Қоғам • 19 Мамыр, 2021

«СҚ Фармация» ісі: Адвокаттар Берік Шәріпті үй қамағына ауыстыруды сұрады

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«СҚ Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің адвокаттары соттан  бұлтартпау шарасын үй қамағына өзгертуді сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«СҚ Фармация» ісі: Адвокаттар Берік Шәріпті үй қамағына ауыстыруды сұрады

Елордадағы Есіл аудандық сотында мекеменің экс-басшысы Берік Шәріпке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бұған дейін хабарлағандай, оған ҚР ҚК 361-бабы (лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану), 4-бөлігі, 3-тармағының және 287-баптың (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 2-тармағы бойынша айып тағылып отыр. 

«Кеше 18 мамырда тергеу изоляторының ғимаратына кіруге рұқсат берген хатыңызға сәйкес, адвокаттар барған едік. Алайда, біз өз қорғалушымызбен тілдесе алмадық. Сонымен бірге эпидемиялық ахуал бойынша Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа қайта өткендіктен, Skype платформасы арқылы сөйлесуге уақыт берілді. Мұнда да, бізге берілген уақыттың тығыздығына байланысты қорғалушыммен сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бізге 15 минут берілсе де, ол аздық етеді. Оған қоса, құжаттарды тапсыра алмай, онлайн желіде хабарласуға мәжбүрміз», дейді Б.Шәріп адвокаттарының бірі Бауыржан Бибатыров. 

Осы орайда адвокат елдің Конституциялық нормасына сәйкес әр азамат білікті заң көмегіне жүгінуге құқы бар екенін еске салды.

«Жоғарыда айтылған талап-арыздарды ескере отырып, бұлтартпау шарасын неғұрлым жұмсақ болғанын, әрі үйқамаққа алу туралы өтінішті негізге алуыңызды сұраймын. Ол үй қамауында отырып, үйден шығуға шектеу қойылғанын және басқа да мәселелер бар екенін біледі. Сондай-ақ қорғалушымыз бүгінгі таңда «СҚ Фармация» ЖШС-да жұмыс істемейтіндіктен, соттың тергеу барысына еш араласа алмайтындығын алға тартамыз. Сондықтан бұлтартпау шарасын үй қамағына өзгерту үшін барлық негіз бар деп есептеймін», деді адвокат.

Адвокаттың бұл негіздемесіне басқа да қорғаушылар қосылып, оның куәгерлерге қандай да бір қысым көрсете алмайтындығын баса айтты. Десе де, прокурор мәлімдемесі адвокаттардың пікіріне керағар. Оның айтуынша, 26 сәуірден бастап негізгі сот үдерісі жүріп жатқанын және ешкім байланысқа шағымданбағанын жеткізді.

«Байланыс бірқалыпты болды. Тергеу изоляторларында кездесулерге ешкім тыйым салған жоқ. Сіз Skype арқылы мәселелерді талқылай аласыз. Осыған байланысты өтінішті өзгеріссіз қалдыру керек деп санаймын», деді прокурор.

Судья Қанат Дүйсембиев тараптарды тыңдап болған соң, адвокаттан не себепті қорғалушысымен байланысқа шыға алмағанын қағаз жүзінде түсіндіруді сұрады.

«Құрметті қорғаушы тарап, Б.Шәріпке қатысты алдын алу шараларын өзгерту қазіргі уақытта қарастырылып жатыр. Сот өз шешімін мақұлдап қойды. Дегенмен, сот тек белгілі себептерде ғана, яғни ауырып қалғанда немесе басқа да негізгі себептері болған жағдайда ғана талап-арыздарыңызды қабылдай алады. Ендігі кезекте аталған мәселені тағы қарап, ҚАЖК-ға хат дайындаймын», деді судья.