзі ғана белгілеп отырған. Жарық­тық, «Дулат аттың түгіндей, жалайыр ат­тың төбеліндей» деген сөзді үнемі аузынан тас­тамаған.

Балпық би жас кезінде Жолбарыс баба­мызға келіп, жетелеп келген көк дөненін көлденең тартып, бата сұрапты. Сонда бабамыз бір қырындай отырып, бар болғаны: – Еліне елеулі, БАҚЫТ болсын! Әумин! – деп батасын келте қайырыпты. Жанындағы жолсеріктері ауылдан ұзай бере:

– Ағамыз сені баласынды-ау осы. Батасын тым қысқа берді ғой, – деп тиісіп қоймапты. Сонда Балпық би: Байыбына бара алмаған екенсіңдер-ау, ағамыз әрбір дыбысқа екпін түсіріп, мән беріп айтты емес пе?

Б – береке, бірлігің мықты болсын,

А – ақыл мен абыройың артсын,

Қ – қыдыр қонып, қасиет дарысын,

Ы – ырысың мол, ынтымағың зор болсын,

Т – татулыққа әрдайым мұрындық бол! – дегенді аңғартпай ма, достарым-ау. Бұл әрі бата, әрі өсиет сөз ғой! – деп аға ықыласын тарқатып беріпті.

«Аруақты сыйлаған ел азбайды» дейді дана халқымыз. Биыл батыр бабамыздың туғанына 350 жыл толып отыр. Соған орай Жолбарыс қоғамдық қоры құрылып, айтулы дипломат, батыр һәм әулие бабамыздың ұрпақтары жан-жақтан қолдау көрсетіп, батыр есімін ел санасында қайта жаңғыртуда.

Дархан бабамыз – тек батырлығымен ғана емес, қазақ халқының жер бетінде сақталып қалуына зор үлес қосып, ішкі-сыртқы саясатта халық есесін жібермеуге күш салған қайраткер. Жаудың беті қай­тып, ел ішінде бейбітшілік орнаған кезде де халқы үшін аянбай күресе отыра, қазақтың тілін, дінін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға еңбек етті. Осылайша есімі ұранға, ерлігі азаттық жолындағы символға айналды. Оның азаматтық келбеті, қаһармандық жолы ұрпақ жадында мәңгі орнығып,  тәуелсіздік жолындағы күресі мен ұлы істері болашаққа аманат болып қалмақ. Біз аңсаған «Мәңгілік ел» идеясы өздігінен орнықпайды, ол ұрпақ қамын ойлаған Жолбарыс батыр сынды жаужүрек мыңдаған батырдың ел үшін төккен тері мен қаны, қажымас-қайрат қасиетінен тумақ. Осыны ұмытпайық. Баба рухы жебеп жүрсін!

 

Омархан Өксікбаев,

Мемлекет және қоғам қайраткері