Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Адам шығынын болдырмау маңызды

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жазғы шомылу маусымында жағажайларда қайғылы оқиғалар жиі болып тұрады. Әсіресе соңғы кезде балалар судың құрбандығына айналуда. Бұған, әрине, балалардың қараусыз қалуы, болмаса балаларымен су айдындарына барған ересектердің ішімдік ішуі сияқты түрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Десе де тілсіз жаудан барынша сақтанып, суға шомылу кезінде де қауіпсіздік ережелерін мейлінше естен шығармаған дұрыс.

Адам шығынын болдырмау маңызды

Қазіргі кезде Жамбыл облы­сында жүзден астам өзен және Ақкөл, Билікөл көлдері мен Балқаш көлінің бір бөлігі орна­ласқан. Сондай-ақ ірі Тас­өткел, Теріс-Ащыбұлақ, Ын­талы, Қарақоңыз, Қақпатас су қой­малары мен 112 тоған тағы бар. Атал­ған су арналарының бәрі де өңір­дің әрбір ауданы мен ауыл­дарына жақын. Ал қай кезде де тілсіз жаудың түбі тұңғиық, тереңі құрдым екені белгілі. Бірақ демалыс үшін, көңіл көтеру мақсатында, сергу әдетімен суға түсудің соңы көп жағдайда адам өліміне әкеліп соғып жатады. Мә­селен, өткен жылы суға кету оқиғасы Байзақ ауданында көп тіркелген. Ең өкініштісі, суға бату бойынша аталған ауданда бақилық болғандардың көбі балалар екен. Байзақ ауданында өткен жылы 3 адам суға кету салдарынан қайтыс болса, оның ішінде 2 бала бар. Мұндай жағдай Тараз қаласы мен Шу, Жамбыл, Мойынқұм, Жуалы, Меркі, Т.Рыс­құлов және Сарысу ауданда­рында да орын алған. Аталған аудандарда да екіден-үштен балалар суға кетіп, қаза болған. Тек Қордай және Талас аудандарында мұндай оқыс оқиға тіркелмеген. «Өткен жылы облыстың су айдындарында 16 суға бату оқиғасы болып, соның салдарынан 17 адам көз жұмған. Оның ішінде 9 бала бар. Осы орайда өткен жылы тиісті жұмыстар атқарылып, нәти­жесінде суға кету 6 оқиғаға, қайтыс болған адамдар саны 8-ге төмендеді. Ал қаза болған балалар саны төртеуге кеміді», дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариев. Мұндай қайғылы оқи­ғаның алдын алу әуелі әрбір адам­ның өзіне байланысты. Қауіп­сіздік шараларын барынша сақ­тап суға түсуге рұқсат етілген. Дейтұрғанмен, бұл мақсатта тиіс­ті сала өкілдері жұмыстар жүр­гізіліп жатқанын айтады. Нәтижесінде, жыл басталғалы бері төрт ай ішінде облыстағы су айдындарында төтенше жағдай тіркелмепті. Бұған бір жағынан өңірде қабылданған карантин талаптары да әсер еткен. Бүгінде төтеншеліктердің жазғы маусымға жабдықтары дайын екен. Су қаупінің алдын алуға 17 техника, 12 жүзу құ­ралы ұйымдастырылыпты. Бұдан бөлек, 27 бірлік құтқару жабдығы дайындалыпты.

Тілсіз жаудың тағы бір түрі – өрт. Бұл да көктемнің соңын ала, жаз мезгілі жақындағанда тұтануы ықтимал қауіптің бірі. Осыдан бірер жыл бұрын Шу және Мойынқұм даласындағы «Қосқұдық» орман маңынан шыққан өрттің талай алқапты алып кеткені ел есінен шыға қойған жоқ. Бүгінде өңірде өрттің алдын алу жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде? Апаттың айтып келмейтінін ескерсек, бұған да тастүйін дайындық қажет болып тұр. Бұл орайда об­лыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас­тығы Мақсат Әкімбаев облыс аумағының ғарыштық мони­то­рингін жүргізуге өткен жылы облыс бюджетінен 5 миллион 200 мың теңге бөлінгенін айтты. Бұл бастама осы жылы да жалғасын табады. «Биыл үш рет облыстың жалпы көлемі 3,048 миллион гектар болатын мемлекеттік орман қоры аума­ғын «Қазавиаорманқорғау» респуб­ликалық мекемесінің авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жүргізілетін болады. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының авиатехникасымен өңірдегі өртке қауіпті учаскелерді аралап шығу, олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүр­гізу үшін облыс әкімдігі ар­қылы ағымдағы жылы 47 миллион 500 мың теңге бөлініп, 48 ұшу сағаты белгіленді. Сондай-ақ мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 217 миллион теңге бөлінді», дейді ол.

Талай адамның өмірін қиған тілсіз жау қай кезде де тұтқиылдан тап беруі мүмкін. Бұл орайда Жамбыл өңірінде қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Қаражат бө­лініп, жұмыс күші де жолға қойылған.