Үкімет • 19 Мамыр, 2021

Қыстың қамын жаз ойла

378 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды.

Қыстың қамын жаз ойла

Соңғы екі аптада
20%-ға төмендеді

Бірінші қаралған мәселе – қазіргі жағдай мен халықты вакциналау барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой әлемде COVID-19 бойынша сыр­қат­танушылық пен өлім жағдайы әлі де күрделі екенін атап өтті. Бүгінде әлемде КВИ-дің 163 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 500 мыңнан астам жағ­дай тіркелуде. 3,3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші 2,1% құрады. «221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 105-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 106-орында», деп нақтылады А.Цой.

Денсаулық сақтау министрлігінің де­ректері бойынша Қазақстанда 18 ма­мыр­дағы жағдай бойынша CОVID-19 оң нәтижесімен 362 030 науқас және КВИ-мен 54 153 жағдай тіркелді. Қазақстан Рес­публикасы «сары аймақта» қалып отыр.

Ел өңірлері бойынша жағдай мынадай: «қызыл аймақта» 6 өңір бар: Нұр-Сұлтан, Ал­маты қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмо­ла, Қарағанды және Атырау облыс­тары. «Сары аймақта» 5 өңір: Ақтөбе, Ал­маты, Павлодар, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы. Қалған 6 өңір «жасыл аймақта».

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта аурудың төмендеуінің оң динамикасы және эпидемиялық жағдайдың бір­тін­деп тұрақтануы байқалады. Мәселен, соң­ғы 2 аптада алдыңғы екі аптамен са­лыстырғанда ауруды жұқтыру көрсеткіші 20%-ға төмендеді. Күн сайын төсектік-орындардың толымдылығына жүргізілген мониторингке сәйкес, өңірлер бөлінісінде ағымдағы жылғы 18 мамырдағы жағдай бойынша республикада инфекциялық төсектік-орындардың бос болмауы – 36%, реанимациялық төсектік-орындардың бос болмауы 28%-ды құрайды.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, 10 мамырдағы жағдай бойынша емделіп жатқан 41 мың науқас санының 18 ма­мыр­дағы жағдай бойынша 38 мың адам­ға дейін азаюы байқалды, оның ішінде стационарда емделіп жатқан науқастар саны 15 мыңнан 13 800 науқасқа дейін, амбулаторлық емделудегілер 26 мыңнан 24 300 науқасқа дейін азайды.

Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. «Бүгінде вакцинаның 2,6 млн дозасы пайдаланылды, оның бірінші компоненті бойынша 1 871 823 адам егілді. Вакцинаның екінші компонентімен 778 346 адам қамтылды», деді А.Цой.

Бұл ретте бас мемлекеттік сани­та­р­лық дәрігердің қаулысына бірінші дозаны алғаннан кейін екінші компонентпен 21 күннен 90 күнге дейінгі кезеңде вакциналауға жол беретін өзгерістер енгізілді. Осылайша, азаматтар екінші дозаны бірінші дозаны алғаннан кейін 21 күннен бастап ала алады. «Бүгінгі таңда егу пункттерінде вакцинаның жеткілікті мөлшері бар. Атап айтқанда, бірінші компоненттің шамамен 500 мыңы және екінші компоненттің 750 мыңы бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылуда», деді министр.

14 мамырда Қарағанды фармацевтика кешеніне Спутник V-ті өндіруге арналған субстанция келіп түсті, қазіргі уақытта вакцинаның 1 млн 200 мың дозасын кезең-кезеңмен өндіру жүзеге асырылуда. Сондай-ақ осы айдың соңына дейін QazVac қазақстандық вакцинасы мен БАӘ-де өндірілген Хаят Вак вакцинасын жеткізу күтілуде. Санитарлық-эпидемиологиялық режім талаптарының сақталуы бойынша жағдай да Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. «Кәсіпкерлік объектілерінің қызметі мен эпидемиялық жағдай арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында 18 қаң­тардан бастап қанатқақты режімде As­hyq жобасы іске қосылды, ол 26 сәуірден бастап бүкіл елде қолданыла бастады», деді А.Цой.

Бүгінгі таңда Ashyq жүйесі барлық қызмет саласындағы 6 мыңға жуық нысанды қамтиды, 1 млн 400 мың пайдаланушы тіркелген. Сонымен қатар Ashyq қосымшасы енгізілген сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 3 256 келуші анықталды, оның ішінде 1 867 ПТР тестінің оң нәтижесі бар науқастар және 1 389 ауруды жұқтырғандармен байланыста болған адамдар. 12 мамырдан бастап пилоттық режімде Нұр-Сұлтан қаласының және 21 мамырдан бастап Алматы қаласының әуежайларында Ashyq қосымшасы пайдаланылуда, бұл ПТР тестінің оң нәтижесі бар 37 науқасты және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 37 адамды анықтауға мүмкіндік берді. Статистика көрсеткендей, өкінішке қарай, кейбір азаматтар үйде оқшаулау режімін сақтамайды, халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде жол жүруге тырысады. Осылайша  басқа келушілер мен ұшақтағы жолаушы­лар үшін ауруды жұқтыру қаупін туды­ра­ды. «Бағдарламаны енгізу және ке­ңінен қолдану үшін тарату жұмыстары жал­ғасуда», деп түйіндеді А.Цой.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Ма­мин қорытындылады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда COVID-19 ауруы бойынша ахуалдың жақсару серпіні бай­қалады. Вирустың репродуктивті ин­дексі 0,98 құрайды. Аурухана төсектері 36%, реанимациялық төсектік орындар 28%-ға толы. 6 өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінде Қазақстанда вакцинаның бі­рінші компоненті 1,9 млн жуық адамға, екінші компоненті шамамен 800 мың адамға егілді. Қоймалар мен медициналық мекемелерде вакциналардың жеткілікті көлемі бар. Вакциналау кесте бойынша жүргізілуде. «Өңірлерде вакциналауды арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Әкімдер мәселені ерекше бақылауда ұстасын. Адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиіс», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне вакциналау арасындағы аралықты нақты анықтап, халықтың сұрауы мен қалауына назар аударуды тапсырды. Премьер-Министр шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Ashyq қосымшасын пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның нәтижесінде қызмет көрсету саласындағы бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды, оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану салаларын одан әрі де кеңейту қажет», деді А.Мамин.

 

Жылыту маусымы тұрақты режімде өтті

Үкімет отырысында жылыту мау­сымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Нұр­лан Ноғаев, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев­тың айтуынша, Қазақстанда жылыту мау­сымы тұрақты режімде өтті. «Қысқы ең жоғарғы электр энергиясын өндіру жүк­темесі 2020 жылғы 28 желтоқсанда тірке­ліп, 15 822 МВт құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4%-ға артық», деді Н.Ноғаев.

Өткен жылыту маусымында электр стан­саларында электр энергиясын өнді­руді нөл МВт-қа дейін төмендеткен 36 тоқтату болды, бұл өткен жылғы жы­лыту маусымымен салыстырғанда 14%-ға аз. Энергетика министрі соңғы жыл­дары табиғат құбылыстарының (яғни қатты жел, көктайғақ және қат­ты атмосфералық жауын-шашын) сал­да­рынан Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр беру желілері темірбетон тіректерінің зақым­дану жағдайлары жиілеп кеткенін атап өтті. Осыған байланысты, электр желі­лерінің қолайсыз табиғи-климаттық әсерге сенімділігі мен төзімділігін арттыру мақсатында Н.Ноғаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция министрліктеріндегі әріптестеріне электр желілерінің тіректері мен оның конструкциялық элементтерінің сапасына қойылатын қолданыстағы стандарттар мен басқа да нормалардың талаптарын қайта қарау туралы өтініш білдірді.

Жылыту маусымын өткізу кезіндегі проблемалық мәселе – отын үшін елеулі кредиторлық берешек көлемі. Бүгінгі таңда энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 667 млн теңгені құрайды (өткен жылы берешек 7 млрд 481 млн теңгені құрады). Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында жалпы сомасы 1 млрд теңге берешегі бар. Коммуналдық кәсіп­орындардың, көтерме сауда тұтыну­шыларының, энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың Маң­ғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қос­танай, Ақмола, Қызылорда, Павлодар облыстарындағы және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың алдында берешектері бар.

Электр энергиясын өндіру және беру бойынша көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер алдындағы осы берешектер энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың жөндеу жұмыстарын уақтылы орындауына теріс әсер етеді. «Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қызметтер үшін бе­ре­шекті өтеу жөніндегі жұмысты кү­шей­тіп, жандандыру қажет», деді Н.Но­ғаев.

Жылыту маусымының өтуіне жүргі­зілген мониторинг келесі жылыту маусымына дайындық барысында ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңірлерді айқындады.

Батыс Қазақстан облысында нарық субъектілері арасында берешектерді төле­меу және жинақтау бойынша мәселелер бар. Бұл энергия өндіруші ұйымдар тарапынан тұтынылған газ үшін төлеуге де әсер етеді. Тұтынушылардың топтары бойынша электр энергиясына арналған тарифтердің саралануына байланысты кепілдік беруші ретінде әрекет ететін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметті жүзеге асыруы процесінде бірқатар мәселе туындауда. Осындай мәселелердің бірі – кепілдік беретін жеткізушілер мен реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы тариф айырмашылығына байланысты тұтынушы заңды тұлғалардың шағын энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға кетуі.

Қарағанды облысында соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ші жылу электр орталығы қазандықтарының нашар техникалық жағдайына байланысты жиі істен шығуы салдарынан Теміртау қаласының тұрғындарында жылу энергиясының тапшылығы орын алды. 2-ші жылу электр орталығы негіз­гі жабдықтарын жөндеуге бөлінетін қара­жат физикалық тозу мен апаттылық дең­гейін төмендетпеді. 2-ші жылу электр орта­лығының негізгі жабдығының орташа тозу көрсеткіші 77%-ды құрайды. Жылыту маусымында 5 қазандық жұмыс істеп, 1 қазандық резервте болуы тиіс. Электр стансасы жылу қуатының төмендеуі сал­дарынан Теміртау қаласының тұты­ну­шыларына 2 тәулік бойы жылу тапшылығы туындады.

Түркістан облысында «Кентаусервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру және отын сатып алу мәселелері бар. Кентау қаласының 5-ші жылу электр орта­лығында және жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жалпы сомасы
1 млрд 980 млн теңгеге жоспарланған, сон­дай-ақ келесі жылыту маусымын өткі­зу үшін отын сатып алуға 1 млрд 273 млн теңге қажет. Түркістан облысының әкім­дігі «Кентаусервис» мемлекеттік комму­налдық кәсіпорынының келесі жылыту маусымына дайындығы үшін қаржы бөлуді уақтылы қамтамасыз етуі қажет.

Тұтастай алғанда, алдағы жылыту маусымына дайындық ұйымдасқан түрде жүргізілуде. Жүйелік оператор бекіткен Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр стансаларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес биыл 8 энергоблокты, 48 қазандықты және 49 турбинаны жөндеу жоспарланған. Түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 13 турбинада және 15 қазанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 4 қазанда аяқталды.

Мәселені Үкімет басшысы қоры­тындылады. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдардың жылыту кезеңі штаттық режімде өтті. 121 технологиялық бұзу­шылық анықталды. Жылу желілерінің тем­пературалық кестесін сақтамаған 44 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз. Алдағы күз­гі-қысқы кезеңге дайындық аясында елі­мізде 8 энергоблокты, 48 қазандықты, 49 турбинаны, 20 458 шақырым электр бе­ру желісін, 441 жоғары вольтты қосал­қы стансаны жөндеу, сондай-ақ комму­нал­дық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірдің болуын қамтамасыз ету жос­парлануда.

Үкімет басшысы өңірлік әкімдіктерге алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалуды – 1 маусымға дейін ТКШ, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін да­йын­дау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді, 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамта­масыз етуді, 15 қазанға дейін солтүс­тік және шығыс өңірлердегі ауа-райын ескере отырып, барлық инженерлік инфра­құ­ры­лымның, ТКШ, тұрғын үй және денсаулық сақтау саласы объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министр тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін төмендету және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халыққа қажетті көмірді, ЖЭО мен қазандықтарға отынды алдын ала қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ ел тұрғындарына көмірді сату мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, отынның, әсіресе, халық үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет», деді А.Мамин.

Энергетика, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрліктеріне алдағы жылыту маусымына дайындық барысына пәрменді бақылау мен мониторингті қамтамасыз ету тапсырылды.