Спорт • 19 Мамыр, 2021

Асхат жаяу жолға шықты

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде түрлі жобаларға мұрын­дық болып, әлеуметтік желілерде танымал бола бастаған Асхат Қажытай есімді қарағандылық азамат тағы бір қызғылықты іске бастамашы болды. Ол «Жаяу» деп аталған танымдық туризм жобасын қолға алып, Қарағанды қаласынан Ақтоғай ауданындағы Қызыларай ауылына жаяулатып жолға шықты.

Асхат жаяу жолға шықты

Айта кету керек, облыс орталығы мен аталған ауданның, нақтырақ айтқанда, саяхатшы діттеген Ақсораң тауының арақашықтығы 333 шақырымды құрайды.

– Жоба бес бағыттан тұрады. Оның біріншісі – Қарағанды-Қызыларай маршруты. Бұл сапар 24 мамырда Ақсораң тауының шыңына көтеріліп, ту тігумен аяқталады. Келесі бағыт – Қарағанды-Ұлытау. Сәтін салса, жаяу марафон күзде Түркістанда аяқталуы тиіс. Менің жобамның негізгі мақсаты – біздің елдің тарихи және мәдени құндылықтарын паш ету. Жолда кездескен әр ауылдың өткені мен бүгіні туралы айтып, қызықты адамдардың портреттерін жасағым келеді. Соңғы уақытта танымал болып келе жатқан эко және этнотуризмге баса назар аударамын. Бір күнде 56-60 шақырымнан жүріп өтіп, жеті күн ішінде Қызыларайға жетемін деп ойлаймын, – дейді Асхат Қажытай.

Саяхатшы бұл жобасын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ұлт көсемі Әлихан Бөкей­хан­ның 155 жылдық, Алаш арыстары Жақып Ақбайдың 145 жылдық және Әлімхан Ерме­ковтің 130 жылдық мерейтойларына арнайтынын мәлімдеді.

 

Қарағанды облысы