Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Түркістан судан таршылық көрмей ме?

320 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Ағын судың арамы жоқ» деп арықтағы судан шөлін қандыратынын айтатын ауылдағы аға буынның сөзіне қаланың баласы сене қоймас. Ауылдарда өзгеріс көп, ауыз суыңыз құбыр арқылы әр аулаға дейін жеткізілген. Яғни ауылға жиі баратын қаланың баласы арықтағы ағын суды ішуді жабайылыққа балар. Онымен тұрмай, қала тұрғындарының көпшілігі пәтерге кіргізілген құбыр суын «аквафор» сүзгісі арқылы тазартып барып тұтынады. Сол қалада ауыз сусыз отырғандар да бар.

Түркістан судан  таршылық көрмей ме?

Қала ауыз сумен толық қамтылмаған

Иә, айтайын дегеніміз ауыл мен қаладағы ауыз судың сапасы емес, қала тұрғындарының қамтылуы жөнінде еді. Мысалы, облыс орталығы Түркістанда тұрғындардың 98,9%-ы орта­лық­тандырылған ауыз сумен қамтылған. Қаланы толық қамту мақсатында 9 нысанның құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Былтыр 5 нысанға бюджеттен 12,5 млрд теңге бөлініп, үшеуінің құрылысы аяқталған. Биыл 3 нысанның құрылысын бастауға Ұлттық қор есебінен 801 млн теңге бөлінді. Тоғыз нысанның құрылысы іске асқан жағдайда қала 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатын болады. Бұл орайда бүгінде су қоймалары мен су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Б.Майлин көшесіндегі наурыз айында бас­талған жаңа суқойманың құры­лысы жыл соңына дейін аяқ­талады деп күтілуде.

Одан өзге, биыл наурызда Мақтазауыт аумағы, I және II, «Шавгар» ша­ғын аудандарында, сондай-ақ ор­талық су қоймасына екі дана қо­сымша сыйымдылығы 5 мың текше метр резервуар салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқ­талса, 6 мыңға жуық абонент таза ауыз сумен қам­тылады. Түр­кістан қаласы «Түркістан-Су» МКК пайдаланысындағы 1500 және 3 мың текше метр қуатты суқоймалары арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілуде.

 «Әкімшілік іскерлік орталығы» мен «Яссы» шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер және мемлекеттік мекеме ғимараттарын үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында 2 су қоймасын маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Түркістан-Су» МКК мәліметінше, «Мырғалымсай» су көзінен Еңбекші Дихан ауылындағы суқоймаларына дейін су құбыры тартылған. Дегенмен қа­ла­ның кей бөліктерінде ауыз судың сапасы нашар. Мысалы, С.Қожанов көшесінің тұрғындары құбырлардың ескіруінен судың лай болып келетінін айтуда. Көпшілік су тазартқыш сүзгіні қолданады. Шұғыла шағын ауданының тұрғындары да судың жоғары қабаттарға көтерілуі баяу екенін айтуда. Бұл орайда, қала басшылығы ескіріп, тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңа, заманауи талапқа сай полиэтилен құбырға ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен жұмыстарды бастау үшін қаржы бөлінгенін айтуда.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Абдикадиров берген деректерге қарағанда, Арыс қаласы тұрғындары ауыз сумен толық, ал қалаға қарасты елді мекендер 75%-ға қамтылған. Сегіз елді мекен (25%) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Солардың бірі – Орманды елді мекенінде құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, пайдалануға берілмек. Оған биыл Ұлттық қор есебінен 28,4 млн теңге бөлінді. Ал Ақын Жақып, Тақыркөл, Жосалы, Тоғайлы, Тоғансай, Бұлақ, Дарбаза елді мекендерінде іздеу-барлау жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленген. Жер асты су қорын бекітіп, нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылыс жұмыс­та­рын жүргізу қажет. Былтыр Арыс қала­сында 2 нысанның құрылысына об­лыстық бюджеттен 155,2 млн теңге бөлініп, 2 елді мекендегі халық ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қала әкімдігі тарапынан 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына сараптаманың оң қорытындысы алынған. Алайда Шағыр ауылы тұрғындары былтырғы қазан айынан бері ауыз суға жарымай отырғанын айтуда. «Өткен жылғы қазан айынан бері ауыз су біз үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Жауапты қызметкерлер бұл мәселеден хабардар. Күншығыс Шағырда су бүгінде шылжырап жәй ағады. Темір жолдың астынан өтетін құбыр жарылған деген себеп те айтылуда. Ал Күнбатыс Шағырда, яғни суды ашатын жерде бар», дейді елді мекен тұрғыны Ғабит Сатымбекұлы. Арыс қаласында 3 су беруші мекеме бар. Соның бірі «Ақаба сервис» ЖШС-ы осы Шағырды ауыз сумен қамтуға жауапты мекеме. Серіктестік директоры Еркін Сарбасовтың айтуынша, 3-4 ұңғыма тазалауды қажет етеді. «Биыл су деңгейі 10-15 метрге дейін төмендеп кетті. Яғни бұл сусорғыларға қосымша салмақ түсіруде. Шағыр елді мекеніне жаңа ұңғыма биыл пайдалануға беріледі, қаржы бөлінген. Қазір Шағырға 4-5 шақырым қашықтықтағы қойшы ауылда кеңестік дәуірден қалған ұңғыма бар. Су деңгейі төмендегендіктен сусорғылар жиі істен шығуда. Дегенмен оны дер кезінде ауыстырып 2-3 мезгіл ауыз су берілуде. Осы айдың аяғына дейін ұңғымалар тазалануы тиіс. Егер бұл жұмыстар ма­мыр­ға қалса су тапшылығы болады. Сондықтан біз барлық жайтты саралап, есептеп әкімдікке ұсыныс бергенбіз. Жергілікті мәслихат сессиясында қолдау тауып, қаржы мәселесі шешілсе елді мекен тұрғындарының ауыз су проблемасы шешімін табады», дейді Еркін Сарбасов.

Ал өңірдегі шағын қалалардың бірі Кентауда тұрғындар орталық­тан­ды­рыл­ған ауыз сумен толық қамтылған. Қалаға қарасты елді мекендердің қам­тылуы – 90,5%. Төрт елді мекен орта­лықтандырылған ауыз сумен қамта­масыз етілмеген, яғни құдық суын тұтынуда. Бұл орайда Ойық елді мекені бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленген, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нақтылануына ұсынылған. Қаратөбе, Егізқара, 32-разъезд бойынша іздеу-барлау жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірлеп, жер асты су қорын бекітіп құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар биыл Аша елді мекеніндегі нысанның құрылысына Ұлттық қор есебінен 350 млн теңге бөлінді. Аталған нысанның құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Кентау қаласының тұтынушыларын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Мырғалымсай су аңғарынан сағатына 1200 текше метр су шығарылады. Байылдыр су аңғарында сағатына 210 текше метр су шығаратын 4 ЭВЦ-12 сорғылары орнатылған. Ащысай ауыл округі әкімі Ғалымжан Андосовтың айтуынша, бүгінде ауыз су 6 сағаттан екі рет берілуде. Бұлақтан қосымша су тарту, 5 шақырым құбыр қосу, тәулік бойы беру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетелік, облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 54 нысанның құрылысына 18,3 млрд теңге қаралып, 28 нысан пайдалануға тапсырылған. Нәтижесінде 19 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, бес елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды, халықты ауыз сумен қамту деңгейі 92,1%-ды құрады. Биыл тағы 49 нысанның құрылысы жүруде. Басым бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Яғни жыл соңына дейін 20 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, 14 елді мекеннің су құбырлары қайта жаңартылатын болады. Нәтижесінде, халықтың 93,3% немесе 710 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

 

Түркістан облысы