Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Теңізшевройл – ең тартымды жұмыс беруші

1120 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біздің елдің мұнай-газ саласындағы ең үздік компаниялардың көшін бастап тұрған «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстандағы ең тартымды жұмыс беруші деп танылды. Бұл – Randstad Employer Brand Research зерттеуінің нәтижесі. Компания мұндай мәртебеге екінші жыл қатарынан ие болып отыр.

Теңізшевройл – ең тартымды жұмыс беруші

Аталған зерттеу әлемнің 34 елінде жүргізіледі және ең тартымды салалар мен жұмыс берушілерді анықтайды. Бұл жолы Теңізшевройлдан бөлек, мұнай-газ саласындағы үздік үш компания­ның қатарына «ҚазМұнайГаз» бен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» енген екен.

«Теңізшевройл» ЖШС-ның адами ресурстарды басқару жөніндегі бас менеджері Камшат Байжанованың айтуынша, компания осы жетістігі арқылы бәсекелестік бәсі жоғары еңбек нарығындағы теңдесіз бренд екенін мойындатты.

– Үздіктер көшін бастау ерекше жауапкершілік жүктейді. Сондықтан біз адами капиталды дамытуға мейлін­ше ден қоямыз. Біз қызметкерлер­­ді дамытуға, қауіпсіз жұмыс ортасын құруға және салауатты корпоратив­ті мәдениетті сақтауға инвестиция саламыз. Өйткені Теңізшевройл қызметкерлері – компанияның алға қойған мақсаттарына жетуге жол ашатын ең құнды капитал әрі қозғаушы күш. Адами капиталды инвестициялау – Теңізшевройлдың стратегиялық мақсаттарының бірі, – дейді Камшат Байжанова.

Еске сала кетейік, Randstad Employer Brand Research – жұмыс берушілердің брендін зерттеуге арналған халықара­лық сауалнама. Жылына бір мәрте Randstad тапсырысымен жүргізіледі. Оны жүргізу Kantar тәуелсіз зерттеу компаниясына жүктелген. Осылайша, әрбір ел бойынша жұмыс берушіні таңдау­дың негізгі өлшемшарттар рейтингі жасалады. Бұдан бөлек, жұмыс үшін салалардың тартымдылық рейтингі түзіледі. Сонымен қатар жұмысшылар саны бойынша республикадағы ең ірі жұмыс берушілердің тартымдылық рейтингі анықталады.

Randstad Employer Brand Research әлемдегі жан-жақты, тәуелсіз әрі терең зерттейтін берушілерге арналған са­уалнама болып саналады. Онда 18-ден 65 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті адамдардың пікірі ескеріледі.

Зерттеуге сәйкес, сауалнамаға жауап берген «Теңізшевройл» ЖШС  қызметкерлері жақсы жұмыс берушінің келесідей маңызды өлшем­шарт­тарына басымдық беріпті. Мәселен, сауал­намаға қатысқандардың 79 пайызы компаниядағы жалақының жақсы екенін алға тартса, 72 пайызы компанияның қар­жылық тұрақтылығын бөле-жара атап өткен. Жауап берушілердің 67 па­йы­зы мансаптық тұрғыдан өсу­ге мүм­кіндік бар десе, 61 пайызы Теңізшевройлда қалыптасқан жақсы жұ­мыс атмосферасына назар аударған.

– COVID-19 пандемиясы кезінде қауіпсіз жұмыс ортасын құру топтардың барлығы үшін жұмыс берушілерді таңдаудағы маңызы төмен өлшемшарт болып шықты – 32 пайыз. Ал мансаптық тұрғыдан жоғары білімді қызметкерлер үшін маңызды өлшемшарт болып табылады, – дейді ANCOR Central Asia кадрлық холдингінің бас директоры Валерия Петрунина.

Расында да, компания ұжымдағы еңбек және өндірістік қатынастарды реттеу, жалпы еңбекақы төлеудің тиімді жүйе­сін құру, қызметкерлерді дамы­туға мүмкіндіктер беру әрі олардың әлеуе­тін ашуға көмектесетін оқыту, дамы­ту бағдарламалары арқылы қыз­мет­­керлерді әлеуметтік қорғаумен қам­та­масыз етуге ерекше басымдық бере­ді. Сонымен қатар әртүрлі тағылым­дамалар, кадрлық резервті жоспарлау, әлеуметтік бағдарламалардың кеңе­йтілген пакетін, корпоративті мәде­ниетті сақтауға бағытталған жеңілдік­­тер мен бастамалар ұсынады. Қызметкер­лер­дің компанияның құндылықтары мен стра­тегиясына адал болуына назар аударады.

2020 жылдың соңында Теңіз­шевройл­дың негізгі өндірісіндегі штат­­тық қыз­меткерлердің үлесі 92 па­йыз­ды құрады. Ал компанияның негі­згі өндірісіндегі қазақстандық ме­нед­­жер­лердің үлесі жалпы басшы­лар тобының 85 пайызына тең. Теңіз­шев­ройлдың 29 қызметкері «Шеврон» корпорациясының әртүрлі бөлім­ше­леріне тағайындалған. Жал­пы, ком­панияда 25 ұлттың өкілдері жұ­мыс істейді. Медициналық сақтан­дыру бағ­дарламасы бойынша компания қыз­меткерлері мен отбасы мүше­лері­нің 11 404-і сақтандырылған. Теңіз­шевройл 2008 жылдан бастап өз қыз­меткерлерін оқыту бағдарла­маларына 81 млн АҚШ долларынан астам инвес­тиция жұмсаған. Компа­ниядағы адами капиталға қаншалықты мән берілетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Атап өтерлігі, Теңізшевройлда жұмыс істеу процесі озық техноло­гия­ларға сәйкес келеді және жұмысқа қабылдану ашық түрде жүргізіледі. Компанияның сайтында бос жұмыс орындары туралы ақпарат жарияланады. Осылайша, аталған ресурс арқылы әлеуетті кандидаттардың барлығы тиіс­ті ақпаратқа қол жеткізе алады.

Компания тек тәжірибелі мамандарға ғана назар аудармай, сонымен қатар компанияның қажеттіліктеріне қарай жоғары оқу орындарының талантты да талапты түлектеріне де мүмкіндік береді. Түптеп келгенде осының бәрі компанияның ел ішіндегі сенімін, беделін арттыра түседі.

Компанияның қызметкерлер ал­дын­дағы әлеуметтік жауапкершілігі ұжым­дық шартта көрсетілген. Шартқа қол қою тәжірибесі 1996 жылдан бері қол­данылып келеді. Бұл көптеген мәсе­лелерді әрі қызметкерлердің пікірін ескеруге талқылауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Теңізшевройл – шикі мұнай, газ және күкірт өндіру­мен әрі өткізумен айналысатын қазақ­стандық компания. Мұндағы жұмыстар­дың барлығы қауіпсіздік техникасы мен қор­шаған ортаны қорғаудың халық­ара­лық талаптарға сай жүргізілуде. «Теңіз­шев­ройл» ЖШС 1993 жылы Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды.

Теңізшевройлдың қазіргі уақыт­тағы негізгі серіктестерінің қатарында «Шеврон» корпорациясы (50 пайыз), «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (20 пайыз), «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» (25 пайыз) және «ЛукАрко» (5 пайыз) бар.